Несие • 08 Ақпан, 2023

Несие қарызы көп пе, аз ба?

338 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірінші несие бюросының хабарлауынша, ел азаматтарын несиеге белшесінен батты деу – орынсыз дерек. Олардың мәліметі бойынша, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша несие портфелі бір жыл ішінде 28,3 пайызға (немесе 1,6 трлн теңгеге) ұлғайып, 7,4 трлн теңгені құраған. Сонымен қатар бұл бюро банктер мен банктік емес қаржы ұйымдарының балансынан есептен шығарылған несиелер де қосылған деректерді ұсынады. Яғни біз осы сегменттегі барлық несие туралы айтып отырмыз.

Несие қарызы көп пе, аз ба?

Дегенмен сектордағы портфель сегменттелген және динамикасы өтелмеген қарыз сомасына байланысты айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, жалпы несие порт­фелінің бірден 45 пайызы (3,3 трлн теңге) қарыз алу­шылардың небәрі 10 пайызына (700 мың адам) тие­сілі. Олардың әрқайсысы – орташа есеппен 2,5 млн теңге қарыз. Осы санаттағы азаматтардың несие алуы жыл­дам өсіп келеді: 2022 жылы осы 10 пайыз қарыз алушы­лар­дың жалпы қарызы 1,5 есеге жуық (47 пайыз) өскен.

«Қарыз алушылардың қалған 90 пайызы 6,3 млн адамды құрайды, бірақ оларға портфельдің тек 55 пайы­зы (шамамен 4,1 трлн теңге) тиесілі. 2022 жылы бұл сегменттегі несие портфелі бар болғаны 16,3 пайызға өсті, бұл инфляция деңгейінен (20,3 пайыз) төмен. Оның үстіне 0,5 млн теңгеге дейінгі ең аз қарызы бар жұмыс істеп тұрған қарыз алушылардың жартысына (3,5 млн адам) жалпы қарыздың небәрі 10 пайызы немесе шамамен 740 млрд теңге ғана тиесілі. 2022 жылы бұл қарыз алушылардың портфелі 9 пайызға ғана өсті. Бұл сегментте орташа қарыз 202 мың теңгені құрайды, бұл іс жүзінде бір жыл бұрынғы деңгейден аспайды (ол кезде орташа қарыз көлемі 200 мың теңгені құрады, 1 пайызға ғана көбейді)», деп жазады Ranking.

Осылайша, несие портфелінің өсуін елдегі несие мас­сасының жартысына жуығын құрайтын ең ірі несие­лері бар қарыз алушылардың 10 пайызы қамтамасыз етіп тұр. Бұл адам­дардың кедейлер санатына және әлеуметтік әл­сіз топ­қа жатпайтыны анық дейді сарапшылар. Мұнда бір бо­рыш­кердің ең аз 2,5 млн теңге қарызы болса, ең көп сома – 3,5 млрд теңге, ал орташа көрсеткіш – 4,6 млн теңге.

«Бұл азаматтарға банктер мен басқа да несие мекемелері ерекше қарайды. Қарыз алушылардың осы сегментіндегі борыштық жүктеме деңгейі туралы алаңдаудың қажеті жоқ. Шындығында, үлкен сома несие алатын 700 мың борышкердің басқа санаттағы азаматтардан үш есе қарқынды қарыз алып жатқанына қарап барлық азамат несиеге белшесінен батып жатыр деген жалған қорытынды жасалып отыр. Жалпы, несие портфелін борышкер санына шаққанда жүктеме екі есе көбейді делінгенімен, қарыздың көбеюі жоғарыда аталған 700 мың борышкер есебінен болып отыр. Осылай жіктеп қарағанда халықтың қарызға соншалықты батып жатпағанын байқауға болады», деп мәлімдейді бюро.

Несиелердің табысқа қатынасын қарастырған кезде азаматтардың қарыздық жүктемесі, керісінше, айтарлықтай төмендегені де байқалады. Мысалы, ең көп сомада несие алатын 10 пайыз борышкердің қарызы жалақыға шаққанда былтыр 18,3 есе болса, қазір 15,3 жалақыға тең екен. Қарыз алушылардың 90 пайызы, яғни қарыз алушылардың негізгі бөлігі туралы айтатын болсақ, мұнда әр борышкердің мойнындағы қарыз олардың 2 жалақысына тең. Былтыр бұл көрсеткіш 2,3 болған. Оның үстіне борышкерлердің 50 пайызындағы несие көлемі бір жалақы көлемінен де аз (дәлірек айтсақ, бір жыл бұрын 0,8 жалақы болса, қазір 0,7 жалақы).

Сондай-ақ несие бюросы азаматтардың қарызды мерзімінен бұрын жиі жауып тастайтынын да мәлімдейді.

2022 жылы тұтынушылық кепілсіз несие көлемі 6,7 трлн теңгені құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға көп. Бір несиенің орташа сомасы бір жыл бұрын 314 мың теңге болса, қазір шамамен 22 пайызға азайып, 246 мың теңгені құрапты. Бұл ретте қарыз алушылардың 90 пайызы үшін берілген несиенің орташа мөлшері 2022 жылы қаңтардағы 178 мың теңге болса, 2022 жылы желтоқсанда 171 мың теңгені құрады.

Портфельдің сапасы жыл ішінде айтарлықтай өзгерген жоқ, сәл ғана жақсарды: 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктер мен банктік емес ұйымдар берген несиелер бойынша 90 күннен артық кешіктірілген берешек үлесі 12,9 пайыз болса, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш – 12,8 пайыз. NPL90+ жалпы көлемі биыл жыл басында 943,8 млрд теңгені құрап отыр.