Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Тау-шаңғы базасына келген туристер әдеттегідей аспалы жолдың орындықтарына отырып тауға беттей бергенде болат арқанды айналдырып тұратын роликтен ақау шығып, жүйе тоқтап қалған. Сөйтіп қыстың суығында әуеде 6 адам екі сағатқа жуық тұрып қалады.
Аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Азамат Қожайбердиевтің айтуынша, шаңғы курортына қызмет көрсететін «Вершина» ЖШС-ның қызметкерлері өз күштерімен бір сағаттай әуреленіп жүріп 5 метрлік биіктікте ілініп тұрған 4 адамды түсіріп алған. Қызметкерлер жерден арқан лақтырып, ашық орындықта отырғандар оны арқан жолға бекіткен. Сөйтіп арқан бойымен салбырап түсіпті.
– Қалған 2 адам жерден 20 метр биіктікте, қайың ағаштары таласа өскен тау беткейінде тұрып қалған. Ол жерге техника аттап баса алмайды. Біздің құтқарушыларымыз «Вершина» фирмасының өкілдерімен ақылдаса келе аспалы жолды ұстап тұрған темір бағандарды пайдалануды құп көрді. Желі бойындағы бағандардың арақашықтығы шамамен 30-40 метр болып келеді. Әлгі туристер ілініп отырған тұстың екі жағында орналасқан болат тіректердің ұшар басына арқан байлап, оны екі жақтан тарттық. Сөйтіп арқанды кере отырып, оны қиын жағдайда қалған азаматтарға жеткіздік. Олардың қауіпті биіктікте тұрғанын ескере отырып, арқанға кеудесімен еніп кететіндей күрмеулер жасаған едік. Азаматтар күрмеуге кезектесіп қолтығымен ілініп, жердегі он шақты адам арқанды жабыла босатып жүріп төменге түсірдік. Барлық құтқару операциясы ойдағыдай өтті, зардап шеккендер жоқ. Біздің құрылымнан 10 адам, облыстық төтенше жағдай департаментінен 4 қызметкер мен 1 техника қатысты, – деп баяндады басқарма жетекшісі.
Әлгі туристердің төртеуі – әйел, екеуі ер адам екен. Павлодар және Екібастұз қалаларынан қыдырып барғанға ұқсайды.
Қызық болғанда, «Вершина» серіктестігінің мұндай тосын жайттарға қарсы қолданатын әдіс-айласы мен арнайы құрал-жабдықтары мүлде жоқ екен. Жоғарыдағыдай оқиға алғаш кездесіп отырғандықтан база мамандары алғашқыда не істерін білмей абдырап қалған. Азамат Қожайбердиев туристік фирма өкілдеріне арнайы құтқару жабдықтарын сатып алу жөнінде кеңес берілгенін айтып өтті. Сондай-ақ облыстың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына, спорт және қаржы басқармаларына мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін шара қолдану жөнінде хат жолдағанын жеткізді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы