Қоғам • 10 Ақпан, 2023

Баспанаға сұраныс басым

387 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Құрылыс индустриясының экономикаға берер пайдасы жан-жақты, муль­ти­п­ли­­­­кативті әсері мықты. Сондықтан мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Қаржылай қолдау көрсетіп, қарапайым халықты баспанамен қамта­ма­сыз етуге барынша ықпал жасайды. Сол себепті «7-20-25», «Шаңырақ», басқа да осы секілді мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, соның аясында тұрғын үй құ­рылысын жандандыру ісі қолға алынып, бүгінде тұрақты жалғасын тауып ке­ле­ді. Дегенмен халықты толықтай баспаналы ету әзірге мүмкін болмай тұрғаны жасырын емес. Оның да өзіндік себебі бар.

Баспанаға сұраныс басым

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Тоқсаныншы жылдары аумалы-төкпелі заманда ауылдар қаңырап, халық жаппай қалаға ағылды емес пе? Сол тұста облыс орта­лығы болып тұрған Шымкенттің ай­на­ла­сына ауылдардан көшіп келген халық қоныс теуіп, соның нәтижесінде шаһардың аумағы бірнеше есеге өсіп кетті. Аз ғана уақыт ішінде жеке сектордағы үйлерден құралған тұтас шағын аудандар пайда болды. Алайда адамдардың өз күшімен жер үй салғанымен бұл тұрғын үйге деген қажеттілікті шешкен жоқ. Қайта ішкі көші-қон есебінен шаһардың халық саны жылдан-жылға өсе түсті. Есесіне тұр­ғын­дар­­дың да баспанаға сұранысы артты. Қа­лада көпқабатты тұрғын үй құрылысы екі мыңыншы жылдардан кейін ұлттық экономика әлеуеті артқан соң ғана қолға алына бастады. Соның нәтижесінде тек көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан­дар бой көтерді. 2018 жылы Шымкент республикалық мәні бар қала мәртебесіне ие болды. Еліміздің үшінші мегаполисі атану шаһардағы құрылыс қарқынын бұрынғыдан да үдете түсуге ықпал жасады. 2012 жылы қабылданған қаланың бас жоспары уақыт ағымына, жағдайдың өзге­руі­не байланысты қайта әзірленді. Қала аумағының кеңейіп, дамуымен тұрғын үй құрылысы да шарықтады. Бүгінде пайдалануға берілген баспаналардың жалпы ауданы бір жылға шаққанда миллион шаршы метрге жетті. Мұндай көрсеткіш шаһар тарихында бұрын-соңды болмаған. Дей тұрғанмен күні кешегіге дейін тұрғын үй құрылысында жеке сектордағы жер үйлердің үлес салмағы басым болып келді. Енді-енді ғана көпқабатты үйлер құрылы­сы­ның саны жеке секторға қарағанда арта бастады.

Бірақ та бүгінде салынып жатқан құры­лыс көлемі аз және оның қарқыны да баяу. Соның салдарынан азаматтарды жылдам баспанамен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Яғни кезекке тұрып, тұрғын үйдің берілуін күткен халықтың саны жылдан-жылға өсіп жатыр. Ал баспана құрылысы ұл­ғайып бара жатқан бұл көрсеткішті қуып жете алмай келеді. Мәселен, тұрғын үй басқармасының ресми дерегі бойынша, биыл 1 621 пәтерді пайдалануға беру жос­парланып отыр. Алайда бұл кезекте тұрған 50 мыңға жуық халықтың 2-3 пайызын ғана қамтамасыз етпек. Ал былтыр жеңілдікпен үй алуға кезекке қойылған халық саны 5 пайызға көбейген. Жалпы, тек мегаполис емес республика көлемінде тұрғын үй құрылысы саласында екпін бәсеңдеп қалған. Ұлттық статистика бюросының де­ре­гінше, былтыр халыққа баспана үлес­тіру көрсеткіші шамамен 9 пайызға азайған. Оның үстіне қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов айтып өткендей, 2035 жыл­ға қарай мегаполистегі халық саны 2 миллион адамға жуықтайды. Осыған байланысты шаһардың бас жоспарын әзірлеуде бұл талап ескерілген. Сол үшін алдағы уақытта жыл сайын 2 миллиондай шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал мынадай жағдайда құ­ры­лыстың сұраныстан басып озуы мүмкін бе?! Қаншама жылдан бері пайда болған кезек мысықтабандап әрең жылжып жатыр. Жоғарыдағы болжамға сәйкес демо­графиялық өсім көрсеткіші артса, үйсіз-күй­сіз жүрген адамдардың саны ертең­гі күні күрт өсіп кетпей ме?!

