Парламент • 10 Ақпан, 2023

Президент Орталық Азия Парламенттерінің өкілдеріне үндеу жолдады

243 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Парламенттері Палаталарының басшылары қатысты. Форумның Түркістанда өтуі тегін емес. Өйткені шаһардың Орталық Азия халықтары үшін де мәдени және тарихи маңызы зор. Заң шығару органдарының өкілдері бас қосқан бірегей алаңда парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Орталық Азия Парламенттерінің өкілдеріне үндеу жолдады

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев алдымен Түркияда болған жойқын зілзаладан ауыр зардап шеккен бауырлас түрік халқына көңіл айтты. Сондай-ақ ол апат салдарынан қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қолдау білдіріп, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін жеткізді.

Әрі қарай Сенат Спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Форумға қатысушыларға арналған үндеуін оқып берді. Мемлекет басшысы халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынасы соңғы жылдарда жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен. Мұндай үдеріс аймақтағы елдердің ұлттық мүддесімен толық үндеседі.

«Парламентаралық форумды өткізу халықтарымыздың мүддесіне сай келетін уақытылы бастама. Бүгінгі шиеленіскен геосаяси ахуал және құбылмалы әлемдік экономика жағдайында парламенттік дипломатияның маңызы айтарлықтай артып отыр. Екіжақты келісімдерді қамтамасыз етуде, достық және тату көршілік қатынасты сақтауда, өңірдегі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда парламентшілердің қызметі айрықша рөл атқарады. Қазіргі таңда біздің елдеріміз үшін экономикалық кооперацияны дәйекті түрде дамытудың мәні зор. Бұл ретте өңірлік және шекара маңындағы сауда-саттықты арттыруға, көлік-транзиттік саладағы серіктестікті дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды қолға алуға баса мән берген абзал. Орталық Азияның ортақ рухани мұрасын сақтау және біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа қарқынмен жандандыру маңызды», делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев әріптестеріне форум өткізуді қолдап, оған қатысқандары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол қазіргі таңда тату көршілік дәстүр парламентаралық байланыс форматында лайықты жалғасып келе жатқанын, бұл Орталық Азияның бейбітшілігін, қауіпсіздігін және өркендеуін көздейтін өңірлік кооперацияны дамытудың жаңа кезеңі екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Орталық Азияның біртұтастығының негізі ортақ тіл мен дінде, этникалық, рухани және тарихи жақындықта жатыр.

«Жүздеген жылдар бойы Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған, орта ғасырларда сауда-саттықтың күретамыры саналған Ұлы Жібек жолы Орталық Азияның аумағымен өтті. Соның нәтижесінде біртұтас сауда-коммуникациялық және мәдени кеңістік қалыптасты. Бізді осындай ортақ тарихпен бірге бүгінгі тығыз қарым-қатынасымыз да байланыстырады. Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің мүддесі мен міндеті ортақ. Сондықтан тығыз ынтымақтастық пен сенімге негізделген диалогты нығайту, сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру өңірдің болашағын айқындайтын маңызға ие. Біздің мемлекеттеріміздің басшыларының екіжақты және көпжақты кездесулерінде де осы мәселелер тұрақты түрде талқыланып келеді. Біз парламентаралық байланыс кезінде осы басымдықты дәйекті түрде ілгерілетуіміз қажет», деді Мәулен Әшімбаев.

Соған байланысты Сенат Төрағасы ынтымақтастықтың  негізгі 5 бағытына тоқталып өтті. Олардың қатарында осы форумның парламенттік диалог пен парламентаралық ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылаудың тиімді алаңы ретіндегі рөлі бар. Бұл ретте реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету және өңірдегі өзекті проблемалар – трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өзге де мәселелерді шешу барысында тәжірибе алмасу үшін платформаның әлеуетін тиімді пайдаланудың мәні зор.

Мәулен Әшімбаев назар аударған тағы бір ұсыныс мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азия елдерінің зиялылары арасындағы диалогты арттыру мәселесіне қатысты болды.

«Бүгінгі Парламентаралық форум Парламент өкілдерінің жүйелі жұмысы үшін тиімді алаңға айналады деп сенемін. Сондықтан осы Форумды Орталық Азия елдерінің бірінде жыл сайын өткізіп тұруды ұсынамыз. Ауқымды жиынды тек астаналарда емес, біздің халықтарымыз үшін киелі саналатын және мәдени-тарихи маңызы зор басқа да қалаларда өткізуге болады. Біздің алдағы көпжақты қарым-қатынасымыздың басым бағыттары Түркістан декларациясында баяндалған», деді Мәулен Әшімбаев.

Осылайша, форумның қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан декларациясында экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрініс тапты.

Форум аясында Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдері Парламенттері Палаталарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен кездесуде таяуда Бішкекте өткен Қазақ-қырғыз зиялыларының VII форумының маңызы және халықтарымыздың мәдени-рухани бағыттағы байланысын одан әрі арттыру мәселелері сөз болды. Соған байланысты тараптар нақты және нәтижелі іс-шараларға басымдық бере отырып, парламентаралық байланысты одан әрі нығайту қажет екенін айтты.

Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін заңнамалық негіз қалыптастыруға және бірқатар бірлескен жобаны іске асыруға қатысты мәселелерге баса мән берілді. Одан бөлек, сұхбаттасушылар білім беру және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттырудың басым бағыттарын талқылады.

Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен әңгімелесу кезінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру, су және энергетика салаларында бірлесіп әрекет ету жөнінде сөз қозғалды.