Қоғам • 07 Ақпан, 2023

«Хат қоржын»

333 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Қабанбай батыр ұлықталған іс-шара

Қаракерей Қабанбай тек батыр ғана емес, мемлекет қайраткері, саясатқа да жүйрік, қиыншылық жағдайда соғыс әдістерін қолма-қол ойлап табатын, соғыс тәртібіне қатал, күнделікті тұрмыста мейірімді де қайырымды жан болған. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласына сонау Қазақ хандығы құрылғаннан бері көз алартқандар аз емес. Сондай қилы заманда Абылай ханның өзі «Дарабоз» деп ат қойған қазақтың намысты да қайратты ұлының есімін болашақ ұрпаққа ұлықтау отаншылдық санамызды қалыптастырумен қатар, өткен тарихымызды тереңнен білуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Былтыр даңқты бабамыздың туғанына 330 жыл толды. Осыған орай өткен жыл соңында Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Қабанбай батыр: ақиқат пен аңыз» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шарада ерлігімен ел есінде қалған даңқты қолбасшының өмір жолы мен саяси қызметі туралы егжей-тегжей әңгіме қозғалды. Тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов пен тарих пәнінің мұғалімі Ербатыр Қалышевтың батыр бабамызға қатысты айтқандары әсерлі шықты. Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің 4-курс студенті Самал Медеуова «Дарабозым Қабанбай» атты толғауын орындап, кітапхана қызметкері Жансұлу Елубаева «Тарих тұғы­рындағы тұлға» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова қорытынды сөз сөй­леп, дөңгелек үстелге қатысқан қонақтар мен оқырмандарға өз алғысын білдірді.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты Қабанбай бабамыздың ерлігін үлгі ете отырып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу әрі кітап­хана қорындағы ұлы тұлғаға арналған кітаптар мен ғылыми еңбек­терді, мерзімді басылымдарды насихаттау болды.

 

Перизат ҚАЛЖАНОВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық

әмбебап ғылыми кітапхана қызметкері

 

АҚТӨБЕ

 

 

Телеарнасы «Абайдың» – көзайымы талайдың

Жас ұлғайып, зейнетке шыққан біз сияқты қарттардың ермегі – күнделікті газет-журналдар оқып, радио тыңдап, теледидар көру. Онсыз сәт сайын алуан түрлі оқиға орын алып жататын дүбірге толы дүниеге, өмір көшіне, ақпараттар ағынына ілесу мүмкін емес.

Еліміздің басына төнген сұмдық қауіп-қатер – пандемия кезінде өмірге келген «Abai TV» телеарнасы қазірдің өзінде-ақ көрер­мендердің көзайымына айналып үлгерді. Форматы мүлде бөлек телеарнаның тұрақты беріліп жататын тарихи, мәдени, әдеби-танымдық бағдарламалары көрген жанды еріксіз өзіне тартады.

Өз басым талабы таудай жазушы, қарымды журналист Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Үркер» әдеби-танымдық бағдарламасын әрдайым асыға күтемін. Қазақтың аяулы қыздары Қаракөз Сүлей­менова, Елена Әбдіхалықова, Нәзира Бердалы көгілдір экранда көрермендерін сөз саптауымен, парасат-пайымдарымен, қазақ аруларына тән ибасы мен нәзіктігі арқылы баурайды. Жаңыл Мәмежанқызының «Ұмытпаймыз» хабары да әсерлі, санаға шуақ төгіп, аталар мен ағалардың ұрпақ алдындағы парызын еске салады.

Бір бұлар ғана емес, «Зинһар», «Тұлға», «Ән сәулесі», «Поэзия қағанаты», «Сөз патшасы», «Сана», «Дәуір даналары» секілді арнайы жобалар да өз көрермендерін селт еткізбей қоймайды. Ара-тұра беріліп тұратын спектакльдер де адамның дүниетанымын кеңейтіп, жансарайын ашып, рухани әлемін байытады.

Қалай болғанда да, Жаңа Қазақстанның жас ұрпағын ұлттық құндылықтар дәстүрінде тәрбиелеуде жаңа телеарнаның алар орны зор деп білеміз. Дәл осы тұрғыдан алсақ, телеарнасы Абайдың  көзайымы талайдың деп айтуға толық негіз бар.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы

 

 

Мен ҚазҰУ-ды не үшін таңдадым?

Менің болашақ мамандығым – ғылыми физика. Көп ойлана келе, осы бағытта оқимын деп шешім қабылдаған едім. Өз басым еліміздің өркендеуі жолында зор үлес қосатын мамандық – менің мамандығым деп білемін. Менің таңдауым неге ҚазҰУ-ға түсті? Өйткені ұзақ жылдар бойы үлкен тәжірибе мен білім жинаған бұл жоғары оқу орны еліміздің жастары үшін құрмет пен беделге әрі үлкен сұранысқа ие. ҚазҰУ әрбір түлекті өз ісінің маманы етіп шығарады және тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдердегі университеттермен де бәсекелесе алады.

Мектеп бітірген кезде ҚазҰУ мүмкіндіктер мекені екенін, жеткен жетістіктері мен бағындырған шыңдары биік екенін біліп, осы жоғары оқу орнында білім алғым келді. Бәзбіреулер «бұл мүмкін емес, өйткені ҚазҰУ-ға түсу көп дайындықты қажет етеді және бәрі ойдағыдай бола бермейді», деді. Бірақ мен өзіме деген сенімімді жоғалтқан жоқпын. Егер сіз өз мақсатыңызға жету үшін барлық күш-жігеріңізді салсаңыз, мүмкін емес ештеңе жоқ.

ҚазҰУ-ды болашақ білім алатын ордам деп таңдауымның тағы да бір себебі, мен мектеп бітірер жылы ҚазҰУ-да физика пәнінен халықаралық ғылыми жобалар конференциясы өткізілетін болды. Өз бағымды сынап көрейін деп осы конференцияға қатысуға шешім қабылдадым. Байқауға еліміздің барлық облысынан және шет мемлекеттерден оқушылар қатысты. Байқау өте тартысты өтті. Қуаныштысы – мен аталған конференцияда ғылыми жобамды қорғап шықтым. Осы сәттен кейін менің арманымдағы университет – ҚазҰУ-ға оқуға түсіп, білім алуға деген құштарлығым одан сайын арта берді.

Ендігі мақсатым – білімді де білікті маман иесі болу. Ал ҚазҰУ-да білім алуды өз мақсатыңды жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі деп білемін. Бұл іске жетекшім Имамбек Оңласын да барынша көмек қолын созып келеді.

 

Арайлым БҰЛАНБАЕВА,

ҚазҰУ студенті

 

АЛМАТЫ