Менің электронды поштама түпқарағандық жас оқырманнан хат түсті. Тағдырдың талқысына тап болған жас өміріне сән мен мән берген жүрекжарды қуанышын және осы зор жаңалыққа себепші болған Мемлекет басшысына деген алғысын республикалық «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жеткізуге көмектесуге өтініш білдіріпті. Бір емес, бірнеше жанның сезімін арқалаған хатты, ізгі өтінішті аяқасты етпей, қаз-қалпында редакцияға жолдауды жөн көрдім.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы!
Биылғы Жолдауда Сіз: «Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халқымыз елдегі әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады. Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы», дедіңіз. Рас, Тәуелсіз Отанымыздың жеткен жетістіктері – біздің ұлттық мақтанышымыз. Өйткені, біздің болашаққа деген жоспарымыздың орындалуына барлық жағдай жасалды. Осылай сөз бастап, Сізге ризашылықпен, сыр бүкпей ашыла хат жазуымыздың үлкен себебі бар, құрметті Елбасы. Біз еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жақында басымыздан кешкен бақытты оқиғаны Өзіңізге баян етуді дұрыс деп таптық. Біздер Маңғыстаудың қарашаңырағы саналатын Түпқараған ауданында дүниеге келіп, тағдыр тәлкегімен балалар үйінде тәрбиеленген жандармыз. Біздер бір шаңырақ астында бірлік пен берекеде болу деген сөздерді кішкентайымыздан сезініп қана емес, бойымызға сіңіре ержеттік. Біздер, Отанымыздың қамқорлығын шын бағалай білеміз. Жасырын емес, біздердің кәмелетке толғаннан кейінгі өміріміз үміт пен күдікке толы болады. Себебі, балалар үйінен шыққаннан кейінгі баспана мәселесі біз үшін ең өзекті жайтқа айналады. Балалар үйінің төсегінде жатып: «Өскенде кім боламын?» деген сұрақ сол үміт пен күдіктің арасынан ертіп алып, көкжиектерге талай рет жетелеп әкететін еді. Сонда, біздер мемлекетіміздің қамқорлығынан құр қалмайтынымызды сезетінбіз, соған сенетінбіз. Сол сезім, қиялшыл балалық ұшқыр ой талай армандарға бастайтын... Балалық пәк сезім мен сенім алдамапты. Дәл бүгінгі күні біз сол қамқорлықтың аясында баспанаға қол жеткізген бақытты жандарға айналдық. Мұның біздер үшін қандай қуаныш, қаншалықты қымбат екенін Сіз білесіз, жан-дүниеңізбен түсінесіз. Маңдайымыздан сипап, жағдайымызды жасар ата-анамыз болмағанмен, туған еліміз, мейірбан мемлекетіміз, елжанды Елбасымыз бар екенін біз де білеміз! Иә, біз баспаналы болдық! Ауданымыздың орталығы Форт-Шевченко қаласынан «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламалары аясында бой көтерген жылы әрі жарық баспанаға әрқайсымыз ие болдық. Осы қуанышты, сүйінші хабарымызды әуелі Өзіңізбен бөліскіміз келді. Зор шаттыққа бөленуімізге жағдай жасағаныңызға мың алғыс! Сіздің кезекті Жолдауыңыз: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» деген жалынды сөздеріңіз бізді, тіпті, қанаттандырды. Ерік-жігерімізге қуат қосты. Біздер үшін ендігі алға қойған мақсат, қажымай – Отанымызға еңбек ету, оны қорғау. Мың алғыс Сізге, Елбасы! Бұл сөзімді «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспаналы болған балалар үйінде тәрбиеленген балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар атынан жазып отырмын. Жарас ҚАРАЖАНОВ. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы.«Президент қамқорлығы мен қолдауын табиғи апат кезінде де сезіндік»
