– Табиғат құбылысы кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Сол себептен су тасқыны қаупінің алдын алу үшін дайындық жүргізуіміз қажет. Қазір Атырау қалалық пен аудандар әкімдіктерінің берген ақпаратына сәйкес су тасқынының ықтимал салдарын жою үшін 22,5 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материалдар, 29 мың 800 қапшық, 17 шатыр, 5 294 кереует, 3 660 төсек-орын жабдығы дайындалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің нысаналы трансферттері арқылы республикалық бюджет есебінен төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін төмендету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Қауіпсіз ел» ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында Жайық өзенінің Махамбет ауданындағы Махамбет және Алға ауылының тұсындағы жағалауын бекіту жұмыстары қолға алынған еді. Алайда Алға ауылында 2021 жылы реперлерді орнату кезінде өзен жағалауының 15-20 метрге ауытқығаны анықталды. Соның салдарынан нығайту жұмыстары тоқтатылды. Жайық өзені арнасының 15-30 метрге өзгеруіне байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілді, – дейді Н.Жаңабаев.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменовтің мәліметінше, Атырау облысында 31 гидротехникалық құрылыс нысаны бар. Гидротехникалық нысандар құрылысы өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған.
– Бұл нысандардың нақты тозу деңгейі 60 пайыздан жоғары екені анықталды. Қазір гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі мен сенімділігі күрт төмендеді. Сондықтан гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз әрі сенімді пайдалану, тұрғындар өмірі мен денсаулығына зиян келтіруін болдырмау мәселесі айрықша өзекті болып отыр, – деп мәлімдеді Т.Сүлейменов.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуына қарағанда, Махамбет ауданындағы Алға ауылының тұсында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізу үшін «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер ретінде таңдалған. Алайда бұл мердігер жұмысты кешеуілдетіп отыр.
– Алға ауылының тұсындағы жағалауды бекітуді жеделдету қажет. Геошпунт қағып үлгермейтін болса, ескі әдіспен алдын алу жұмыстарын жүргізген жөн. Биылдан бастап жағалауда қорғаныш болмай, өзен арнасы 13-14 метрге дейін ауытқыса, ауылға қауіп төнуі мүмкін, – дейді Қ.Нұртаев.
Оның дерегіне сүйенсек, кейінгі жылдары Батыс Қазақстан мен Атырау облысы үшін маңызы ерекше Жайық өзенінде судың аздығы байқалып отыр. Тіпті өзеннің Каспий теңізіне құяр сағасы таязданып барады. Қазір оның тереңдігі 30-40 см деңгейін құрап, жарты метрден аз болған. Ал сағадан шамамен 10 шақырым қашықтықта зерттелген учаскелердегі тереңдік екі метрден асқан.
Осыған байланысты өзен арнасын тереңдету жұмыстары қолға алынған. Бұл ұзақ мерзімді жоба болғандықтан, өзен сағасын үнемі бақылауды қажет етеді.
– Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары таяу күндері дәл координаттар арқылы әрбір нақты нүктеде өлшеу жүргізіп, тереңдіктің деңгейін көрсетіп отырғаны жөн. Бұл сағалық кеңістіктің жай-күйін егжей-тегжейлі зерделеуге қажет болады. Нақты деректер өзеннің теңіз құяр сағасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылады. Көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларды дайындау кезінде ескеріледі, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Атырау облысы