Жалпы, қысқы спорт, қысқы демалыс десе жамбылдықтар Жуалы ауданын тілге тиек етуден шаршамайды. Қоңыржай белдеуде жатқан мамыражай өңірде қар әредік бір жауады демесеңіз, екі-үш күнге келген «құдайы қонақ» сияқты тез еріп кетеді. Жамбылдың «Боранды бекеті» атанып кеткен Жуалыда ғана жергілікті халық саршұнақ аязды, қыстың қызығын бір кісідей тамашалайды. Өйткені Бауыржан Момышұлы туған аудан мен басқа аудандар екі құрлық секілді. Ал Тараздағылар үшін қалың түскен қар дегеніңіз – экзотика.
Жуалы десе, «Қаралма» тау-шаңғы базасы мен «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы бірден еске түседі. Алғашқысы туралы айтар «аңыз» аз емес. Екіншісінің жөні бөлек. Аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта жатқан демалыс аймағы тараздықтар үшін де қашық емес. Нақтырақ айтар болсақ, облыс орталығы мен екі орта 80 шақырымды құрайды. Демалыс күндері жолға екі сағат уақытын қиған кісі күні бойы қыстың қызығын тамашалай алады.
Деректерге сенсек, қыс мезгілінде ашылған демалыс аймағына қысқы спортқа аңсары ауғандар қазірдің өзінде ағылып жатыр. Әуесқойларға арналған шаңғымен сырғанау, коньки тебуге арналған орындарға келген қонақтар дән риза. Бір мезгілде 1000-1500 адамға дейін қабылдай алатын демалыс аймағы қысы-жазы туристерді қабылдауға тас түйін дайын. Жоба иелерінің айтуынша, демалыс орталығына келушілердің қарасын ұлғайту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр екен.
«Көксайға» ат басын бұрғандар жаз мезгілінде велотуризмнің қызығына батып, атпен серуендеуге де мүмкіндік алмақ. Бұған қоса алдағы уақытта «Көксай» өзенінің бойындағы тау етегінде туристерге арналып коттедждер, арқан жолы, киіз үйлер, спорт кешені мен бассейндер салынады деген жоспар бар. Осы жобалардың барлығы толықтай жүзеге асқанда, демалыс аймағының жұмысы қыза түспек. Бір сөзбен айтқанда мұндағы ілкімді жұмыстар ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Өйткені туризм – бизнес. Ал бизнесте дамылдауға уақыт болмайды.
«Жамбылда туризм саласының еңсесін тіктеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Түсіне білгенге – туризм табыс көзі. Жамбылдықтар мен өңірге келетін меймандар қысқы демалыс орны тапшы екенін жиі айтатын. Бұл мәселе барлығымызды толғандыратын. Енді сол олқылықтың орнын толтырып отырмыз. «Көксайды» туристік нысан деп толықтай айтуға негіз бар. Қыста да, жаз мезгілінде де өңірдің және еліміздің әр қиырынан келетін қонақтар осы демалыс орталығына ат басын бұрып, тынығатынына ешқандай күмән жоқ. Қысқасы, өңірде ашылған орталықтың жұмысы алдағы уақытта жандана бермек. Ал жергілікті атқарушы билік сала жұмысын жандандыра түсу үшін қолдан келген көмекті аямақ емес», дейді өңір басшысы Нұржан Нұржігітов салаға қатысты ойымен бөлісіп.
Жастар ғана емес, өңір халқы да жылдар бойы айтып келген өткір мәселе ақыры шешімін тапты. Қуаныштысы да сол, «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы ашылған алғашқы күннің өзінде шаңғы тебуге аңсары ауған тұрғындардың қарасы қалың болды. Соған қарағанда туристік кешенге келушілердің саны уақыт өткен сайын арта түспесе, кемімейтін сияқты.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы