Оқиға • 22 Қазан, 2024

Маңғыстауда ер адам жүкті әйелін пышақтап өлтірмек болған

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауылында орналасқан сауда орталығында ер адам аяғы ауыр әйелін өлтіруге оқталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстауда ер адам жүкті әйелін пышақтап өлтірмек болған

Фото: m.in-news.ru

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Анықталғандай, азамат К. 2024 жылғы 13 шілдеде сағат 21:30 шамасында алкогольдік масаң күйде болып, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында орналасқан «Р» сауда орталығының алдында заңды некедегі зайыбы жәбірленуші А-ның жүктiлік жағдайда екенiн біле тұра, оған қасақана күш көрсеткен. Оны қазаға ұшырату ойымен, өзімен бірге алып жүрген ас үй пышағын қолданып, жәбірленушінің денесінің арқа, сан және кеуде тұсынан бірнеше рет соққылар жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Одан әрі, сотталушы К. өзінің қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпай, алған ауыр дене жарақаттары салдарынан жерге құлаған жәбірленуші А.-ның дәрменсіз күйде жатқанына қарамастан, өзінің аяқтарымен жәбірленушінің басынан бірнеше рет теуіп дене жарақатын салған.

Оқиға болған жерге дер кезінде келген полиция қызметкерлері, сотталушы К.-ны күш қолдану (қолын қайыру) арқылы ұстаған.

Прокурор К.-ны тағылған айып бойынша кінәлі ден танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап еткен. Ал жәбірленуші сотталушы К.-ға жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Сотталушы К. жасаған әрекетіне шын ниетімен өкінетінін мәлімдеп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

«Сотталушының кінәсі, жәбірленушінің және куәлердің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен және өзге де іс-құжаттарымен дәлелденді. Сот К.-ға жаза тағайындау барысында, оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде шын ниетпен өкінуін, ал жазасын ауырлататын мән-жайларға, қылмысты масаң күйде жасағанын таныды. 2 қазан 2024 жылы сот үкімімен: К.-ны ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.