Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске аса бастаған Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыруға бастайды. Тұтастай алғанда Бағдарлама болашақ табыстардың негізі, өнеркәсіпте ғана емес, сонымен бірге адам санасындағы өзіндік бір төңкеріс болмақ.
Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асырудың қыр-сыры хақында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Әсет Өрентайұлы, осы бағдарлама аясында 2015 жылға дейін ішкі жалпы өнімді 50 пайызға арттыру көзделген. Мұндай асқақ мақсатқа жетудің амалы қандай? Және сіз бұл тұрғыда қандай жобаларға басымдық берген болар едіңіз?
– Ондай жетістікке жету үшін белсенді жүргізуді талап ететін үш басты бағытты атап өткен жөн. Бірінші – индустрияландыру, яғни жаңа өндіріс қуатын қалыптастыру, өнеркәсіп саласында және агроөнеркәсіпте құны жоғары өнім шығару.
Екінші – үдемелі индустрияландыру. Дағдарыс тұсындағы ахуал мен Кеден одағы аясындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз өзіміздің бәсекелестік тұрғыдағы артықшылықтарымызды барынша игеруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, қысқа мерзімде дамыған елдердің деңгейіне жету үшін алғы шептен көрінуге талпынған абзал.
Және ақырғысы, үшінші міндет – инновациялық индустрияландыру. Еңбек өнімділігі жоғарылап, алдыңғы қатарлы технологиялар барынша қолданылып жатса, ұлттық инновациялық жүйе дами түссе, инновациялық индустрияландырудың нәтижесі сол болар еді. Сондықтан да осы күнде инновацияға, ғылымға, шет елдік технологиялық компаниялармен серіктестік орнатуға басымдық беріліп отыр. Бәрімізге – қарапайым халықтан бастап министрлерге, әкімдерге дейін бизнеске өзгеше көзқарас немесе артықшылық бар жерде ғана табысқа қол жеткізуге болады деп ойлаймын.
Ал егер келешегі бар жобаларға келсек, олар барлық салада кездеседі. Фармацевтикада Мемлекет басшысы алдымызға нақты тапсырма қойды – әрбір екінші дәрілік препарат Қазақстанда жасалуы керек. Бүгінде біз 100 млн. долларға дәрі-дәрмек өндіреміз, оның 20 пайызы экспортқа жіберіледі. Қазіргі уақытта “Фармация” БК ұзақ мерзімді сатып алу арқылы 2014 жылға дейін Президент тапсырмасын орындауға бағытталған жобамен жұмыс істей бастады. Сонымен қатар Астанада фармацевтикалық зауыт құрылысын бастау жобасы жүзеге асқалы тұр. Биыл дәл сондай жоба Шымкент, Алматы қалалары мен Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да қарқын алады. Осы іспетті маңызды жобалар металлургия, мәшине жасау, химия және өзге де салаларда баршылық. Барлығы да бағдарламаның айқындаушысы ретінде Индустрияландыру картасына енгізілген. Республика Үкіметінің қаулысымен бекітілген карта “Егемен Қазақстан” газетінің 6 мамырдағы нөмірінде жарияланған.
Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы жақсы платформадан серпін алғалы тұр. Өйткені, ел экономикасы өрлеу кезеңінде. Ішкі және сыртқы рыноктағы байланыс қазіргі жағдайға қолайлы. Еліміз өнеркәсібінің негізгі тауарларына деген сұраныс артты. Мұның бәрі өздігінен емес, экономиканы сауықтыру және дамыту жолындағы Үкіметтің бұрынғы жылдардағы қам-қарекетінің арқасында жүзеге асты. Тағы бір айбынды фактор келтіре кетудің орайы келіп тұр. Біле білсек, өнеркәсіптің өрлеуі – қазақстандық үлесті қорғауға алған Үкіметтің отандық тауар өндірушілерді қолдау шарасының нәтижесі. Атқарылған шаруаның берекеті сол, өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалды, бүгінде ол 11,5 пайыз деңгейінде. Мысалы, өңдеуші өнеркәсіптер 742,1 млрд. теңгенің тауарын өндірді. Бұл физикалық көлем индексінде өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 18,7 пайызға артық.