Майра БОЗОВА, көпбалалы ана: Апат айтып келмейді. Бұдан үш жыл бұрын жүздеген, мыңдаған батысқазақстандық тұрғындар мен отбасылар күтпеген жерден табиғи апатқа тап болды. Сол жылы Орал қаласының маңайы мен облыстың Зеленов және Тасқала аудандары аумақтарын көктемгі тасқын су басып қалды. Осы кезде, әлгінде айтқанымдай, мыңдаған тұрғын баспаналарынан айырылып, қиын күй кешті. Әрине, далада қалғанымыз жоқ. Бізге уақытша паналайтын орындар ұсынылды. Ең бастысы – баспанасыз қалған жоқпыз. Біз секілді тұрмыстық деңгейі төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға үш айдың ішінде кірсе шыққысыз, сыңғырлаған жаңа үйлер салынып пайдалануға берілді.Тасқын су апатынан зардап шеккендерге арналып аудан орталығы іргесінен тұрғызылған бұл тұрғын үй кешені бүгінде «Мұнайшы» шағын ауданы деп аталады. Бұл тамаша мекенжайдан маған да бір үйдің кілті тапсырылды. Баспанасыз қалу кез келген адамға материалдық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге, моральдық-психологиялық тұрғыдан да өте ауыр тиеді. Бәріміз де сол сәтте осындай күйреуік көңіл күй ауанын бастан кештік. Осы кезде көп кешікпей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батысқазақстандықтарға сөз арнап, табиғи апатқа тап болған бірде-бір отбасы далада қалмайтыны жөнінде айтқаны бәрімізге үлкен дем берді. Сөйтіп, 2011 жылдың көктемінде Орал өңірінде Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша алып құрылыс алаңдары қанат жайды. Бұл аса жауапты да күрделі, әлеуметтік мәні мен маңызы өте жоғары іс уақытында аяқталды.Бітер істің басына, жақсы келер қасына дегендей, күздегі мизам шуағы кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының өзі біздің ауданға арнайы келіп, қуанышымызды бөліскенін ешуақытта ұмыта алмайтын шығармыз. Біздер дәл сол күні қос бірдей қуаныш сезімінің құшағында жүрген едік. Өйткені, ең алғаш Елбасы қамқорлығы мен қолдауын табиғи апат орын алған кезде сезінсек, бұдан кейін біздерге арналып жаңа баспаналар салынып, оның пайдалануға берілу рәсіміне Мемлекет басшысының өзі арнайы келгенде қуаныш пен ризашылықтан тағы да жүрегіміз жарылып кете жаздады. Өз халқына қашанда қамқор бола білетін, оны көлеңкесімен қорғай алатын, ел басына күн туғанда оның қасынан табылып қолдау көрсете алатын көшбасшысы мен көсемі бар елдің туы ешуақытта жығылмайды деп білемін. Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы.«Арманым – атыма лайық азамат болу»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, студент: Өзім оқитын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің машина жасау факультетінде Нұрсұлтан Назарбаев атты студенттің білім алатынын алғаш естігенде қатты таңданатындар аз емес. Елбасымен аттас студентпен жүздесіп, әңгімелескенді жөн көретіндер де көп кездеседі. Жалпы, кездескен адамның барлығы да есіміме байланысты көп сұрақтың астына алатынын да жасырмаймын. Кей адамдар, тіпті, сенбей де қалып жатады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүниеге келген немересінің есімін Назарбай атам тұңғыш Президентіміздің құрметіне әрі халықтың қамын ойлайтын, ел басқаратын үлкен азамат болсын деп ырымдап қойыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласынан қоныс аударған менің отбасым қазір Орал қаласында тұрады. Райла, Бұлбұл есімді апаларым, Әсем атты ерке қарындасым бар. Өзім туралы айтқанды аса көп ұнатпаймын. Әзірше айтатындай үлкен істер тындыра қоймағаным да түсінікті болса керек. Айта кететін нәрсем, спортқа жақынмын. Күреспен, таэквондомен айналысамын. Ел басына күн туған алмағайып заманда қан майданға аттанып, кейін аман-есен елге оралған ардагер атам бізден, немерелерінен үлкен үміт күткені ақиқат. Ел тізгінін қолына ұстап, халық аманатын арқалаған Елбасымыздың есіміне сай болу зор жауапкершілік жүктейді. Үйдегі ата-анамның, университет қабырғасында тәлім беретін ұстаздарымның үкілеген үмітін ақтап, егемен еліміздің маңдайалды азаматы болу үшін ұмтылып бағамын. ОРАЛ.«Еліміздің ертеңі – білімді жас»
Данияр УӘЛИЕВ, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі: Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шаңырағын құрысқан аға буын жасампаздық эстафетасын жалынды жалғастырушы ретінде өскелең ұрпаққа үлкен сенім артып отыр. Иә, біз – үлкен күшке, зор әлеуетке иеміз. Елбасымыз «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында еліміздің ертеңі жастарды заманауи ілім-білімді меңгеруге, халқымыздың игілігі жолындағы ұлы мақсаттарға белсене қатысуға шақырды. Жас буынға қарата айтқан «Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар», деген аталық сөздері жігерімізді жанып, асыл мұраттарға жетелері сөзсіз. Енді, міне, осыдан жиырма жыл бұрын ұсынған оның идеясы іс жүзінде орындалып, елордамыз Астанада Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі шартқа қол қойылды. Бұл шарттың маңыздылығын ұғып, одақтың қызметін мемлекетіміз үшін тиімді пайдалана білу жастар алдындағы зор міндеттердің бірі екенін жақсы түсінеміз. Мемлекет басшысы Қазақстанның Тәуелсіздігі ең басты құндылық екендігін үнемі айтып жүр. Сол себепті де Мәңгілік Елге айналу, ел экономикасын дамыту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру жолында жасалып жатқан батыл қадамдар бәрімізді қуантады. Елбасы өнеркәсіпті дамытуда, индустриялық базаны, қуатты кадрлық резервті қалыптастыруда, интеллектуалдық, мәдени әлеуетті күшейтуде Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын тиімді пайдалана отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу керектігін қадап айтты. Ал білімі мен білігі жоғары азаматтарды тәрбиелеу – әрқайсымызға жүктелер басты міндет екені сөзсіз. Өйткені, білім – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы. Мектебімізде оқушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білуіне айрықша мән беріледі. Оқыту бағдарламасы оқушылардың сыни ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын меңгеруге бағытталған. Сондай-ақ, оқушылардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботты техника, гендік инжинерия салаларын дамыту, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осы талапқа орай, елімізде роботты техниканың өркендеуіне айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын байқауға болады. Біздің бұл салада табыстарымыз, жаңалықтарымыз баршылық. Арнайы үйірме ұйымдастырып, Қазақстан ғылымына өзіндік үлесін қосып, әлеуетін арттыратын ізбасарлар дайындау, олардың ғылыми жобаларға үзбей атсалысып, ғылымға деген жүйелі көзқарасын қалыптастыру жайы тынымсыз ізденісті қажет ететіні түсінікті. Шәкірттерім Ресейдің бірқатар көрмелеріне, байқауларына қатысып, жеңіспен оралды. Олар «Мектеп қабырғасынан – ғылымға!» атты халықаралық ғылыми-практикалық форумда жақсы қырынан танылса, Байқоңыр қаласында өткен ғарыштық зерттеулер бойынша Х халықаралық ғылыми додада бірінші орынды иеленді. Өзім де Президентіміз алға қойған талаптар үдесінен көрінуді әркез басты мақсат санаймын. «Жас Отан» жастар қанатының шараларына белсене қатысамын. Роботты техника бойынша LEGO Education b Instagram халықаралық конкурсының, «Жастардың кадрлық резерві» республикалық жобасының жеңімпазы болдым. Алдағы уақытта үйірме мүшелері өз өнімдерін шетелге де шығаруды мақсат етіп отыр. Петропавл.«Мемлекет басшысы сенім білдірген өкілдің бірімін»
Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облысы кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты: Еліміз тәуелсіздік алған кездегі экономикалық қиындықтар алынбайтын қамалдай көрінуші еді. Оның үстіне жалақы мен зейнетақы, балалар жәрдемақысы айлап берілмей, зауыттар, түрлі кәсіпорындар бірінен соң бірі банкроттық қамытын киіп, жұмыссыздық өршіп бара жатты. Тәуелсіз елді басқару тізгінін қолына алған Нұрсұлтан Назарбаев осынау шырмауықтай шырмаған қиындықтарды бұзып-жара батыл іске кірісті. Бұрынғыша ел басқару әдісін шиырламай, алдымен Қазақстанның экономикалық әлеуетін жаһан жұртына таныту үшін әлемнің біраз еліне сапарлады. Мақсаты – әлемдік нарықта көш бастаған алпауыт компанияларды Қазақстанның келешегіне сенуге, экономикасына қомақты инвестиция салуға иландыру. Сөйтіп, «Шеврон» секілді көптеген компанияларды қолынан жетектегендей етіп, Қазақстанға инвестиция салуға әкелді. Шындығын айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев «...алдымен – экономика» саясатын ұстанбаса, біздің тәуелсіз еліміз бүгінгі қуатты даму биігіне көтеріле алмаған болар еді. Шетел инвесторлары Қазақстан экономикасына инвестиция құюмен бірге, жаңа дәуірдің ең озық технологияларын көптеп әкелді. Ал шетел инвесторларына сан алуан сервистік қызметтер көрсететін, сан алуан отандық өнімдер шығаратын кәсіпорындар құрылып, бүгінде еліміздің әр өңірінде кәсіпкерліктің кең тынысы ашылды. Мұның бәрі біз үшін айтуға ғана жеңіл болғанымен, Нұрсұлтан Әбішұлы үшін әсте оңай болмағанын білеміз. Өйткені, мемлекет басқару, әсіресе, шикізаттық ресурсынан өзге жаңа технологиямен жабдықталған зауыт, фабрикалары болмаған Қазақстандай көпэтносты, әрі тәуелсіздігін енді ғана қолына алған жас мемлекетті экономикалық өркендеудің даңғыл жолына түсіріп, еңсесін тіктеу ісіне екінің бірінің батылы бара бермейді. Қазір тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтың бәрі көрген түс секілді. Ел экономикасының әр саласы ырғақты даму үстінде, жыл сайын жұмыс орындары көптеп ашылуда. Құрылыс индустриясы кең қанат жайды. Нұрсұлтан Назарбаев тек экономиканы ғана өркендетіп қоймай, қазақ елінің ілім-білімге құштар жастарының әлемнің әр елінде алаңсыз білімін жетілдіруіне жағдай жасады. Жаңа дәуірдің тынысын сезген Тұңғыш Президентіміз Қазақстанның елордасын Астанаға көшіруге де батыл қадам жасады. Астананың ерекше сәулеттік пішінмен дамуы еліміздегі солтүстік өңірлер экономикасын жаңаша қарқынмен өркендетуге тың серпін беріп қана қоймай, өзге де облыстар орталықтарының жаңа елордаға қарап, бой түзеуіне ықпал етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің бірі деңгейіне жеткізудегі табандылығына әр кез тәнті болып келеміз. Сол себептен де Елбасының алғаш Президент сайлауына түскен кезінен бері сенім білдірген өкілі болып келемін. Нұрсұлтан Әбішұлындай көшбасшылық, көрегенділік қасиетімен Ел деп емірене еңбек етуді парыз санаған Ерге сенімді өкіл болғанымды ұдайы мақтан тұтамын. Тұңғыш Президентіміздің ерекше бір қасиеті – әр өңірдің кәсіпкерлерін, бір көрген адамын ұмытпай, үнемі жағдайын сұрап, орынды әзілімен баурап жүреді. Атырауға келген әр сапарында «Әлия, амансың ба? Атырау кәсіпкерлерінің жағдайы қалай? Кәсіптеріңді дамытуда кездесетін қандай кедергі бар?» деп жылыұшырай әңгімеге тартады. Біз де Нұрсұлтан Әбішұлын қамқоршымыздай, қолдаушымыздай сезініп, үнемі арқа тұтып жүреміз. Өйткені, Елбасы еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап кәсіпкерлерге зор қолдауын білдіріп, кезең-кезеңмен кәсіпкерлікті заңсыз тексеруге мораторий жариялап келеді. Бұл кәсібін нәсібім деп ұғынатын, сөйтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының өркендеуіне лайықты үлесін қосу үстіндегі кәсіпкерлердің жаңа биіктерді бағындыруына септігін тигізіп отыр. Атырау облысы.«Ел берекесінің кепілі»
