Алматы • 17 Қазан, 2024

Алматыға жұрт неге асығады?

368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мың бояулы Алматы туристерге несімен қызық? Осы сауалға нақты жауап табу мақсатында алғаш рет мегаполиске табаны тиген саяхатшылардың орташа статистикалық бейнесі жасалды.

Алматыға жұрт неге асығады?

Қазір Алматыға 50 ба­ғытта тікелей әуе рейсі қатынайды, 82 мем­лекеттің азаматтарына визасыз режім жасалған. Әлбетте, мұндай нақты шаралар туристер легінің өсуіне елеулі ықпалын тигізіп отыр.

Сонымен Алматыға ке­ле­тін туристердің орташа ста­тис­тикалық бейнесі қандай деген сауалға келетін болсақ, бұл сараптамаға «Almaty Tourism Bureau» Страте­гиялық жос­пар­лау және реформалар агент­тігіне қарасты Ұлт­тық статистика бюросының Ал­маты қалалық департаменті мұрындық болып, «Mastercard» қолдау танытқан. «Tourism Insights» аналитикалық платформасының мәліметтерін талдай келе, ше­телдік туристердің басым бөлігі Алматыға достарымен келетінін, жалғыз саяхаттайтындар 26-35 жас аралығындағы ер адамдар екендігін анықтаған. Шетелдік қонақтар мәдени думандар мен экотуризмді қалайды десек, 42%-ы қонақүйлерге тоқ­тайды. Орташа алғанда, ше­телдік меймандар Алматыда 5 күн­дей аялдап, күніне шамамен 334 доллар жұмсайды.

Ал ішкі туримзге келетін бол­сақ, бұл негізінен 18-25 жас аралығындағы ер адамдар, олар көбінесе туыстарының үйіне барады немесе хостелдерде тоқ­тағанды қалайды. Отандық туристер шамамен күніне 38 доллардай ақша жұмсап, 2 күн­дей қыдырады. Ал шетелдік турис­тердің өз еліміздің саяхатшылары­на қарағанда шы­ғындары 8,7 есеге көп. Демек осынша қаражат қалдырады деген сөз.

пр

Жалпы, пандемиядан кейін­гі Алматының туристік саласында тұрақты ілгерілеу бар. 2024 жылдың тек алғашқы жарты­жылдығында Алматыға келген туристер саны 10,1%-ға артып, 1 070 358 адамға жетті. Шетелдік турис­тер сегментінде айтарлықтай өсім байқалып, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға артып, 302 358 адамға жетіп отыр. Бұл еліміздегі жалпы турист ағынының 53,3%-ын құрайды.

Қысқасы, 2024 жылдың ал­ғашқы сегіз айында Алматының туризмнен түсетін салығы 62,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жыл­мен са­лыстырғанда 39,5%-ға өс­кен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 72,3%-ға артып, ор­наластыру орындары көр­сет­кен қызметтердің көлемі 32,5%-ға ұлғайды. Әлбетте, деректер Алматыға туристердің қызығушылығы артып келе жат­қанын дәйектейді.

Тақырыпқа орайлас, қазірде Алматыда туристердің ар­қасында қанағаттану индексі туристердің арқасында 9,8%-ға өс­кенін де айта кетуге болады. Бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін құбылуы ғажап емес, алайда кері кете қоймас. Сонымен Алматыда туристердің қанағаттану индексі (GTPI) 9,8%-ға артып, 76,61-ге жеткен.

Туристік ерекшеліктерді талдау олардың көпшілігі Алматыға таулар мен табиғатты тамашалауға келетіндігін көрсетеді (43%). Өнер екінші орында (21%), белсенді өмір салты – 17%, азық-түлік пен сауда сәйкесінше 3%, 5%-ды құрайды. Алматы туристері Еуропа мен Азияны дастарқанда тоғыстыра алатын ұлттық тағамдарды да, гас­трономиялық таңсық астардың дәмін де тата алады.

Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айларында ғана Алматы бағытына билеттерді брондау 69 мыңға дейін өскен, бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 53,1%-ға артық. Брондау статистикасы жөнінен Түркиядан келгендер 24,3 мың (+32,5%), одан кейінгі орындарда – Оңтүстік Корея мен Біріккен Араб Әмірліктері.

Жыл басында Алматы бағы­тында билет іздеуде Үндістан, Қытай мен Түркия азаматтары көш бастап тұр. Mastercard мәлі­меттеріне сүйенсек, билеттерді белсенді түрде іздейтін әрбір миллион тұрғынға 526 адамнан келеді, бұл бұрнағы жылдан 172 адамға көп, ал билеттерді іздеу саяхатқа дейін 84 күн бұрын басталады.

Дегенмен Алматы туризмі туралы әңгіме қозғалғанда, айналып өтпейтін бір мәселе бар. Сөз жоқ, мегаполиске жолы түскен шетелдік қонақтар Ме­деу мұз айдыны, Шымбұлақ шатқалдарын көрмей кетпейді. Тау туризміне әуес, экстремалды спорт түрлері мен тау-тас кезгенді сүйетін жиһанкездер Алматыға ат басын арнайы бұ­рады. Алайда тауда тұманды, жауынды кездерде кейде адасып кететін туристерді айтпағанда, қауіпті жағдайларға душар болып жататындары да табылады. Сондықтан қазіргі күндері альпинистер құтқарушыларды экстремалды жағдайда жұмыс істеуге ма­шықтандырып жатқанына ерекше тоқтала кеткен жөн.

пр

Мысалы, 2024 жылғы 5 қыр­күйек пен 1 қазан аралығында «Тұйық су» альпинистік лаге­рінде республикалық жедел-құт­­­қару жасағының құтқару­шыларына «Бастапқы дайын­дық» бағдарламасы жөнінде оқы­ту жұ­мыстары өтті. Құтқару­шы­ларды үйрету, баулу жұмыс­тары Алматы қаласының альпи­низм федерациясының тәжі­рибелі нұсқаушыларының жетек­шілігімен жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға Алматы қаласының туризм басқармасы мұрындық болып отыр.

Оқу бағдарламасы құтқару операцияларының негізгі қағи­даттары мен әдістерін мең­геруге, сондай-ақ төтенше жағдайларда ұйымдастыру, басқару дағды­ларын дамытуға бағытталған тео­риялық, практикалық сабақ­тар­дан тұрады.

Теориялық дайындық барысында құтқарушылар құтқару операцияларын жоспарлаудың негізгі аспектілерін, қауіпті жағдайларды бағалауды, арнайы альпинистік құрал-жабдықтарды қолдануды, таулы жағдайда алғашқы меди­циналық көмек көрсету техникасын үйренбек. Құтқару топтары арасындағы өзара байланыс пен іс-қимылдарды үйлесімді жоспарлау мәселелеріне айрықша назар аударылатыны айтылған.

Ал тәжірибе жүзіндегі да­йындықтар нақты таулы рельеф жағдайында 1-2 күрделілік деңгейіндегі Іле Алатауының клас­сификацияланған альпинистік маршруттарында 3-разряд нор­мативін орындау арқылы іске асады. Бұл құтқарушыларға адам аяғы баспаған қиын әрі экстре­малды жағдайларда жұмыс іс­теуге қажетті дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Жаттығулар беткейлерге көтерілу, түсу, зардап шеккендерді эвакуациялау, арқан, басқа да арнайы альпинистік құрал-жабдықтарды қолдану ар­қылы құтқару операцияларын жүргізуге бағытталған.

«Бастапқы дайындық» бағ­дарламасымен құтқару­шы­лар­­ды дайындау Алматы таулы аймақтарында туристердің қауіп­сіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Оқыту нәтижесінде құт­қарушылар төтенше жағ­дайларда жедел әрекет етіп, мегаполис қонақтары мен тұр­ғындарының қауіпсіздігін қам­тамасыз ете алады.

 

АЛМАТЫ