Қоғам • 12 Ақпан, 2023

Айтқан сөзі – тағылым

459 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Қасымбек Жақсыбайды 70 жасқа келген мерейтойымен құттықтаймыз!

Айтқан сөзі – тағылым

Атамыз – айтулы ғалым, аяулы әке, ардақты ата, асыл жар, айналасына нұрын шашқан айрықша қамқор адам. Досқа көмектесу – оның «Жедел жәрдем» қызметі сияқты «екінші мамандығы». Еш адамға қылдай арам­дығы жоқ, түзу жаратылған жан. Достықтың алтын арқауын үзіп алмай, қастерлей қадірлеп келе жатқан азамат. Мінезінің дарқандығынан қызметінде де керемет сый-құрметке ие. Табиғатынан нәзік, жақсы мен жа­манның нарқы мен парқын жақсы ажырататын парасат иесі.

«Ұлылық – қарапайымдылықта» деген өте дұрыс ұғым екен Текті әулет­тің туын жасына қарамай кө­теріп келе жатқан жан – барлық бауы­рының арасындағы туыстық қарым-қатынастың ұйытқысы. Мен өзімді оның бақытқа бөленген неме­релерінің бірімін деп санаймын. Өмі­ріме нәр берген Төребек атамнан кейінгі адам – осы Жақсыбай ата. Өмірге ой көзімен қараған шағымда білімі мен кісілігі, алғырлығы мен алым­дылығы, пайым­ы мен парасат­ты­лығы мол атама қарап өссем дей­мін.

Жақсыбай атамен әр кездесу – үлгі-өнеге, айтқан сөзі – тағылым. Қа­нына біткен ұлтжандылық қасиеті айқын көрініп, білімпаздығы ерекше дараланып тұрады.

Адам баласын жақсылыққа жет­кізетін жақсы қасиеттері деп ой­лаймын. Адамның өзін-өзі құр­меттеуінің басты қағидасы ішкі және сыртқы мәдениетті тең ұстау – ата­ма тән қасиет. Атамның жүзінен де, мінез-құлқынан да ерекше тектілік байқалады. Жүріс-тұрысы, киім киісі, аса талғампаздығы – біз үшін «бренд». Төребек атамның жоқтығын білдірмей, әжемнің 70 жасқа келген мерейтойын Алматыға өзін шақырып тойлап беруі екінің бірінің қолынан келмейтін мәрттік деп ойлаймын. Менің атам осындай. Өне бойы толы  өнер. Домбыра ұстаса, әуелете ән салып, күмбірлете күй шертеді.

«Кілемге бергісіз алаша болады, ханға бергісіз қараша болады» деген сөз бар екен. Сол сөз менің Жақсыбай атама қарап айтылғандай. Кісіден тек жақсылық іздеп, жақсы адамдардан өнеге алған, жақсылармен араласа өмір сүрген адам түбінде нұрға бөленеді. Дүниенің мәні – үзбей жетілу, сәулелі сатыға көтерілу. Кісінің ала жібін аттамай өмір сүру, жоқ пен бардың ара салмағын безбендеп қанағатшыл болу, сыпайы салмақты, кісінің көңілін қалдырмай, дос-жаранмен кішіпейіл қарым-қатынаста тірлік кешу – атамның ма­ғыналы ғұмыр жасындағы басты байламы. Немерелерін де осы қағидаға үйретіп, жақсылыққа баулып келеді.

Ардақты ата! Алып бәйтеректей құт-береке ұйытқысы болып, ор­ны­ңыз құрметті төрден түспесін! Өзің­­ді түсінетін, үлкен тұлға бо­луың­ды өмір бойы қолдап келе жат­қан жан жа­рың аман жүрсін! Ме­рейлі жасың­мен шын жүректен құттық­таймын!

Ұрпағыңның бақытын, қуанышын ұзақ көруді Алла Тағала нәсіп етсін!

Табиғат дарытқан барлық қа­сие­тіңмен жарқырап өмір кешіп, ғұ­мырың ұзақ болсын, ата!

 

Немереңіз

Жаухаз ТӨРЕБЕК