Аягүл МИРАЗОВА, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері: Бұл күндері ағалық дәуірден асып қалған ұрпақтың көз алдында осыдан бар болғаны 23 жыл бұрын Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар егемендіктерін жариялады. Қазақстан да арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазірде жарқын тарихымыз болып табылатын сол күндер туралы айту жеңіл, ал, шын мәнінде, ол кезде дүниеге жаңа келген сәбидей күйде едік. Алайда, сәби – алаңсыз жаратылыс. Оны қоректендіретін анасы бар, пана болатын әкесі бар. Ал егемен болған елге шеше болатын да, әке болатын да ешкім жоқ. Бәрін өзі жасап, өзі тауып, өзін-өзі асырауы, қорғауы керек. Одақ бұзылған соң, бүкіл Одақ бойынша бір-бірімен тығыз байланысқан экономика да, елді қаржыландыру жүйесі де, халық өмірін қамтамасыз ету де, өндіріс те, сауда да, ғылым да, техника да, мәдениет те – бәрі-бәрі бұзылып, күретамырлар қиылып қалғанын бәріміз білеміз. Міне, осындай көк тиынсыз қалған мемлекеттің өзіне де, оның халқына да дұрыс жол тауып, дұрыс жүйе құрып, дұрыс бағытқа салып, дұрыс бастай білу керек. Бұларды айтып отырған себебім, сол бір сындарлы, аса қиын да күрделі шақта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліне сара жол тауып беріп, халқын тез арада-ақ аяқтандырып, өз қолын өз аузына жеткізіп, аман-есен сақтап, әлемдегі дамушы елдер қатарынан да озық қарқындағы мемлекетке айналдырды. Осыны айту арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осынау теңдессіз тарихи еңбегінің құдіреттілігін көз алдымызға кішкене ғана елестетсем деп едім. «Бағалай білгенге бақ тұрақтайды, қадірлей білгенге құт тұрақтайды», дейді дана халқымыз. Тәуелсіздігіміздің бірінші күнінен бастап республиканы кемеңгерлікпен басқарып келе жатқан Елбасының даналығын лайықты бағалай білу де, құрметтеп, қадірлей алу да азаматтығымызға – сын. Шүкіршілік, Қазақ елін жатсынбай, қазақ халқының мейірбандығына бауырмалдықпен жауап беріп, бір кісінің баласындай өмір сүріп жатқан, республикамызды ортақ Отаным деп танып, оның кемелденуіне аянбай үлес қосып отырған жүзден аса ұлыс өкілдерінің тату-тәтті дәурені – Елбасының таразы басын тең ұстайтын сарабдал саясатының даналығы екенін әлем бағалауда, төрткүл дүние үлгі тұтуда. Өзім еңбек ететін білім беру саласы да өзге салалар сияқты мемлекетіміз дамуының жемісі. Ол қаншалықты күрделі болса, соншалықты қымбат. Еліміздің күш-қуатының халық игілігіне жұмсалып, әлеумет мүддесіне қызмет ететінінің айқын бір айғағы. Ел өмірінің басқа салалары сияқты білім беру саласының да әлемдік даму талаптарына сай өркендеуін Елбасы қалт жібермей жіті қадағалап, үнемі қамқорлық басшылығымен серпін беріп отырады. Президенттің биылғы Жолдауы Жалпы Еуропа біліктілік стандартына (ЕБС) сай құзыретті тұлға қалыптастырудың жолдарын айқындайды. Бұл орайда, Елбасы жалпы білім беретін мектептерімізді Назарбаев зияткерлік мектептері деңгейіне жеткізуге бағдарлайды. Осы тұста ЕБС-тың басты-басты сегіз білігін еске сала кету артық болмайды деп ойлаймын. Олар: ана тілінде қарым-қатынас жасай білу; шетел тілдерінде қатынас жасай білу; элементарлы математиканың дағдыларын және ғылым мен технологияда білігін таныта білу; дижиталды-ақпараттық біліктілікті көрсете білу; оқу іскерлігі, тұлғааралық, мәдениетаралық, әлеуметтік және азаматтық біліктіліктерді көрсете білу; кәсіпкерлік дағдыларын таныта білу; әлемдік және ұлттық мәдениет негізінде құндылықтарды қалыптастыра білу («21 ғасыр педагогикасы мектеп табалдырығында», А.А.Жайтапова, Г.А.Рудин және т.