Қазақстан • 08 Ақпан, 2023

Президент резиденциялары – балалар игілігіне

537 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бес аймақтағы Президент резиденциялары балалар игілігіне берілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Тараз қалаларындағы «Пре­зидент үйлерін» мектеп, балабақша немесе сауықтыру лагерьлеріне айналдыруды тапсырды. Ал ғимараттардың нақты қандай мақсатта қолданысқа берілетінін енді облыс әкімдіктері анықтап, жүзеге асырмақ.

Президент  резиденциялары –  балалар игілігіне

Коллаждарды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Еліміздің бірқатар өңірінде Мемлекет басшысының резиденциясы бар. Олардың басым бөлігі облыс орталықтарының маңында орналасқан. Осы орайда «Amanat» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғам­дық кеңес төрағасы Динара Зә­киева жергілікті әкімдіктерге құ­­лақ­­қағыс жасап, ұсынысын біл­­дірді.

– Бұл – өте жақсы жаңалық. Президент тапсырмасы бойын­ша бүгінде балаларға арнал­ған көптеген жоба іске асы­ры­лып жатыр, атап айтқанда, оқушылар сарай­ларын салу, кемінде жиырмаға жуық оңалту орталықтарын, аутизм ор­талық­тарын ашу. Сонымен қатар бос инфра­құ­рылымдарды қажет ететін бағыттар да бар. Балабақшалардың қажет екені де сөзсіз. Бұқаралық ақпарат құрал­дарының мә­ліметінше, резиденция­лар қаладан алыстау жерде орналасқан, жасыл желек­термен қоршалған. Мысалы, Ақтө­бе қала­сындағы резиденция Қарғалы өзе­нінің жағасында, ал Ақтауда Каспий жаға­лауында орналасқан. Сондықтан біз өңірлерге бұл ғимараттарды ерекше қажет­тілігі бар балаларға, оның ішінде мен­талды ерек­шелігі бар балаларға арнал­ған санаторийлерге бейімдеп, пайдалануды ұсынамыз. Біз ерекше балалардың аналарымен бірлесіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арналған ұсыныстарымызды пысықтаған кезде, олар менталдық даму ерекшелігі бар балаларға санаторий-курорттық ем алу мүмкіндігі қарастырылмағаны туралы мәселені көтерді. Ал министрлік болса, қолданыстағы сана­то­рийлердің аталған ерекшелігі бар балаларға жарамсыз екенін айтты, – деді кеңес төрағасы.

Статистикалық мәлімет бойынша, қазір елімізде ерекше қажеттіліктері бар 104 мың бала бар, оның 19 мыңы – менталды даму ерекшеліктері бар бала. Бұл балалардың ата-аналары, әдетте, аналар, оларды тәулік бойы сүйемелдеу мен күтіммен қамтамасыз етуге мәжбүр.

– Жалпы, бұл санаттағы балалар мен олардың ата-аналарын қолдау бойынша шешуді қажет етіп тұрған біраз мәселе бар. Санаторийлер оларды қолдаудың бірі болар еді. Осы орайда бұл ғимараттарда санаторийлерді барлық санаттағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімдеп, ашу керек. Себебі санаторийлерде білікті медициналық және педагогикалық көмек алумен бірге демалу да қарастырылады. Балаға да, оның ата-анасына да күнделікті күйбең тіршілікті аз уақытқа болса да ұмытып, эмоционалды түрде демалуға септігін тигізері анық. Жаңа қоршаған орта, әдемі көрініс, табиғат – бұл балалардың әлеуметтенуіне пайдалы, олардың дамуына оң әсер етеді, – деді «Amanat» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Динара Зәкиева.

 

Ақтау: бала қуанышының бастауы

пал

Ақтау қаласындағы «Президент резиденциясы» 15-шағын ауданы тұстағы теңіз жағалауына жақын орналасқан. Мемлекет басшысының бірқатар өңірлердегі резиденцияларды балалар қажеттілігі үшін пайдалану жөніндегі тапсырмасын басқа өңір тұрғындарындай маңғыстаулықтар да қуана қабылдады. Қолда бар деректерге сүйенсек, теңіз жағасындағы 225,94 га жер 2007 жылы 12 желтоқсанда №136 сатып алу-сату шарты негізінде вилла салу үшін «Oil Real Estate» ЖШС жекеменшігіне өткен. Ал Үкіметтің 2012 жылғы қаулысымен бекітіліген бас жоспар бойынша ол жерлер демалыс аймағы айналған. Яғни «реакрационды аймақ». Вилла шамамен 9-10 га жерге салынған және он бес жылдан бері аумақ тұтастай тас қоршаумен қоршалған.

