Әдебиетімізге орасан зор еңбек сіңірген Мұқағалидың өлеңдеріне көптеген әсем ән жазылғанын білеміз. Әсіресе Шәмшінің, Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары ақынның поэзиясымен сәтті өрілген аңыз-әндерге айналды.
Музыкалық-поэзиялық кеште Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді», «Жылап қайттым өмірдің базарынан», «Шәмші қайда?» «Мен деп ойла», «Оралыңдар» және басқа да әндер орындалды.
Әуезді кеште танымал өнер майталмандары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Арайлым Рахым, Алтынай Жорабаева, Светлана Айтбаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нұрбол Балапанов, халықаралық, республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары Сәулежан Тағзия, Зарина Омарова, Алтыншаш Мұқатаева, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Мұратбек Хайролда, Айдын Жұмабай, Әйгерім Ораз, Отан Парасат өнер көрсетті. Сонымен қатар филармония сахнасында көрермендер «Alem» заманауи хореография балеті (көркемдік жетекшісі – Бақыт Тәжинов) мен «Айналайын» балалар хорын тамашалады.