б.). Бір сөзбен қарапайымдап айтқанда, Елбасы білім берудегі негізгі мақсат ұлттық, адамгершілік бейнесін сақтай отырып, өмір сүре білуге үйрету екеніне нұсқайды. Бұл жол әрі қоғам талабына әрі әрбір тұлғаның тұрмыс сапасын көтеру мүддесіне сай келеді. Өзгермелі өмірге сәйкес құзыретті тұлға қалыптастыру келешек ұрпақ алдындағы, ұлтымыздың болашағын кемелдендіру алдындағы міндетіміз екеніне Елбасы көзімізді жеткізуде. «Хан – халқының ұлы, би – әділдік құлы», дейді халқымыз. Әділдіктің, еркіндіктің, ел берекесінің кепілі болып табылатын Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орай халқының ұлы болып отырған мәртебесін көппен бірге тануды ұлт алдындағы парызым деп білемін. Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді дегендей, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылыс майданында еліміздің өркендеуіне, оның ерлерінің өскеніне Елбасымен бір сапта қатысудан, оны көріп бағалап, қадіріне жетуден артық бақыт бар деп ойламаймын. АЛМАТЫ.«Елбасы екі компьютер сыйлап еді»
Нұрқанат ҚИЯҚБАЕВ, А.Пушкин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы: Мен алыс ауылда тұрамын. Әкем Еламан ауыл клубында әдіскер болып жұмыс істейді, анам Анаргүл «Қазпошта» АҚ ауылдық бөлімшесінде еңбек етеді. Өзім биыл оныншы сыныпты бітірдім. Отбасында биыл мектеп бітірген апам және кішкентай қарындасым бар. Мен – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығын көрген көп баланың бірімін. Оны мақтан тұтамын және Елбасының бала деп қарамай, өтінішімді жерге тастамағанына ризашылығымды білдіремін. Бұл бір аяқ астынан ойыма келген іс болды. Ол кезде Елбасы кім, оның ел өміріндегі тарихи рөлі қандай дегенге ой жіберетін жаста емес едім. Алайда, елден «Президент тікелей эфирде сөйлейді, халықтың сұрақтарына жауап береді», дегенді естіп қандай сұрақ қойсам екен деп қиялдағаным рас. Сөйтіп, сол кезде ауылдық жер үшін қат дүние – компьютер сұрасам қайтеді деген ой санама сап ете қалды. Бірақ, ата-анама тіс жарып, ештеңе айтпадым, олардың қарсы болатынын түсіндім. Үйдегілер түскі асқа отырғанда телефон шалдым, бір қыз көтерді тұтқаны. Шамасы, жауапты адам болса керек. Мен әкемнің азғантай айлығы компьютер алуға жетпейтінін, анамның сол кезде жұмыссыз екенін, отбасымызда апам мен қарындасым бар екенін жеткізіп үлгердім. Президенттен компьютер алуға көмектесуін өтіндім. Сол бойда ата-анама не істегенімді жеткіздім, олар сенбеді. Мен де білдей бір елді басқарып отырған Президент алыс ауылда жатқан ойын баласының өтінішіне көңіл аударады деп сенімді бола қойдым десем, артық болар еді. Қызық болғанда, 2009 жылы желтоқсанда Президенттің атынан бір емес, екі компьютер келгенде Елбасының асқан мейірбан адам екеніне көзіміз жетті. Менің кішкентай жүрегімді тербеген арманымның орындалуына үлкен басымен мән беріп, ел басқарудағы сан тарау жұмыстарының арасында уақыт тауып, көңіл бөлген, біздің отбасымызды қуанышқа бөлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көкеме алғысым шексіз. Елбасы сыйлаған екі компьютер – біздің отбасымыздағы ең бағалы дүние, құнды ескерткіш. Қазір Елбасы туралы ойым кеңейді. Қазақстан халқының бақуатты тұрмысын, татулығы мен бірлігін қамтамасыз етіп отырған сарабдал саясаты үшін, «Мәңгілік Ел» болу бағытындағы іс-қимылдары үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ризашылығымыз шексіз. Жыл өткен сайын ауылдың да ажары кіріп, тұрмысы түзеліп келеді. Мен Елбасының қамқорлығын көргендігімді өзіме бақыт санаймын және оны орынды мақтаныш тұтамын. Сондықтан да жақсы оқып, жоғары оқу орнына түсіп, теміржолшы болсам деп армандаймын. Мен Елбасының сенімін ақтап, өзім қалаған мамандық алып, елімнің ертеңіне елеулі үлес қосуға талаптанып жүрмін. Президенттің алыс ауыл баласына деген осындай қамқорлығының өзі Нұрсұлтан Әбішұлының жаны жұмсақ, халқының қамын ойлайтынына нақты дәлел екені сөзсіз. Бұл мені жаңа биіктерге ұмтылдырады. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Алтай ауылы.