Жәдігер • 09 Ақпан, 2023

Мұқағалидың қамшысы

640 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тағы бір жыл аунап түсіп, Мұқағали ақынның туған күні екенін еске алып отырмыз. Көзі тірісінде-ақ «Естеліктер жазылар мен туралы» деп кеткен ақиық ақынның шығармашылығы, адами болмысы, таланты туралы қаншама еңбек жазылды. Қазіргі күні қазақ поэзиясын Мұқағали Мақатаевсыз елестете алмаймыз. Жылдар өткен сайын ақынның тұтынған заттары жәдігер болып табылып жатыр. Соның бірі – ақынның өзі ұстаған қамшы.

Мұқағалидың қамшысы

Бұл қамшының тарихы туралы журналист Құдиярбек Ағыбаев өз естелігінде: «Мұқағали ағаңның бауырының үйінде отырмыз, – деді Жолымбет ағам енді бір мезгілде жанымыздағы қызмет етіп отырған жі­гіт ағасын таныс­ты­рып. Жас кезіңде адам­ның жарты миы ға­на жұмыс істейді деген рас қой деймін. Осы жазбаларды сол кезде неге қаздай тізіп, аты-жөнімен дәптерге жазып қоймадым екен деп қазір қатты өкінемін. Үйден аттанарда Жү­кем – Жолымбет ағам бір оғаштау мінез танытты. Ол бағаналы бері көзімізге түсіп, төрде ілулі тұрған қамшыны (суреттегі қамшы) бір сәт қо­лы­на алды. Біраз айналдырып қа­рап, ойланып отырды да: – Білесің бе, бұл – Мұқағали­дың, ақын Мұқағали Ма­қатаевтың өмірінің соңында қолынан тас­тамай ұстаған қам­шысы. Оған атақты бір қамшы жасайтын шебер сыйға тартқан екен. Ол Қарасазға немесе Асыға, жай­лауға атпен шыққанда осы қамшымен баратын, – деді».

Әріқарайғы әң­гіме Жо­лымбет есім­ді кісінің журналис­ке Мұқағали ақын­­ның қамшысын сый­­ға тартқаны тура­лы өрбиді. «Мен осы жә­дігерді са­ған аманат етіп тап­сыр­ғым келеді. Сен де бір қазақтың ар­дақ­ты азаматысың. Аулымызда Мұқаң­ның музейі ашыла қояр емес. Ол ашылғанға дейін қан­шама өзі тұ­тын­ған жеке заттары мен бұйымдары көз алдымызда қолды болды. Біреулер тәбәрік көріп, сұрамастан алып кетіп жатыр. Бұл қамшының ендігі иесі сен боласың. Болашаққа аман-есен жеткізіп, табыстау да – енді сенің міндетің. Міне, ұста, қолыңа!.. Нарынқолдан ар­ғымақ мінбесең де, ақиық ақын Мұқағали ағаңның қамшысын ұстап қайт!» деді.

Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, аталған қам­шыны Құдиярбек Ағыбаев үйінің төріне іліп, сақтап келеді екен. Біз сөз етіп отырған қамшы халқы хан көтерген ақыннан қалған құнды жәдігердің бірі екені сөзсіз.