Қалалық құрылыс басқармасы басшы­сы­­ның міндетін атқарушы Ердәулет Әжі­баев­тің айтуынша, осы мәселе келешекте үлкен әлеуметтік проблемаға айналмау үшін жергілікті әкімдік құрылыс ком­пания­ла­рына үй салған уақытта инженерлік инфра­­құрылым жүйелерін тарту жағынан же­ңілдік жасауды қарастырып жатқан кө­рі­неді.

«Құрылыс нарығында осы саладан пайда тауып жүрген компаниялар көп. Сон­дықтан тұрғын үй салу тек әкімдіктің енші­сіндегі іс қана емес. Оның ішінде әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы да бар. Дегенмен басқарма бюджеттік үйлер құ­ры­­лысын жүргізуге тапсырыс беру­ші ме­ке­ме саналады. Негізінен үйлер арен­­далық және несиелік бағытта салынады. Арендалық баспанаға әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үміт ете алады. Жалға берілетін пәтер ешқашан жеке­шелендіруге жатпайды. Керісінше несие­лік үйді Отбасы банкі арқылы ипотека жолымен өз атына рәсімдей алады. Бас­қар­­маның тапсырысымен тұрғызылып жатқан үйлердің 90 пайыз қаражаты «Нұрлы жер» тұжырымдасы мен облигация ар­қылы республикалық бюджеттен, қал­ғаны жергілікті қазынаның есебінен беріліп отыр. Құрылысты жандандыру мен сапасын арттыру мақсатында әкімдік тарапынан сметалық құжаттамадағы бағаларды және базаға өзімізде өндірілетін материалдарды енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Мәселен, қазіргі сметада бір есіктің құны 17 мың теңге күйінде тұр. Ал оның шын бағасы нарықта әлдеқашан шарықтап кеткен. Сонымен бірге Шымкентте көптеген құрылыс материалдары өндіріледі. Егер олар сметаның базасына енгізілсе, құры­лыс компаниялары сол жергілікті өнімді қолданады. Сонда мегаполистің құрылыс индустриясы дамып, бюджетке салық есебінен қосымша табыс түсер еді. Үйдің сапасы мықты болу үшін берік, ұзаққа жарайтын құрылыс материалдарын пайда­лану шарт. Бірақ мұндай кезде баспа­на­ның бағасы күрт қымбаттайды. Пан­де­мия басталмай тұрған шақта бір тонна арматураның құны 280 мың теңге еді. Індет тудырған өндіріс тізбегінің бұзылуынан оның бағасы 500 мың теңгеден асып жы­ғылды. 17 мың теңгеден сатылған бір текше метр пеноплекст қазір 38 мың тең­геден саудаланып жатыр. Сондықтан құрылыс саласының тамырына қан жүгірту үшін халықтың сатып алушылық қабілетін күшейту қажет. Ал азаматтардың жеке табысы жалпы мемлекеттің экономикасының әлеуетіне байланысты. Сол себепті бұл мәселенің шешімін жан-жақты қырынан қарастыру керек. Астанада тұрғын үйдің 1 шаршы метр құны – 380 мың теңге, Алматыда 360 мың теңге болса, ал Шым­кент­те 330 мың теңгені құрайды деп жос­парлап отырмыз. Өткен жылы мегаполисте бюджеттік үйлердің құны 180 мың теңге тұрған. Негізінде құрылысты салуға кеткен шығын одан әлдеқайда асып түседі. Ал мұнда бағаның арзан болған себебі жергілікті бюджет есебінен халыққа сату кезінде әдейі төмендетілді. Бірақ биыл өткен жылғыдай баға болмайды. Қандай шекте белгіленетіні енді нақтыланады», деді Е.Әжібаев.

