Қауіп-қатер қайдан?
«Биыл елімізде жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Әсіресе Алматы өңірінде жуық арада сейсмикалық қауіп жоқ», дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков. Дерек 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде есептелген.
Жалпы, кейінгі бес жылда елдегі сейсмикалық құрылғылар 40 мыңға жуық жер сілкінісін тіркеген екен. Мәселен, 2018 жылы – 8 500, 2019 жылы – 7 800, 2020 жылы – 9 500, 2021 жылы – 6 700, 2022 жылы 6 900 жерасты дүмпуі болған. Алайда бұл қауіпті дерек емес, тірелген дүмпулердің барлығы дерлік қуаты жерүстіне сезілмейтін тербелістерге жатады.
Осы негізге сүйенген сейсмолог Ақкенже Сиылқанова күні кеше Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 375 шақырым жерде, Қытаймен шекаралас аумақта болған дүмпу және осыдан бірер күн бұрын тіркелген Шымкенттегі 2-3 балдық жер сілкінісі адам өміріне қауіп төндірмейтінін айтады.
– Мұндай зілзала ошағы зерттеу орталығының сейсмикалық стансаларына жиі тіркеліп тұрады. Қазақстан бойынша жылына 2-4 балдық жер сілкінісі бірнеше рет болады. Шамамен 7 мыңнан 10 мыңға дейінгі аралықта әлсіз микро немесе сезілетін жер сілкіністері тіркеледі. Тіпті 5-6 балл болғанның өзінде, үрейленіп, абдыраудың қажеті жоқ. Өйткені ол адамның өміріне аса қауіпті емес. Түрлі сейсмикалық жағдайларға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Қысқа, орта және ұзақ мерзімді болжам деп үшке бөлінеді. Орта мерзімді есеп жылына екі рет жасалады. Әрине жүз пайыз нақты деп айту қиын. Десек те 9 және одан да жоғары балды жер сілкіністерінің қайталану жиілігі көбіне 80 мен 200 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Егер Алматы қаласында ең күшті жер сілкінісі соңғы рет 1911 жылы тіркелгенін ескерсек, қазір өңір сейсмикалық қауіпте тұр, – деді А.Сиылқанова.
Алаңдауға негіз бар ма?
Жалпы, елімізде жойқын зілзала бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласының аумағында 1887 жылы тіркелген. Апат салдарынан үйлер, әлеуметтік нысандар қирап, 300-ден аса адам қаза болған еді. Яғни Алматы маңындағы зілзала қаупі ертеден байқалған. Бұл қауіп әлі де сейілмейді. Өйткені қысқа мерзім ішінде жер сілкінісін болжау оңай емес көрінеді. Дегенмен ғалымдардың бұл бағыттағы ізденісі нәтиже бере бастағандай. Мысалы, нидерландық сейсмолог Фрэнк Хугербитс 5 ақпан күні болған Түркиядағы жер сілкінісін, оқиғаға дейін 3 күн бұрын жорамалдаған. Ол мұны Twitter-дегі парақшасында жариялапты. Онда «Ерте ме, кеш пе, Түркияның оңтүстігінде, Иорданияда, Сирияда және Ливанда 7,5 балдық жер сілкінісі болатынын жазған. Күштілігі 6 магнитудадан жоғары сейсмикалық дүмпу 4-6 ақпан арасында болуы ықтимал» деген. Зерттеуші дата мен жер сілкінісінің қуатын дөп басып айтқан. Әрине, бұған білім-біліктен бөлек, заманауи техниканың мықтылығы сеп болған.
«Десе де тоқсан тармақ тамырын табиғатпен тығыз байланыстырып, тынымсыз тіршілік кешкен байырғы көшпелі қазақ дамыған техникасыз-ақ, алдағы ауа райының қалай болатынын дәл болжаған. Тіпті жер сілкінісінің өзін жан-жануарлар мен жәндіктердің қимыл-қозғалысына қарап-ақ, жорамалдаған», дейді этнограф-ғалым, қазақ дүниетанымына байланысты көптеген кітаптың авторы Болат Бопай.
– Жер-Анадан өзегін үзбеген бабаларымыз қоршаған ортаның тілін түсініп, табиғатпен етене жақын болған. Жүгiргeн aңның iзiн, ұшқaн құстың биiктiгiн, қыбырлаған жәндік пен қорадағы төрт түлік малдың тыныс-тіршілігін бақылап, ауа райын бағдарлап отырған. Ит екеш иттің де әрекетін назарда ұстаған. Мәселен, жер сілкінетінінен бір апта бұрын, кейде бір күн бұрын ит жер бауырлап жатпай қояды. Ал төрт түлік мал қораға кірмейді. Жер асты жыныс жүйелеріндегі өзгерістерге байланысты жәндіктер, жыландар, құрт-құмырсқалар, тышқандар, қыс мейлі, жаз болсын, жердің бетіне шығып алады. Негізгі белгілері – сиырдың азан-қазан мөңіреуі, жылқының арқырап кісінеуі, қой-ешкінің маңырауы, иттің ұлуы, мысықтардың үйге тұрмай сыртқа кетуі, жер астындағы тіршілік иелерінің жер бетіне шығуынан «Жер сілкінеді екен», «зілзала болады екен» деп ел ішіндегі данышпан, көреген ақсақалдар алдын ала болжап, халықты хабардар етіп отырған. Қазіргі гидрологиялық-метеорологиялық құралдарын сол кездері малдардың инстинкті, жан-жануарлардың сезетін қасиеттері алмастырған, – дейді Б.Бопай.