Енді осыны әр саладағы нақты мысалдармен әспеттеп көрейін.
Тоқыма өнеркәсібінде мақта-мата иірілімін өндіру 4,2 мың тоннаға дейін жоғарылап, 248,3 пайызға жетті. Тоқыма бұйымдарын шығару (киім-кешектен бөлек) 974,1 мың дана, яғни 260,3 пайызға ұлғайды.
Химия өнеркәсібінде хром тотықтарын шығару 6,9 мың тоннаға, жалпы алғанда үш есе көбейгені тіркелді. Натрий бихроматын өндіру алты есеге, 15,9 мың тоннаға өсті. Фосфорлы, минералды және химиялық тыңайтқыштар шығару 136 пайызға артқан (12,1 мың тонна). Металлургия саласында ферроқорытпа өндіру 426,9 мың тоннаға дейін (158,5 пайыз), түрлі диаметрдегі құбырлар жасау, прокат заттары 37,9 мың тоннаға дейін (өсім 288,3 пайыз) жоғарылауы да қуантарлық жәйт.
Отандық фармацияда да ілгерілеушілік бар. Дәрі-дәрмек өндірісі 3,6 млрд. теңгеге – 192 пайызға көтерілген. Өзге де фармацевтикалық препараттар – негізінен дәрі-дәрмекке қажетті қайта өңдеу шикізаты 548,5 млн. теңгеге, 155,6 пайызға артты.
Өткен жылы саяси қайшылықтың ортасында қалған атом өнеркәсібінде де уран өндіру мөлшерінің көбейгенін байқаймыз. Алғашқы тоқсанда бұл көрсеткіш 4004 тоннаға тұрақтады. Жоспарда 3881 тонна көзделген болатын. Мұндай керемет көрсеткіштер кез келген Еуропалық держава алдында абырой болуға жарап тұр. Бірақ бұл біз үшін тоқмейілсуге себеп емес. Өйткені, осы жылы алдымызда 144 индустриялық жобаны іске асыру міндеті тұр.
– Бағдарламаны қаржыландыру кезінде қандай да бір жеке дара, жоғары табысты салаға немесе өндіріске басымдық беріле ме? Мемлекет бағдарламаның жүзеге асу барысын қалай бақылайды?
– Қаржыландыру жағы түрлі формада және түрлі сипатта болады. Қазір “Бизнестің жол картасы–2020” жұрттың назарында. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметте әзірленген құжатта аймақтардағы бизнестің бастамаларын қолдау жағы қарастырылған. Оның ішінде – пайыздық ставканы субсидиялауды жеті пайызға дейін қысқарту мен несиені кепілдендіру және экспорттық тауарларды қаржыландыру гранты бар. Бұған дейінгі бағдарламалардан өзгешелігі сол, қаржыландыру құралдары жан-жақты пысықталған. “Бағдарламаның жүзеге асу барысын қалай тиімді бақылауға болады?” дегенге келсек, біріншіден, бұл құжатта мақсат пен меже нақты көрсетілген. Ішкі жалпы өнімді 50 пайызға көбейтуден бөлек қайта өңдеу саласындағы еңбек өнімділігін де 50 пайызға арттыру жоспарланған (кей салаларда 100 пайызға). Оған қоса инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесін жоғарылату, шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту және басқа да шаралар көзделген. Салааралық бағдарламаларда әр сала бойынша өзіндік “маңызды тиімділік көрсеткіштерін” дайындау жағы қарастырылған, оның үстіне әр министрлікте стратегиялық жоспар бар. Біз әр жыл сайын бірге отырып, қандай да бір шаруада алға жылжу байқалғанын зерделеп тұрмақпыз.
