Білім саласында да, қазақ руханиятында да академиктің дәрісін тыңдаған, өнегелі тәлімін көңілге түйген шәкірті көп. Солардың бәрі айналасына күн шуағындай жылылық пен ізгіліктің сәулесін шашқан дара ұстазды әлі күнге ұмытпайды. Соның дәлеліндей, мұнайлы өңірде «Зейнолла Қабдолов: әлем және әдебиеттану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған еліміздегі жоғары оқу орындары мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қырғызстан мен Түркиядан келген ғалымдар, академиктің ұлы Бақыт Қабдолов пен шәкірттері қатысты. Жиынға келген академиктің шәкірттерінің арасында Президент кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, әдебиеттанушы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп және басқалары бар.
Атырауда төртінші рет өткізілген конференция қонақтары алдымен Зейнолла Қабдоловтың мүсініне гүл шоғын қойды. Бұл мүсін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің алдындағы белгілі тұлғалар алаңына қойылған. Сонымен қатар білім ордасында ғалымның әдеби танымдық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында атаулы дәрісхана ашылды.
Жаңа дәрісхананың лентасын Қырғыз Республикасы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Жанғара Дәдебаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов қиды.
Бұл конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Оны Президенттің кеңесшісі Бауыржан Омаров оқып берді. «Зейнолла Қабдолов – ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым әрі көрнекті қаламгер. Сұлу сөздің сүлейі атанған жазушы көркем туындылары арқылы халқының ерекше ықыласына бөленді. Оның шоқтығы биік шығармалары қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, қазақ руханиятының алтын қорына енді. Академик-жазушының «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзі қаламгер қауымның өмірлік ұстанымына айналды. «Қазақтың Қабдоловы» атанған біртуар тұлғаның азаматтық болмысы мен адамгершілік қасиеттері әрдайым жастарға үлгі-өнеге. Көрнекті ғалымның тағылымды өмір жолы, әдеби және ғылыми мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Бүгінгі алқалы жиында Зейнолла Қабдолов бастаған ұлт зиялыларының ел мүддесін қорғау жолындағы еңбектері туралы салмақты ойлар мен салиқалы тұжырымдар айтылады деп сенемін», делінген құттықтау хатта.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, Зейнолла Қабдолов – кестелі көркемсөздің шебері. Оның шығармалары әлі де оқылады. Өйткені «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». «Қазақ даласының бір қиыры – Атыраудан түлеп ұшқан танымал тұлғаның тұла бойынан бекзаттық пен тектіліктің айқын көрініп тұратыны тамырының тереңдігінен шығар. Зейнолла Қабдоловтың жан сұлулуығы, көркемсөзді кестелеп төгетіні әлі күнге елдің жадында сақталып келеді. Ол әдебиетке өз қолтаңбасымен, өз ізденісімен, өз пікірімен келген еді. Соңғы демі таусылғанша адамдар арасындағы қарым-қатынастың сыпайылығы мен сыршылдығын, адалдығы мен рухани байлығын шығармашылығына арқау етті. Қаламына қасиет қонған қаламгердің ұлттық қазынамыздың інжу-маржанын теріп, қазақтың сөз өнерінің қадірін жүрегімен сезінгенін уақыттың өзі дәлелдеп берді», деді ол.
Конференцияда баяндама жасаған ғалымдар Зейнолла Қабдолов феноменіне әр қырынан баға берді. Мәселен, Қырғыз ғылым академиясының вице-президенті, академик Абдылдажан Акматалиев «Академик Зейнолла Қабдолов және қырғыз әдебиеті», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Абай атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев «Зейнолла Қабдоловтың лекциясы», филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали «Әдебиет пен өнердегі рух және Зейнолла Қабдолов толғамдары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева «Вселенная академика Кабдолова: слово и образ», ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып «Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов – ұлтымыздың ұлы ұстазы», Түркиядағы Erciyes Universitesi PhD докторы Лютфие Гювенш «З.Қабдоловтың ақын Назым Хикметтен аудармалары» тақырыбында баяндама жасады.
– Зейнолла Қабдолов – сан қырлы талант иесі. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Әдебиетті терең зерттеді. Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жас ғалымдардың ғылыми жұмысына жетекшілік етті. Сирек кездесетін қаламгердің шығармашылығын әлі де зерттей түскен жөн, – дейді Зинол-Ғабден Бисенғали.
Конференцияда сөз өнерінің суреткері Зейнолла Қабдоловтың жазушылық, ғалымдық, ұстаздық келбеті жан-жақты ашылды деуге болады. Академиктің проза жанрында, әдебиеттану ғылымында қалдырған мол мұрасы әлі талай зерттеушінің ғылыми жұмысына арқау болары анық.
Атырау облысы