Өңірдегі «Құрғақ порт» халықаралық жүк тасымалында өзінің экономикалық тиімділігін танытып үлгірді. Логистикалық орталықта дайындық шаралары атқарылып жатыр. Индустриялық орталықта қазір он шақты өндіріс көзінің құрылысы салынып, өнім өндіруге кірісуде. Солардың бірі – өткен жылдан бері құрама жем шығара бастаған «SSA Feed Mills» ЖШС. Оның қазіргі жылдық өнім өндіру қуаты 60 мың тонна құрама жем шығарып, шетелге және жергілікті халыққа сату. Бүгінге дейін бұл зауыттан 1 мың тоннадан аса түйіршектелген құрама жем сатылған. Жем тартушы, түйіршектеуші және қаптаушы цехтарының еңбеккерлері мен технологтер ай сайын 250-270 тонна мал мен құс азығының 20-дан аса түрін дайындайды.
Мұнда құрама жемге жүгері, бидай, майбұршақ, арпа, сұлы дәндері, басқа да мал ағзасына пайдалы дәруменді заттар қолданылады. Мал азығындағы протеин, кальций, фосфор, коротеин мөлшерінің талапқа сай болуын озық үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған арнайы сарапхана қызметкерлері бақылайды.
«Жалпы 46 маман еңбек ететін кәсіпорында ірі қара, жылқы, қой, шошқа, балық, құсқа қажет толық рационды жем өнімдері өндіріледі», дейді зауыт директоры Сергей Нам.
Оның айтуынша, олардың әрқайсысы тапсырыс берушілердің жеке рецепті бойынша жасалады. Ит тамағын дайындауға да ұсыныс түсіп жатыр. Зауытқа орнатылған автоматтық басқарудағы озық үлгідегі құрал жабдықтармен кез келген жануар азығын дайындауға мүмкіндік мол. Зауыт толық қуатында жұмыс істесе, қызметшілер санын 100-ге дейін көбейтіп, үш ауысымда тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім өндірмек.
Кәсіпорында қоспа жем шығарудан өзге астық сақтайтын сыйымдылығы 15 мың тонналық элеватор бар. Жалпы 7 адам еңбек ететін элеватор жергілікті кәсіпкерлердің бидай, жүгері дәнін сақтап, өңдеп, дайын астықты елдің және Тәжікстанның кәсіпорындарына жөнелтіп, коммерциялық қызмет көрсетеді. Зауытқа теміржол желісі тартылған.
АЭА аумағында салынған бұл зауыт өнімдері негізінен қытайға қоспа жем сатуға бағытталған. Әлемді жайлаған індетке байланысты құрама жем ел аймақтарындағы кәсіпорындар мен Тәжікстан фермерлерімен жұмыс істеп жатыр. Құс пен балық жемі отандық құс өсірушілер мен балықшыларға жіберіледі. Тараз қаласы мен Қордай фермерлері ірі қара бордақылайтын құрама жемге тапсырыс беріп жатыр.
Жалпы, ауылдағы елдің негізгі кәсібінің бірі – мал бордақылап сату. Олардың көбі малын бидай, арпа, жүгері жемімен бағады. Дәруменмен байытылған құрама жем түліктің тез жетілуіне, ет сапасының артуына пайдалы.
Жетісу облысы