Осы арада тоқталып өтейін, көптеген жобалар, әсіресе, қосымша құны жоғары өнім шығаруға бағытталғандары ұлттық компаниялар арқылы қаржыландырылады. Ал ірі энергетикалық жобалар “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арқылы қаржыландырылады. Мұнай өңдеу саласындағы жобалар, оның ішінде шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларға қаржы “Қазына-инвест” компаниясы арқылы бөлінеді. Сонымен бірге бірқатар жобаларды “ҚТЖ”, “Қазатомпром” компаниялары іске асырады. Ауыл шаруашылығында жобалар “Қазагро” холдингі арқылы жүзеге асады. Шағын және орта бизнес болса “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-тың “Даму” қоры арқылы қаржыландырылады. Қаржыландырудың бірнеше институтқа бөлінуі жобалардың салалық ерекшелігіне қарай орайластырылған.
– Сіз бағдарламаның басталуына баса мән берілетінін бірнеше мәрте айтып едіңіз...
– Дәл солай! Спортшылардың тілімен айтсақ, 2010 жыл біз үшін “бір сер-піліспен” бағындыратын психологиялық бөгет. Үкімет Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, оны іске асыру жоспарын, 2015 жылға дейін өндірістік қуаттылықты ұтымды орналастыру сызбасын, құны 6,8 трлн. теңге болатын 101 жоба құрамына кірген республикалық Индустрияландыру картасын бекітіп, “Бизнестің жол картасы–2020” құжатын қабылдау туралы қаулы шығарды. Демек, барлық дайындық шаралары аяқталды. Келесі кезеңде ел үшін маңызы зор осы құжаттың барлық мүмкіндіктері белсенді түрде пайдаланылуы керек. Әр жобаға министр, әкім, ұлттық компания басшылары қатыстылығына қарай бекітілген. Қазір біз бизнес-қауымдастықпен, банк секторымен және “Нұр Отан” ХДП мүшелерімен қоғамдық бақылау орнатудың элементтерін қарастырып жатырмыз.
– Әсет Өрентайұлы, біз қашан қазақстандық өнімнің ұлғаюы, жұмыс орындарының көптеп ашылуы сияқты индустрияландырудың нәтижесін көре бастаймыз?
– Алғашқы нәтижелер осы жылы көріне бастайды деп ойлаймын. Мысалы, Павлодарда алюминий құймаларын шығару арқылы біз Қазақстан үшін алғашқы инновациялық өндірісті бастағалы отырмыз. Сонымен бірге, биыл Павлодар облысында алюминий зауытының келесі кезегі іске қосылады. Бұған қоса алып мәшине жасау өндірісі пайда болғалы тұр. Осы күнде жүк вагондарын шығару жұмысы қолға алынды. Ал Ақтөбеде компьютерлік томограф өндірісі міне-міне ашылмақ. Оңтүстікте кәсіпкерлер иірілген жіп пен мата өндіруге білек сыбана кірісетін болады. Ауыл шаруашылығы саласында қазір ет, құс, сүт және өзге де өнімдер шығару жөнінде көп шаруалар басталып та кетті. Қадап айтатын мәселе, бағдарламаны іске асыруға алпауыт компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес те атсалысып жүр.
– Жаңа индустрияландырудың кадрлық негізі қандай? Түрлі кәсіпке мамандар, оның ішінде сирек кездесетін мамандықтар бойынша жоғары білікті кадрлар көп керек шығар?
– Ол былай, біз жаңа заман кадрларын дайындау мен экономикалық қызметке жұмыспен қамтылмаған тұрғындарды тарту жағын жақсылап ойластыруымыз керек. Бұл кезегін күтіп, биржада тұрғандар мен күйбең тірлікпен жүргендер үшін үлкен мүмкіндік. “Бизнестің жол картасы–2020” аясында кәсіпкерлерге мамандарды дайындауға немесе қайта дайындауға қаржы жағынан қарайласу көзделген. Сондықтан әр инвестор, әр кәсіпкер осы жағын ертерек ойлап, кәсіпорнына қажет мамандардың тізімін жасауға кіріскені дұрыс. Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс әкімдері осы іске кірісіп те кетті. Енді кәсіпкерлер қозғала бастайды деп ойлаймын. Бірақ та ескерте кетейін, бізге өндіріс басқарушыларынан гөрі жұмысшылар көбірек қажет. Санды ықшамдауға ықпал ететін сапалы мамандар керек. Жалпы алғанда кадр мәселесі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының кезек күттірмейтін міндеті.