Қандай сақтық қажет?
Әйтсе де, көпшілік қазір бұл жорамалдарға мән бермейді. Өйткені интернеттен алдағы апта мен айға арналған ауа райы анық жазылады. Бірақ құрылғылар кейде тұтқиылдан тиетін табиғат құбылыстарынан сақтай алмай, сан соқтырып жатады. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін әр қазақстандық ескеруі керек.
– Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде қаланың халықты даярлау және оқыту орталығында жыл сайын 1800-ден астам адам оқытылып, шаһар бойынша 4 мыңға жуық сейсмикалық жаттығу өткізілді. Сонымен қатар сейсмикалық қауіпті өңірлерде орналасқан барлық объектілерде сейсмикалық жаттығулар тоқсан сайын өткізіледі. Қаланың мемлекеттік органдары мен ұйымдарының «Халықтың төтенше жағдайлардағы ережелермен хабардар ету» бекіту жоспарына сәйкес департамент каскадты әдіспен барлық білім беру, денсаулық сақтау объектілерінде, әкімдіктерде, мемлекеттік басқармалар мен бөлімдерінде 520 мың адамға сабақтар өткізді және де осы бағыттағы іс-шаралар жалғасып келеді. Әлеуметтік желілерде төтенше жағдайлар қызметкерлері мен «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық ұйымы тұрақты түрде онлайн оқыту трансляцияларын өткізеді, – дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы Роллан Есмағанбетов.
Бұл әдісті журналист Бауыржан Бабажанұлы да қолдайды. Ол Facebook-тегі жазбасында азаматтарды бірыңғай оқыту үшін әлеуметтік желінің әлеуетін пайдаланып, онлайн сабақтарды жаппай ұйымдастыру керек деген пікірін ортаға салды. Өйткені кей азаматтар мұндай қауіпсіздік мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралардан бейхабар.
– Біз студент кезде Алматыда жиі жер сілкінетін. ҚазҰУ қалашығындағы 9 қабатты 17-жатақхананың теңселіп тұрған сәтін де көрдік. Сол тұста зілзала бола қалған жағдайда не істеу керектігі жөнінде жаттығулар жиі өткізілетін. Басында күле қарағанмен, сигнал берілген сәтте құжатымызды ғана алып, далаға шығуды әбден үйрендік. Меніңше, қазір де сондай жаттығулар өткізуді қолға алу керек. Бүгінде мүмкіндік көп, тегін онлайн сабақтар да ұсынылса, артық болмайды, – деді ол.
Қалай әрекет еткен дұрыс?
Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары зілзала жағдайында қауіпсіздік ережелерін міндетті түрде сақтауды ескертеді. Оның негізі төмендегідей:
– Жер сілкінісінің алғашқы дүмпуі кезінде газды, су мен электр қуатын сөндіріңіз. Егер жер сілкінісінің күші аз болса, онда оны тұрған жеріңізде күткен абзал. Одан едәуір күштірек жер сілкінісі кезінде (дүмпу күші бес және одан да жоғары балды құраса), егер сіз ғимараттың екінші және одан жоғарғы қабаттарында болсаңыз, ғимараттан шығыңыз. Ішкі қабырғаның, бұрыштың, есік жақтауының қауіпсіз жеріне тұрыңыз. Кереуеттің немесе үстелдің астына кіріңіз – олар сізді құлауы мүмкін заттардан және сынықтардан қорғайды. Терезе мен ауыр жиһаздан алыс тұрыңыз. Лифтіні мүлдем пайдаланбаңыз. Көшеде болсаңыз, ғимараттар мен электр беруші желіден ашық алаңға қарай шығыңыз, үзілген электр сымдарынан алыс тұрыңыз. Ғимарат жанынан жүгірмеңіз және оларға кірмеңіз. Көлікте болсаңыз, дүмпулер тоқтағанға дейін автомобильден шықпай көшеде қала беріңіз. Ал зілзаладан кейін айналаңыздағы медициналық көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беріңіз. Егер мүмкін болса, үйінділердің астында қалған азаматтарды шығарыңыз. Радиоқабылдағышты қосыңыз. Жауаптылар хабарлаған шараларды зейін қойып тыңдаңыз. Мүмкіндігінше, су құбыры мен газды тоқтатыңыз және энергия жабдықтаушыны сөндіріңіз. Белгілі бір жері зақымданған ғимаратқа кірмеңіз. Үйінді астында қалып қойсаңыз: сабырлық сақтап, көмек шақырыңыз, үрейге бой алдырмаңыз. Қайда екеніңізді, өзге адамдар қасыңызда бар-жоғын анықтауға тырысыңыз. Сізді тауып алғанға дейін дауыстап не қимыл жасап, назар аудартатын заттарды қолдану арқылы басқаларға белгі беріңіз. Сондай-ақ дүмпудің қайталануына дайын болыңыз. Өйткені мұндай жағдайларда алғашқы екі-үш сағат едәуір қауіпті болып есептеледі. Кейде жер сілкінісі бірнеше тәулік, апта және тіпті ай өткеннен кейін де қайталануы мүмкін, – дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы Роллан Есмағанбетов.