Оны айтасыз, майталман өнерпаз талай жыл таласып жеткен таңғажайып мүсіншені тамақ ішкен жерінде тастап кетеді. Көп марапаттың бірі ретінде қарап, шалқып шарабын ішеді. Ең бастысы, шықпаған биігіне шықты, әлемді мойындатты, енді қайтсін? Біздіңше, ол тағы бір межені бағындырды, артық ештеңесі жоқ. Ойланатын-ақ, дүние! Аңшы Хью Гластың рөлін шеберлікпен сомдаған Ди Каприо арманына осылай жетті.
Мұнай мен көмір әлемдегі ең құнды ресурсқа айналмай тұрып, адамзат үшін аңның терісі байлықтың басты алгоритмі саналды. Мәселен, Сібір мен Ресейдің Қиыр Шығысының дамуы тері өндіру ісімен байланысты. XVI-XVII ғасырларда орыстар алтын-күміс кен орындары болмағандықтан, басқа елдермен сауда жасау үшін ормандағы аңдарды валюта ретінде пайдаланды. Бұл үрдіс халықты шығысқа қарай итермеледі. Бұлғын, түлкі терілері асыл затқа айналды, оны тіпті «жұмсақ қоқысқа» балады.
Дәл осындай үдеріс АҚШ-та да жүріп жатқан еді. Солтүстік Америка континентінің өрістеуінде үндістердің еңбегі зор. Еуропалықтар олардан тері сатып алып, өздері өндіре бастады. Бұл қазына ескі әлемге тұтас кемелермен экспортталды.
Француздар XVI ғасырда аң терісі саудасымен айналыса бастады. Қазіргі Канада жеріндегі Гудзон шығанағы маңында сауда орындарын құрған негізінде британдықтар, бұл істі XVII ғасырда голландтар да іліп әкетті. XIX ғасырға қарай Америкада аң терісін өндірумен және сатумен айналысатын сауда компанияларының кең желісі қалыптасты. Аталған кәсіп экономиканың тірегіне айналды. Кәсіби аңшылар сол үшін солтүстік-батыстың ну ормандарына жүгірді. Оларды халық «таулықтар» деп атады.
Аңшылар саяхат кезінде күнделік жазып, карта толтырып, өзендер мен кездескен адамдардың нобайын сызды. Кейіннен бұл жазбалар Орегон соқпағын қоныстанушы керуендерге компас қызметін атқарып, ал ғылыми экспедицияларға жол көрсетуші бағдаршамға айналды. Олар тіпті АҚШ армиясына барлаушылар ретінде жалданды.
1820-1840 жылдардағы аң терісі саудасының гүлдену кезеңінде 3 мыңға жуық адам өзін «таулықпын» деп таныстырады. Солардың бірі – аңызға айналған Хью Гласс еді. Бұл ирландиялық азамат жаңалыққа, жаңа ізденіске құмар болды. Әупірімдеп жүріп оқ пен оттың арасынан аман шықты. Ғұмырдариясы шытырман жайттарға толы.
Иә, ашылмаған аралдар мен сірескен тоғайларды зерттеуге аттанған адамдардың дені қайтып оралмады. Үндіс жебелері, әртүрлі ауру, жыртқыштар зерттеушілерге ерік бермеді. Бірақ фронтирдегі байлық пен тылсым фронтирмендерді, яки шекарашыларды тоқтатпады.
Бұл аймақта тұратын тұрғындардың жұмысы қауіпті әрі қызыққа толы болды. Гидтер, құрылысшылар, зерттеушілер үндіс тайпаларымен байланыс жасады. Жабайы жерлердің игерілуі оңай болмады, фронтирді мекендеушілер атамекенін өлгенше қорғап қалуға тырысты.
Гласс фронтирге келмес бұрын, қарақшы болған деген деректер бар. Ол қарақшыларға өз еркімен қосылды ма, әлде амалсыз қолға түсті ме, бұл жағы белгісіз. Қалай болғанда да, 2 жылдан кейін, қарақшылық рейд кезінде кемеден қашуға шешім қабылдайды. Сөйтіп ол суға секіріп, Мексика шығанағының жағалауына 4 шақырым жүзіп келді. Ешқандай қару-жарақсыз солтүстікке бет алады. Ақыры Пауни үндістерінің қолына түседі.
Әйтсе де оның жолы болды. Тайпа көсемі бірден бауырға басады. Қажетті заттармен қамтамасыз етеді, тіпті понни қыздарының біріне үйленеді. 3 жыл бойы үндістермен бірге өмір сүріп, табиғатын, тілін меңгереді. Жергілікті жұртқа әбден сіңіскен соң, бір күні Пауни елшісі ретінде америкалық делегацияны қарсы алуға барады. Отандастарын өлердей сағынған Гласс келіссөзден кейін, артқа қайтпайды.
1822 жылы әйгілі кәсіпкер Уильям Эшлидің экспедициясына қосылып, оның іскер серіктесі Эндрю Генримен, аң аулау үшін Миссури өзенінің салаларын зерттеуді жоспарлайды. Қауіпті саяхатқа сақадай-сай болған соң, топпен жорыққа шығады. Оларды алдан Арикара үндістері қарсы алып, отрядтағы 14 адам қаза табады. Ал Гласс қатты жарақаттанады. Отряд басшылары әрі қарай жылжуға ұсыныс жасағанымен, көпшілігінің жүрегі дауаламайды.
Көп ұзамай қосымша көмек келгеннен кейін, екі тарап бітімге келеді. Дегенмен америкалықтар арикаралықтарға сенбей, басқа бағытта жұмысын жалғастырады. Жаны сірі Гласс жалтақтамай, соңына дейін баруға бекінеді.
Осы сапарда ол мың өліп, мың тіріледі. Лагерь маңында бұғыны аңдып келе жатып, кенеттен аю мен қонжығына тап болады. Алып аю аңшыны екі бүктеп, өлтіруге шақ қалады. Дегенмен достары соңғы мезетте құтқарып қалады. Одан бөлек қауіпті жолдар, сатқындық, өзге де үндістердің шабуылынан есен шыққан Гласқа қарап, көрер жарығы бар екен десек артық болмас.
Оңтүстік Дакотадағы Хью Гласқа қойылған арнайы ескерткіш бар. Алғаш 1971 жылы басты рөлді Ричард Харрис сомдаған «Жабайы дала адамы» атты тамаша фильм де түсірілген. Аңшының тағдырына қарап таң қаласыз. Қаумалаған қатердің ортасынан аман шығып, өз ажалымен өмірден озады. Міне, оның бұл ерлігі кинорежиссер Алехандро Гонсалес Иньярритудың «Выжившиий» фильміне арқау болды. Бұл әлемді тамсандырған оқиға желісіне құрылған шығарма ретінде кинематография саласындағы ең үлкен сыйлықты қанжығалады.