– Индустриялық даму стратегиясын әзірлегеннен бері біраз уақыт өтті, алайда ол өзінің тиімсіз жақтарын да көрсетіп үлгерді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы немен ерекшеленеді? Егер біз шикізат бағасы ойдағыдай болып тұрған дағдарысқа дейінгі кезеңде индустрия мен инновацияны дамыта алмасақ, қазіргідей қиын кезеңде сәтсіздікке ұшырап жүрмейміз бе?
– Индустриялық даму стратегиясын бағаламауға хақымыз жоқ, ол өзінің жағымды рөлін атқарды. Көптеген елдерде, тіпті Оңтүстік-Шығыс Азияның өзінде индустрияландыру үдерісі ондаған жылдарға созылғанын естен шығармайық. Оларда да қателіктер кездескен. Кейін ол азапты жол тарихи тәжірибеге айналып, заңды дүниеге ұласып кетті. Ал біздегі үдеріс керісінше болды. Бірінші кезеңде инвестиция, инновация туралы заңдық база қалыптасты, түрлі зерттеулер жүргізілді, қанат қақты жобалар жүзеге асты. Еске түсіріп көрсек, Кеңестер Одағының экономикалық және заңнамалық мұрасынан арылғаннан кейін 21-ші ғасыр басталғанша әңгіме тек макроэкономикалық тұрақтылық төңірегінде өрбитін. Азаматтардың санасы да социализмнің таптаурынынан босай қоймаған. Одан кейін қолайлы баға қалыптасып, бюджет пен жеке капиталды толтырған мұнай секторы қарқын алды. Енді, міне, алты-жеті жылдың жүзі болды, өндірісті елге айналу қарекеті жүріп жатыр. Иә, біз стратегияда қарастырылған барлық саланы игере алмадық, кәдеге жараған шаруалардың да, ойлап қарасаңыз, маңызы зор. Ең бастысы, еліміз үшін үлкен тәжірибе болды. Сондықтан да Мемлекет басшысы өткен жылы экономиканы әртараптандыруда прагматикалық амал керектігін атап өткен. Бұл орайда бұрын қабылданған бағдарламаларды жоққа шығару туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Тек, оларды жүйелеп, кеткен қателіктен сабақ алынды. Бүгінде Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бұрынғы тәжірибенің озық үлгілерін жинақтаған.
– Отандық өндірісшілердің бәсекелестікті арттыруда зор мүмкіндігі бар екендігі, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі құралы қазақстандық үлес екендігі сан рет айтылған. Бірақ, жергілікті өндірістерде проблемалар бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Сол саланы жаңғыртуға мемлекет бөлген қаржы жете ме?
– Өнеркәсіптегі проблемалардың дені технологиялық жағынан артта қалғандықта жатыр. Проблеманы шешудің амалы – конструкторлық бюро ашу үшін 2,2 млрд. теңге бөлінді. Одан бөлек Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында сұранысқа ие өндіріс ошақтарын жаңадан жасақтауға қаржы жұмсау жоспарланған. Осы жерде түсінік бере кетейін, біз несиелерді 90-шы жылдардағыдай оңды-солды тарата бермейміз. Қолдау өндірісі бағдарлама талабына сай келетіндерге ғана көрсетіледі. Ол талап бойынша құны жоғары, жаңа әрі экологиялық жағынан таза технология қолданылған, экспорттық әлеуеті жоғары тауар өндірілуі шарт.
Өнеркәсіптегі өзекті проблема – кәсіпорындардағы айналымға қажет қаржының жоқтығы. Оларды қаржыландырудың сенімді баламасы – тапсырыс беруші мен отандық өндірісшілер арасындағы ұзақ мерзімді келісімнің үлесін барынша ұзарту. Бұл – қазақстандық үлесті дамыту мен өзгеше өнім шығарудың күшті құралы. Мәселен, 2010 жылдың алғашқы тоқсанында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ компаниялар тобының тауарлар алдыру, жұмыс және қызмет түрлері бойынша жасасқан келісімдерінің жалпы құны 879 млрд. теңге болды. Ұлттық әл-ауқат қорының мамандары жыл соңына қарай қазақстандық үлес мөлшері 47 пайызға жетеді деп болжап отыр. Бұл өз деңгейінде жоғары көрсеткіш.