– Бұған дейін өзекті үш мәселені көтерген едім. Біріншісі – Президент резиденциялары үшін жекеменшікке өтіп кеткен жерлерді  мемлекетке қайтару болса, екіншісі Конституция мен заң мәтіндеріндегі қателерді түзету, ал үшіншісі – ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша Қостанай облысына көшуге ынталы маңғыстаулықтар үшін жаңа қонысқа газ тарту мәселесі. Мемлекет басшысының шешімі халық үшін қуанышты жаңалық болды, – дейді жас ғалым Бақтыбай Жайлау.

Ақтауда ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеумен айналысатын арнайы орталық жоқ. Науқас балаларын Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығына немесе Алматыдағы «Ақсай» емдеу орнына тасымалдау – ата-ана үшін оңай емес және бұл көп жыл бойы шешімін таппай жүрген мәселе. Әрине, резиденцияны енді қандай мақсатта қолданатынын жергілікті әкімдік анықтайды, қандай болғанда да бұл балалар үшін үлкен жаңалық болғалы тұр.

 

Ақтөбе: үмітті кезең

пчаорчр

Ақтөбе қаласындағы Президент резиден­циясы Қарғалы өзенінің бойында күншығыс бетте орналасқан. Тарихқа жүгінсек, ХІХ ғасырдың басында Қарғалы бойындағы қалың тоғай Арынғазы ханның резиденциясы болған екен. Сол заманда Қарғалы өзенінің арнасы қазіргіден бірнеше есе толы, жан-жағы жайқалған ну орман болған. Бұл жерден ағаш үй салып, жазда бие байлап, тоғайдың ішінде аң аулап, құс жүгірткен Арынғазы хан 1825 жылы Калугаға ұзақ мерзімге жер аударылған соң иелік бос қалған. Ақтөбе-Ор тасжолының бо­йынан екі шақырымдай қашықтықта орналасқан осы мекенге Ақтөбеге келген лауазымды тұлғалар орналасады. Екінші жағынан резиденция облыс­ты басқарған әкімдердің отбасы мүшелерімен қоныстанатын орны. Қысы-жазы күзеті күшті мекенге кездейсоқ жолаушы қонақтай алмайды, аумағы атшаптырым резиденцияны күтіп ұстайтын – күзетші, аспаз, бақшасын баптайтын бірнеше қызмет бар.

«Президент тапсырмасын біз шұғыл түрде орындауға кірісіп кеттік. Негізгі сұрақ – қазіргі кезде Ақтөбеде балалар үшін ең бірінші қандай мекеме қажет? Резиденцияны денсаулығында кінәраты бар балаларды сауықтыру орталығына, балабақшаға, болмаса оқушыларға арналған жаздық лагерьге айналдыру керек деген ұсыныстарды біз облыстық білім және денсаулық сақтау басқармалары басшыларымен бірлесіп талқылап жатырмыз. Ең әуелі резиденцияны қандай заңдылықпен мемлекеттік меншікке алу жолдарын мемлекеттік органдармен бірге талқылаудамыз. Осы сұрақты шешуге бір апта уақыт кетеді. Содан кейін он бес күннің ішінде бұл жерден балаларға арналған орталықтардың бірі ашылады. Ғимараттың ішіне құрылыс және жөндеу жұмыстарын шұғыл түрде жүргіземіз», дейді Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.

Жергілікті органдардан резиденцияны ұстап тұруға жылына қанша көлемде қаражат бөлінетінін біле алмадық. Дегенмен қазіргі кезде өңірде мүгедек, жетім балаларға арналған табиғат аясында жабдықталған арнайы мекеме жоқ. Облыс орталығында 1-6 жастағы жетім және туабітті денсаулығында кінәраты бар балаларға арналған «Үміт» сәбилер үйі бар. Мұнда 21 жетім және мүгедектігі бар бала тәрбиеленеді. Оның 17-сі тұлдыр жетім болса, төрт баланың анасы бар. Балаларын қарауға шамасы жетпегендіктен, үш жасқа дейін балаларын осы жерге уақытша орналастырған. «Үміт» сәбилер үйінің бір жағында ақыл-есі кем, түрлі сырқаты бар 25 ересек жетім бала тәрбиеленіп жатыр. Осы балаларды Президент резиденциясына көшірсе жақсы болар еді деген ұсыныс бар. Өйткені қаланың қақ ортасында орналасқан сәбилер үйінде балалардың таза ауа­да еркін жүруіне мүмкіндігі жоқ. Ал Қарғалы бойындағы қоршалған резиденцияның ауласында түрлі сауықтыру іс-шараларын өткізуге болады. «Үміт» балалар үйінің ғимараты босап қалса, бұл жерде түрлі сырқаты бар балаларға арнап балабақша ашуға болады. Қаланың шетінде орналасқан резиденцияға балабақша ашылса, күнделікті апарып-әкелуге ата-аналардың мүмкіндігі болмайды. Айта кету керек, Ақтөбе қаласында тек аутизм дертіне шалдыққан 600 бала бар.

