Әлем • 08 Ақпан, 2023

Қолдау мен көмек

333 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Зілзаладан зардап шеккен Түркияға әлем елдері көмек беріп жатыр. Қазіргі күні Қазақстаннан жіберілген құтқарушылар тобы қираған аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісіп кетті. Сүйінші жаңалық та бар. Кеше хабар-ошарсыз кеткендер санатында болған Қазақстан азаматы Сәбина Мамадиярова табылды. Үйінді астында қалған жерлесіміздің көрер жарығы бар екен. Ол ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Қолдау мен көмек

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазір Қа­зақ­станның өкі­летті органдары түрік тарапы­мен бір­лесіп, зіл­заланың зардабын жою үшін қо­сымша көмек көрсету мәселесін қа­рас­тырып жа­тыр. Осы мақ­сат­та Төтенше жағ­дайлар ми­нистр­­лігінің құтқа­ру­шы­лары мінген ұшақ Түркияның Га­­з­иантеп қаласына межелі уа­қытта жеткен.

Қазақ құтқарушылары үйінді астынан жергілікті мамандармен бірлесіп, тірі қалған әйелді шығарып алды. Және біздің мамандар осы нысаннан тағы бір адамның денесін тапты. Қираған ғимартты толықтай аршу қиындық тудырып, күрделі жағдай қалыптасқанына қарамастан құтқару жұмыстары тәулік бойына жалғасып жатыр

Олар қазір өздерімен ала барған техника мен құрал-жабдықтарды түсіріп, жергілікті билік өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау тетігін пысықтап алған. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске бекітілген. Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшім­баев құтқарушылардың жұмыс барысын баяндады. Оның айтуынша, жер сілкінісі болған жерде күрделі жағдай қалыптасқан. Құтқарушылар үйінділер арасында қалған адамдарды іздестіріп, әкелінген құтқару жабдықтарын қолданып жатыр.

– Газиантеп қаласының Ататүрік көшесінде екі нысан бойынша тобымыз екіге бөлініп жұмыс істеп жатыр. Құтқару операциялары кезінде құлаған үйлердің қирандыларын қарап, арасында қалып қойған адам бар-жоғын тексеріледі. Мәйіт болса оны алып шығу да – біздің міндет. 30 адамнан тұратын бір тобымыз бір нысанда, 10 адамнан құралған екінші тобымыз басқа нысанда жүр. Олар түрік құтқарушыларымен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Мына жерде барлық күш-құрал бар. Келген еріктілер тамақ жағын ұйымдастырып жатыр. Қаланың әкімшілігі де бізбен бірге, қасымызда, – деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядан жол­даған бейне үндеуінде.

Сонымен қатар Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Ибрахимили ауданында іздестіру-құтқару жұмыстарына да кірісті. Ведомствоның мәліметі бойынша құтқару жасағы екі топқа бөлініп, олардың әрқайсысы қиын учаскелер – қираған тұрғын үйлерді тексеріп жатыр. «Біріншісі – бұл алты қабатты үй, оның толық қирау қаупі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуын­ша, адамдар үйде қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта кинологиялық есептер іздеу жұмыстарына кірісті. Егер адам табылса, иттер тиісті белгі беріп, оларды үйінді арасынан шығарып алу жұмыстары басталады. Екіншісі – бұл толығымен қираған тұрғын үй, онда адамдар да болуы мүмкін. Жедел ақпарат бойынша құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған адамның дене­сін шығарды. Мұнда құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі. Екі объектіде де құтқарушылар адамдардың болу фактілері толық жойылғанға дейін жұмыс істейді», делінген ТЖМ хабарламасында.

Қазақстаннан барған құтқарушыларды тағы бірнеше нысанды аршып, тазалау жұмысына тарту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің өкілдері хабарлады. Жерлестеріміздің жұмысы нәтижесіз емес. Мысалға, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан учаскелердің жанындағы тұрғын үй толықтай қираған болатын. Осы нысанда республикалық жедел-құтқару жасағының кинологиялық қызмет тобының Джейкоб атты иісшіл иті үйінді астында тіршілік белгісі барын анықтады. Яғни иісшіл ит қирандылардың арасынан тірі адамның дыбысын естіп, белгі берген. Джейкобтың әрекеті негізінде «тыныштық минуты» жарияланды. Бұл – көмек сұраған кезде адамдардың үйінділердің астындағы дауыстарын естуге арналған уақыт. Құтқару жұмысы жалғасып, үйіндіні аршу жалғасуда

Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияға кеше аттанды. Тиісті тапсырманы Президент берді. Екінші эшелон қатарында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептері бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі бар. Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып, ТЖМ-ның екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылады. Бар­лығы Түркияға аттанған қа зақстандық құтқарушыларының саны 100 адамнан асады.

Түрік жеріне табан тіреген бойда құтқарушылардың екінші тобы да бірден іске кіріскен. ТЖМ ресми парақшасында жер сілкінісі салдарынан бүлінген үйлердің конструкцияларын демонтаждау және іздестіру-құтқару жұмыстарының жедел кадр­лары жүктелді. Онда қазақ­стандық құтқарушылар түрік әріптес­терімен бірге құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркияға келген қазақ­стандық құтқарушылар күрделілігі жоғары нысандарға бекітілген. ТЖМ ресми мәліметі бойынша өткен тәулікте бірінші топ өте көлбеу келген алты қабатты үйге толығымен тексе­ру жүргізген, үй шөгіп кеткен, құтқару­шылар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Олар үйге кіріп іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесін тауып шығарған. Қазір онда үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жүріп жатыр. Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді тексерген, сонымен қатар олар жергілікті құтқарушылармен бірге зардап шеккен әйелді шығарып ал­ған. Осы объектіде құтқарушылар 1 адам­ның денесін тапқан. Қирау орнын­да күрделі жағдай қалыптасқан. Жұмыс­тар тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барлық топтағы құтқару­шыларды жөнелтудің алдында нұсқаулық өткізді. Министр оларға адамдарды іздеу және құтқару бойынша жауапты міндеттер жүктелгенін, сондай-ақ Түркия азамат­тарының жер сілкінісінің салдарымен тезірек күресу мүмкіндігіне деген үмітін атап өтіп, құтқарушыларға туыстары мен жақындары арасына аман-есен оралуын тіледі.