Өткен жылы Президенттің тапсыр-масымен Үкіметте, министрліктерде және ұлттық холдингтерде осы бағытта шұғыл әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Байқап қарасақ, нәтиже жаман емес. Тек мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық үлестің тауар түріндегі мөлшері 52 пайыз, “Самұрық-Қазынада” 63 пайыз, жүйе қалыптастырушы кәсіпорындарда 43,2 пайыз, жер қойнауын пайдаланушыларда 10,7 пайызға жетіп отыр. Тұтастай алғанда, 2009 жылы өткен форумдардың қорытындысына сәйкес 776,2 млрд. теңгелік 11 мың келісім-шарт жасалған.
– Қазақстандық үлеске қатысты заңнама жаңартылды, өзгертулер қаңтардан бастап күшіне енді. Бағдарламаның түпкі мақсатына жету үшін бұл жаңалықтың қандай пайдасы бар?
– Осы жаңалықтың арқасында сатып алу мониторингінің бірыңғай тиімді жүйесі қалыптасты, мемлекеттік органдар арасындағы кейбір жауапкершілік пен міндетке ішінара шектеу қойылды. Осы күнде тиімділік көрсеткіштері әзірленіп жатыр.
Мониторинг пен сараптама жүргізуге септігін тигізген қолданыстағы “Қазақстандық үлес” – www.ks.gov.kz Интернет порталы. Бұл – қазақстандық өндірісшілерге ақпараттық қолдау көрсететін әмбебап техникалық құрал. Порталда тауарлардың, жұмыстар мен қызмет түрлерінің бірыңғай тізімін енгізу, отандық өндірісшілер тауарларының каталогын жариялау қызметі де енгізілген.
Заңнаманы жетілдіру отандық өндірісшілер мен жабдықтаушыларға қысқа мерзімде сатып алу жолымен, ұзақ мерзімде жүйелі шара түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуге септігін тигізді. Экономиканы әртараптандыру мақсатындағы міндеттер бәрімізге ортақ. Оның жүзеге асуына тек әкімшілік әдіс тұрғысынан келу жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет өндірістік және экспорттық болсын, инвесторлардың кадрлық талпынысы болсын, отандық бағыттағы тіршілікті барынша қолдайды.
Бұдан былай әрбір ірі жоба қазақстандық үлес тұрғысынан қаралады. Президент тапсырмасына сәйкес қазақстандық үлес жөніндегі жұмыс тобының отырысы барлық салааралық бағыт бойынша, кәсіпкерлік саланың, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өкілдерінің қатысуымен жаңа форматта өтетін болады. Бұл ұзақ мерзімді келісім жасасқанда және сатып алу кезінде кездесетін кедергілерді дер кезінде анықтау үшін өте пайдалы. Алматыда өткен жұмыс тобының бірінші отырысында жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі мәселелер күн тәртібіне қойылды. Мұнда біраз түйткілдің түйіні тарқатылды. Біріншіден, кәсіпорындардың жұмыс ауыртпалығы 30-40 пайыздан аспайтыны белгілі болды. Екіншіден, жеңіл өнеркәсіпте қондырғылардың 70 пайызы тозғаны анықталды. Енді осы жағдайдан шығу жолын қарастыру керек.
Сатып алу жүйесі жайында әңгіме қозғалған екен, ендеше осы салада да бұрынғыдай проблема жетіп артылатынын айта кетейін. Дейтұрғанмен, мемлекет инновация енгізілген өндірісті қаржыландыруға дайын, бұл үлкен артықшылық. Барлық қажетті шаралар Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында, “Бизнестің жол картасы–2020” құжатында қарастырылған, сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде бірнеше қарекеттер жасалды, мұндай жәрдем бұған дейін біздің елде болып көрген емес.
Бұған қоса кәсіпкерлік қауымдастықтар мен одақтар жаңа салааралық бағдарлама әзірлеуге қатысады, ол да жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге өзек болмақ.