Басқарма өкілі құрылыс саласына қа­тыс­ты тағы бір проблеманың шетін шы­ғар­д­ы. Бұл – мамандар тапшылығы. Әсіресе сылақшы, тас қалаушы секілді қарапайым жұмысшылар маусымдық жұмыс кезінде таптырмай кетеді. Сондықтан құрылыс компаниялары жұмысшылар іздеп біраз қиналып жатады. Маманның пікірінше, бұған әлемдегі жастардың көзқарасын өзгер­тіп жатқан жаһандану үрдісінің де бір жағынан теріс әсері бар. Өйткені қазір өскелең ұрпақ бұрынғының жастары секілді жұмысшы мамандыққа сол сала­ның кәсіби шебері болуға қызықпайды. Кері­сін­ше әртүрлі спекуляциялармен, виртуал­­­ды тәсілдермен оңай олжаға кезіккенді қалайды. Осы ретте құрылыс саласының жетекшісі бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы ретінде жастарға қосымша кәсіптік мамандықты жаппай оқыту керек екенін айтады. Ертең сол бойынша еңбек етпесе де далада қалмайды, өйткені қолынан бір іс келеді. Сол себепті маман мәселесі құрылыс саласында да сапаға, жұмыстың жү­йелі жүруіне, нысанның уақытында тап­сырылуына белгілі бір деңгейде әсері болып тұр.

Дей тұрғанмен халықтың тұрмыстық жағдайы мемлекеттің басты назарында болғандықтан, азаматтарды, соның ішінде баспанаға мұқтаж әлеуметтік осал топтағы жандарды үймен қамтамасыз ету әрдайым бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселенің қатарына кіреді. Сондықтан Президенттің пәрменімен Үкімет тарапынан халықтың қалтасы көтеретін жайлы баспанамен қамту мақ­сатында түрлі мемлекеттік бағдар­ла­малардың қабылданғаны белгілі. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» секілді бағыттарды атап өтуге болады. Өткен жылы Тұрғын үй басқармасы арқылы 1 605 пәтер арен­далық жолмен пайдалануға берілсе, мем­ле­кеттік бағдарламаның жоғарыда аталған бағыттары бойынша 1 640 отбасы бас­паналы болды. Сонымен қатар Отбасы банк арқылы ипотекалық үй алушыларға алғашқы жарна төлеміне әлеуметтік көмек ретінде 1 млн теңгеге дейін жалпы сомасы 50 млн теңгенің сертификаты берілді. Биыл да сертификатқа өтінім қабылдау басталып, жиырмадан аса үміткердің өтініші қарауға жіберілді. Айтқандай, енді шымкенттік БАҚ өкілдері, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері Отбасы банкі жү­зе­ге асыратын Qamqor бағдарламасына қатысып, баспанаға қол жеткізе алады. Мұнда ипотекалық несие 5 пайызбен 25 жылға беріледі. Басты шарты үй құнының 10 пайыз алғашқы жарнасын төлейді және атында ешқандай үй болмауы тиіс, сондай-ақ мегаполис тұрғыны болуы керек. Биыл осы санат бойынша 150 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ал «7-20-25» бағдарламасының басқа­лар­­дан айырмашылығы, ол жекеменшік екінші деңгейлі банктер тарапынан іске асы­рылады. Бұл да – мемлекеттің төмен пайызбен ұсынатын жеңілдігі бар бағ­дар­лама. Алайда мұнда өтініш беруші жеке­меншік құрылыс компанияларынан жаңа үйді өзі тауып, құнын бағалатады. Содан соң банк төлем қабілетін растаса және бастапқы жарнасын құйып бол­ғаннан кейін 25 млн теңгеге дейін ипо­текалық заем ұсынады. Сондай-ақ бұл жерде үй нарықтағы бағамен сатып алын­ған­дықтан, құны да жоғары болады. Мәсе­лен, мемлекеттің бекіткен бағасы бойын­ша Отбасы банкі арқылы берілетін 2 бөлмелі пәтердің құны шамамен 14 млн теңге болса, «7-20-25» бағдарламасында 30 млн теңгенің төңірегінде сатып аласыз. Аталған бағдарламаның тағы бір артықшылығы, төлем қабілеті жақсы болса, кез келген уақытта ипоткалық несиеге үй алуға болады. Былтыр ешқандай шектеу болмай «7-20-25»-пен қаланың біраз тұр­ғыны баспанаға қол жеткізіпті. Алайда биыл неге екені белгісіз бағдарлама әлі іске қосылмай тұр екен. Соған байланысты қала­дағы коммерциялық банктер азаматтардан өтінім қабылдап жатқан жоқ.

 

ШЫМКЕНТ