Айта кетейік, Түркияға жіберілген қазақ­стандық құтқарушылар тәжіри­белі мамандар, олардың азаматтар­ды құтқаруда және әртүрлі төтенше жағдай­ларды жоюда практи­калық дағ­дылары мол. Мәселен, Түркі­стан облысынан Түрік еліне 9 дәрігер жібе­рілген. Олардың арасында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандар бар. Олардың барлығы түрік тілін еркін меңгерген. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы университетінің оқытушылары бір күндік жалақыларын аударған.

Ал еліміздің Сыртқы істер ми­нистр­лігі Түркияда зардап шеккен Қазақ­стан азаматтарының жоқ екенін мәлімдеді.

– Қазір Түркиядағы дипломаттары­мыз осы елдегі Қазақстан азаматтары­мен байланыс орнату бойынша бел­сенді жұмыс жүргізіп жатыр. Сту­дент­тер арасында тиісті ақ­па­раттық хабарлама таратылды. Қазақ­стан­ның Елшілігі Түркияның Төтен­ше жағ­дайлар басқармасымен тұрақты байланыста. Осы уақытқа дейін зардап шек­кен немесе қаза тапқандардың тізі­мін­де ел азаматтары жоқ. Сонымен қатар көптеген қираған ғимараттың асты­нан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Алайда Түркияда отандық компа­ния­да жұмыс істеген Қазақстан азаматы табылмай жатқаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Түркиядағы жойқын жер сілкісінен кейін Қазақстан азаматы Мирус Құрмашев жоғалып кеткен.

– Досымыз, Astana Hub технопар­кі­нің халықаралық агенті Мирус Құр­машев Түркиядағы зілзала кезін­де жо­ға­лып кетті. Ағасы Алмат Құр­ма­шев­тың айтуынша, жер сілкі­нісі кезін­де ол Түркияның Хатай қаласында бол­ған. Содан бері онымен байланыс үзіл­ді. Отбасы мен достары алаңдап, жан-жақты іздестіруде, бірақ әлі де еш­қан­дай хабар-ошар жоқ, – деп хабарлады Astana Hub бас директоры Мағжан Мә­диев. Оның сөзінше, Мирустың бауы­ры мен достары, қазақстандық ерікті­лер оны іздеу үшін Түркияға ұшып кеткен.

Сыртқы істер министрлігі болса бұл жағдайға қатысты түсінік бере алмайтынын, жоғалған азаматтың туыстары Түркиядағы Қазақстан консулдарына хабарласу керегін айтты.

Түркиядағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы өкілетті орган­дар­ға шұғыл көмек көрсетуді тап­сыр­ғаны белгілі. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистр­лігінің үйлес­тіруімен Ұлттық волон­терлер желі­сі Түркияда жер сілкіні­сінен зардап шеккендерге гумани­тар­лық көмек жинау іс-шарасын бастады.

«Гуманитарлық көмек республика­лық маңызы бар барлық қалалар мен облыс орталықтарындағы «Birgemiz» өңір­лік волонтерлер фронт-офис­тері­нің кеңселерінде ұйымдасты­рылып, Ұлттық волонтерлік желісі арқылы Қазақстандағы Түркия елшілі­гіне тап­сырылады. Түркия елшілігіне барып, зілзалада опат болғандардың отбасы­ларына көңіл айтып, зардап шеккен­дердің тез сауығып кетуіне тілектес­тік білдірдім. Сонымен бірге волонтер­лер тарапынан жасалатын көмек тура­сында пысықтадық», деп жазды Ақ­па­рат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Билікпен бірге ел белсенділері, қарапайым тұрғындар да бауырлас елге көмек қолын созып жатыр. Журналист Нұрбек Бекбау зардап шеккен халыққа киіз үй жіберуге ниет білдіріп, халыққа ой тастады. Бұл бастаманы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жеткізді.

«Түркияға жүз шақты киіз үй жіберсек? Зілзаладан үйлері қирап қал­ған халық ашық далада отыр. Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй шошып отырған бұқараға психикалық қатерсіз көңіл күй сыйлар еді. Наурыз мейрамында әр облыста жүздеген киіз үй тігіледі. Әкімдіктер өңірде қанша киіз үй барын біледі. Жинап, Түркияға жіберейік. Осы жолы Наурыз тойламай-ақ қоялық. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, «атажұрттан көмек келді» деген сөздің психологиялық салма­ғы алапат. Әрі достығымыз, туыс­ты­ғымыз осындайда артады», деді Нұрбек Бекбау.

Қазір Түркияда он елдің 1000-ға жуық құтқарушы маманы зардап шеккен нысан­дарда жұмыс істеп жатыр. Алапат кесел орын алған күннен бастап бұл елге Әзербайжаннан – 400, Қазақ­станнан – 100, Ресейден – 100, Беларусь Респуб­лика­сынан – 64, Қырғызстаннан – 63, Гру­­зиядан – 60, Өзбекстаннан – 60, Мол­дова­дан – 55, Тәжікстаннан – 50,  Эстониядан – 44 құтқарушы аттанған.