– Мемлекеттік сатып алуға тікелей қатысушылардан мемлекет қандай қарымта талап күтеді?
– Мемлекет қазақстандық үлестегі тапсырыс берушілердің міндетін айқындап, отандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушыларды ынталандыруға серпін беретін жүйе қалыптастырып берді. Оның үстіне Үкімет отандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың рынокты “жаулаудағы” мүмкіндігін толық пайдалануына да жағдай жасады. Мұндай жүйенің енгізілуі отандық тауар өндірушілердің қарасын көбейтіп, олардың шығаратын өнімінің тізімін ұлғайтса игі. Одан күтетін заңды нәтиже – экономиканың әртараптандырылуы, қайта өңдеу секторының дамуы. Әлеуетті тапсырыс берушілерден біздің күтетініміз, алдымен, белсенділік, бағдарламаға өз еркімен қосылуы. Біздің компанияларымыз тауармен қамтамасыз етіп қана қоймай, сапасына да жауап беруі тиіс. Үкімет өз кезегінде сындарлы үнқатысуға және қазақстандық үлесті ұлғайтуға мүмкіндігінше атсалысуға дайын. Тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қарайласуды да міндетіне алады.
– Бүгінде шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құрып, жаңа өндіріс орындары мен сервистік компания қалыптастыруға кедергі болып отырған жәйт – оның мүмкіндігі мен келешегінің жіті зерттелмеуінде болып отыр. Оған мысал, болашағы үлкен Каспий шельфі, теңіз жобалары. Сондықтан министрліктің білікті мамандарынан кеңес алу артық болмайтын шығар?
– Қандай инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатқанынан, мемлекеттің қандай көмек көрсете алатындығынан бизнесті хабардар ету үшін біз арнайы veb-ресурс жасақтағалы отырмыз. Оған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бір тармағы ретінде Индустрияландыру картасын орналастырмақпыз. Жобалардың іске асу барысына, құрылыс алаңдарында қандай қазақстандық компания жұмыс жасап жатқандығына, өндірісте қандай өнімділік жоспарланып отырғандығына жұрт толық қанық болуы үшін біз тіпті фото есеп беру түріндегі мониторингке дейін жайғастыруды жоспарлап отырмыз. Әлеуетті инвесторлар мен жабдықтаушылардың мұндай ақпаратпен қамтамасыз етілуіне өзіміз де мүдделіміз. Олай болатыны бұл бағдарлама қоғаммен ашық үнқатысуға шыққанда; ел-жұрт ұсыныс білдіріп, кемшін тұстарды айтып отырғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізеді. Өйткені, индустрияландыру бағдарламасы – біз салғалы тұрған ортақ үйдің іргетасы. Әрбір жоба көп функционалды болуы керек және басқа міндеттердің шешілуіне септігін тигізуі тиіс.
Міне, біз қазір Павлодар облысында жүк вагонын шығару, Астанада локомотив, Атбасарда электровоз, Қостанайда комбайн өндірісі, Семейде трактор шығару жобасымен жұмыс жасап жатырмыз. Олардың маңайына бөлшектер, қондырғылар, арнайы киім-кешек шығарумен айналысатын шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым қалыптасатын болады. Бұл жер бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуы тиіс көптеген кәсіпкерлік және салааралық одақтар мен қауымдастықтар үшін игерілмеген алаң деп ойлаймын.
Ақыр соңында, біз шағын және орта бизнесті нақты жобаға топтастыру арқылы жұмыссыздық мәселесін шешіп, халқымыздың шығармашылық мүмкіндігін пайдалануға жағдай жасаймыз.
Үдемелі индустрияландыру – дамудың сапалы жаңа кезеңіне шығу, бірінші кезекте ілгерілеу тұрғысында сана-сезімді өзгерту. Мінеки, сондықтан да Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мен көп мақсатты деп есептеймін. Бұл өз деңгейінде ұлттық бірлік идеясының материалдық тұрғыдан орындалуының кепілі. Ол биліктің, бизнестің және халықтың бірлігі.
Әңгімелескен Ержұман СМАЙЫЛ.