 

Атырау: саламатты сауықтыру

впчр

Мемлекет тарапынан балаларды қолдауға байланысты пәрменді іс-шаралар атқарылып келеді. Балалар жылы жарияланып, еркін елдің ертеңіне балайтын жас ұрпаққа сан алуан қолдау көрсетілді. Енді міне, Президенттің Атыраудағы резиденциясы балаларға арналған демалыс және сауықтыру орталығына айналғалы отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қонақ күту нысандарын балаларға арналған сауықтыру және демалыс кешені ретінде қайта ашу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Атырау облысының мемлекеттік органдары балалардың қажеттілігін зерттей бастады. Арнайы органдардың зерделеуінен соң балаларды сауықтыру және демалыс орталығының кешендік мақсаты айқындалады» деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Енді жергілікті әкімдік Президенттің бұрынғы резиденциясын қайта жабдықтауды көздеп отыр. Бұл резиденция Жайық өзенінің жағалауында орналасқан. Президенттің бұл қадамын жұртшылық жылы қабылдады. Тіпті балаларға тарту деп есептейді. Өйткені Атырауда да сауықтыруды қажет ететін балалар саны аз емес. Мәселен, «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы үш жыл бұрын ашылған. Мұнда психикалық және сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, церебральды сал ауруы, Даун синдромы бар балалар жан-жақты оңалтудан өтеді.

– Ерекше балаларға АВА-терапия, нейрогимнастика, сенсорлық интеграция, бейімделген спорт әдістері арқылы кешенді оңалту қолда­нылады. Орталықта логопед, психолог қызметтері көрсетіледі. Арнайы мамандар балаларды сөйлеуге, жазуға, қоғамдық ортада өзін өзі ұстау­ға үйретеді. Мұнда ай сайын 100-ден астам ерекше бала оңалтудан өтеді. Үш жыл ішінде орталықта оңалтудан өткен 30-ға жуық ерекше бала қатарластарымен бірге балабақшаға баруға мүмкіндік алды. Ал 15 бала мектеп табалдырығын аттады, – дейді «Зейін Атырау» орталығының жетекшісі Арай Бағытжан.

Былтыр бұл орталықта Томатис-терапияның заманауи әдістемесі енгізіліп, балалармен сабақ өткізуге арналған сенсорлық бұрышы жасалған еді. Ерекше балалар үшін бассейн де орнатылған. Бұл – жобаның құны 27 миллион теңге. Сондай-ақ «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар 50 балаға 120 тегін курс ұйымдастырылған.

 

Тараз: табиғатпен тәрбиелеу

чпор

Тараз қаласындағы Президент резиденциясы да алдағы уақытта балалардың игілігіне пайдаланылады. Жамбыл облысының жергілікті атқарушы билігі бұл мақсатқа жылына 50 миллион теңге бөлуді жөн көріп отыр. Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, ғимаратты күтіп ұстауға жұмсалатын қаржыны облыс әкімдігі шаруашылық басқармасы қарастырады. Балалар игілігіне пайдалануға берілетін нысан әзірге қандай мекеме болатыны нақтыланып жатыр.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз облысқа қарасты нысаннан балаларға арналған арнайы мекеме ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жұмысты жүйелеу мақсатында облыс әкімдігі білім басқармасының негізінде зерделеу тобы құрылды. Аталған топ нысанды аралап, барлық жағдайды зерделейді. Соңынан кеңесе отырып, нысанды мүгедек балаларға береміз бе немесе санаторийге айналдырамыз ба, жоқ әлде лагерь ретінде пайдаланамыз ба, осы мәселе бойынша нақты шешім қабылдаймыз», дейді облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жағдайды түсіндіріп.

Президент пәрменіне сәйкес шаһардан 15 шақырым жерде орналасқан кешен алдағы уақытта балалардың игілігіне берілетіні түсінікті. Дегенмен Мемлекет басшысы бұйрық бергенімен, нысанды түрлендіру типіне қатысты мәселені өңір басшыларының таңдауына қалдырып отыр. Аз күнде мәселе толықтай шешімін таппақ.

Қала маңында орналасқан резиденция 1965 жылдан бері қолданыста екенін айта кеткен жөн. Деректерге сенсек, кешенде 20 адам еңбек етеді. Телімде екі ғимарат, теннис корты бар. Айналасы жасыл желекпен көмкерілген.

 

Қостанай: қарағайлы саябақ аясында

арсоо

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қостанайдағы Президент резиденциясы да балалардың игілігіне берілмек. Облыс әкімдігі Президент тапсырмасының міндетті түрде орындалатынын, резиденция міндетті түрде балаларға арналған мекеме болатынын мәлімдеді. Бірақ оның нақты қай бағытта жұмыс істейтінін жуық арада арнайы құрылған жұмыс тобы анықтайды.

– Қостанай облысы әкімдігіне қарасты Амангелді елді мекенінде орналасқан лауазымды тұлғаларды күтуге негізделген кешенді балаларға арнал­ған әлеуметтік нысанға айналдыруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады. Осы мақсатта, облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиевтің төрағалығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы барлық мәселелерді зерттей отырып, облыс әкіміне бір айдың ішінде нақты ұсыныс береді. Басты мақсат – аталған нысанды балалардың әлеуметтік қажеттілігіне бейімдеу. Қымбат жобалардан бас тартып, мемлекет қаражатын үнемдеу мәселесін Қостанай облысы әкімі ұдайы көтеріп келеді. Аталған кешенді әлеуметтік салаға бейімдеу туралы аймақ басшысы бұған дейін де айтқан болатын. Президент тапсырмасы осы істі жылдамдатып,  бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ықпал етері сөзсіз, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жұматай Кәкімжанов.

Тобыл өзенінің жағалауындағы Президент резиденциясы Қостанай ауданындағы Әлжан және Садовый ауылдарының маңында, табиғаты әсем кең алқапқа орналасқан. Нысан шамамен 2 гектарға жуық жерді алып жатыр. Қалың ағаштың арасында тұрған кешеннің аумағында алты ғимарат бар. Оның екеуі 2002 жылы, төртеуі 2004-2008 жылдар аралығында, Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысын өткізуге дайындық шаралары барысында салынған. Бейресми мәліметтерге сенсек, алып кешенді ұстап тұруға жылына 50 млн теңге қаржы жұмсалып келген.

Бұған дейін қарапайым тұрғындар кірмек түгілі, маңайына жақындап бара алмайтын күзеті күшті кешеннің әуеден түсірілген суретінен резиденция аумағында тұрған жасыл шатырлы, екіқабатты еңселі төрт үйді көруге болады. Шетірек екі ақ боз киіз үй, дәл ортада субұрқақ орналасқан. Ал қарағайлы саябақтың саясында теннис кортына ұқсайтын ақ шатырлы үлкен ғимарат тұр. Қорғаудағы кешен аумағында айдын көлге сұғына, судың дәл үстіне ағаштан салынған сегіз қырлы, жасыл шатырлы жеңіл ғимаратты да байқауға болады. Көл үстінде тұрған ғимараттан ұзындығы шамамен 5 метр болатын ағаш көпір арқылы жағаға шығады. Бұл ғимарат қайыққа мінуге арналған орын болуы керек деп болжадық. Келісті демалыс орнына лайық кешеннің бір шетіне қарай жасыл шатырлы тағы бір үй орналасқан. Бұл – гольф-клубтың әкімшілік ғимараты болу керек, өйткені үйдің жанында гольф ойнауға арналған ашық алаңқай бар. Кешен аумағындағы жарық бағандары мен жасыл желек, биік қарағайлардың көптігі қайран қалдырады. Өзара үйлесе жарасып тұрған келісті биік ғимараттардың арасын қымбат тас төсеніш төселген сүрлеу жолдар жалғап жатыр.

Көптен бері көпшілікке жұмбақ болып келген құпия кешеннің таяу күндері балалардың игілігіне өтетінін естіген қарапайым жұртшылық та Прези­денттің әділ шешіміне ризашылық білдіріп жатыр.

 

Материалды дайындағандар:

Гүлнар ЖОЛЖАН, Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ, Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ,

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»