Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ауруды ерте анықтаған маңызды
Бір қарағанда елдегі статистика әлемдегі ахуалдан тәуір секілді. Алайда елде жылына орта есеппен мыңнан астам азаматтан бауыр обыры анықталатынын естен шығармағанымыз жөн. Сол науқастардың шамамен 700-ге жуығында бауыр ісігі асқынып, бақилық болады екен. Осыған қарап-ақ ісік ауруынан ешкім 100 пайыз сақтандырылмағанын аңғарамыз. Яғни қатерлі ісік саламатты өмір салтын ұстанып жүрген спортшылардан кездесуі әбден мүмкін. Мысалы, балалар бауыр обырының гепатобластома деген түріне шалдығуы ықтимал. Ал ересектерде осы дерттің жиі кездесетін екі түрі бар.
Бауыр обырының гепатоцеллюлярлы карцинома деген түрі науқастардың 75-80% анықталса, холангиоцеллюлярлы карцинома пациенттің 15-20 пайызында кездеседі. Осыған қоса науқастардың 5 пайызында кездесетін бауыр ісігінің бірнеше түрі бар. Тарқатып айтар болсақ, гепатоцеллюлярлы карцинома – бауыр клеткаларында пайда болатын ісік. Ал холангиоцеллюлярлы карцинома бауыр іші өт жолдарынан анықталады. Бауыр обырына шалдықпау үшін бірінші кезекте В және С вирусты гепатиттерінің созылмалы инфекциясын және бауыр циррозының алдын алу қажет. Мұндай жағдайда науқас өзінің денсаулығын жіті бақылап, дұрыс емделмесе, дәрігерге қаралмаса, циррозға айналған клеткалар бауыр ісігіне апаруы тағы мүмкін. Сосын қант диабетінен, артық салмақтан да науқастың бауырын май басу қаупі бар. Мұндайда пациент ұзақ уақыт емделмей, диета ұстамаса, салмағын түсірмесе, диабетті бақыламаса, дерт бауыр обырына немесе циррозға ұласуы мүмкін. Бауыр обырына апаратын дәлелді, дәйекті себептер – осы. Вирусты гепатит жұқтыру қаупі жоғары азаматтардың қатарында хирург және тіс дәрігерлері де бар.
Қанмен байланысты емшарада дәрігер мен науқас аса сақ болуы керек. Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігер-онкологі, гепатобилиарлы хирург, трансплантолог Абылайхан Шарменов вирусты гепатитті емдеуден алдын алу маңыздырақ екенін айтты.
– Қанмен жұмыс істейтін орталықтағы мамандар В, С гепатитіне қарсы вакцина алып тұруы керек. Бірде Кореяда ел азаматы операция жасатып, жыл өткен соң одан вирусты гепатит анықталғанын білемін. Бұл – қанға байланысты жұмыстың барлығында қауіп бар дегеннің бір дәлелі. Қан құйдырған науқас операциядан кейін гепатит В, С-ға қарсы анализ тапсырып тұруы керек. Қазір вирусты гепатитке қарсы емшара, вакциналар дамыған. Оның үстіне үкіметтен В, С вирусты гепатитіне қарсы тегін дәрі-дәрмек беріледі. Тағы бір мәселеге тоқталсақ, жылдар бойы ішімдік тұтынудың салдары «алкогольдік циррозға» алып келуі мүмкін. Ал цирроздың қатерлі ісікке ұласу ықтималдығы жоғары екенін айттық. Сондықтан бауыр ауруларын ертерек анықтап, тексеріліп, алдын алудың маңызы зор. Бауыр обыры тұқым қуалайды деген де теория бар. Мәселен, вирусты гепатит Моңғолияда көп кездеседі. Жаңылмасам, 1980 жылдары ондағы дәрігерлер науқастарға донор қанының құрамын талдамай құйды. Енді соның салдары кейінгі ұрпақтарына тиіп отыр. Қазір Моңғолияда вирусты Б гепатиті көп кездеседі. Қайта Кеңес үкіметі тұсында қан құрамын тексергеннен кейін ғана пациентке құятын, – дейді ол.
Медицинада бауыр обырында қолданатын емшараның бірнеше түрі бар. Мысалы, бауырдың бөлігін кесу, трансплантация, бауыр артериялары арқылы химиялық перепараттармен емдеу әдісі бар. Сонымен қатар дәрілік терапия сынды басқа да бірнеше түрі бар. Яғни емшара бауыр обырының түріне, деңгейіне қарай ұсынылады. Бауыр обырын емдеуде дүниежүзі онкологтері Барселоналық алгоритмді қолданады. Яғни ем түрі сол емдеу әдісіне қарай тағайындалады. Онда бауыр обыры ең бастапқы кезең, бастапқы кезең, орта кезең, асқынған және соңғысы – терминалды кезең деп бөлінеді. Бауыр обырының қай кезеңде екенін анықтаудың өзіндік критерийлері бар. Ол үшін бірінші кезекте ісіктің көлемін, ісіктің санын, бауырдың қаншалықты жұмыс істейтінін анықтау қажет. Ол аз десеңіз, бауырдың қаншалықты қауқарлы анықтау өз алдына, алғашқы, ортаңғы және соңғы кезең деп үшке бөлінеді. Кейін науқастың «объективті статусы» деген болады. Оны да анықтаудың әдісі бар. Себебі ісік болған соң ағзаны улайды. Мұндайда науқастың тәбеті қашып, әлсірей бастайды, салмағы азаяды. Мұның соңы науқастың төсек тартып қалуына дейін апаруы мүмкін. Осы талдаудың барлығын жіті зерттей келе дәрігерлер жоғарыда атап өткендей бауыр обырының қай кезеңде екенін анықтайды. Мысалы, бауыр обырының ең бастапқы кезеңінде ісік 2 см дейін болады екен. Кейін бастапқы кезеңде ісіктің көлемі 3 см-ге дейін жетеді. Осы тұста тағы бір маңызды мағлұматқа тоқталсақ, трансплантация бастапқы кезеңде жүргізіледі. Бауыр обырының ортаңғы және одан кейінгі асқынған кезеңінде бауыр ауыстыру операциясы ұсынылмайды. Себебі ісік асқынса, бауыр ауыстырған күннің өзінде науқастың өмірі ұзармайды. Яғни донорды, науқасты бос әуреге салуға болмайды.
Мәйіттік донор аз, туыстық донор табу қиын
Газетіміздің өткен санында елде мәйіттік донор тапшы екенін тарқатып жазған едік. Бауыр обырына да солай, мәйіттік донор аз. Мәйіттік донор болмаған соң, әрине, науқастар оны күтпейді, туыстық донорға иек артады. Ал туыстық донор табылмаса, дәрігерлер басқа емшараларды үзбей, жалғастырады. Себебі кейбір науқастар бауыр обырының бастапқы кезеңінде донор іздейді. Осы мезгілде дәрігерлер дерттің алдын алады. Яғни донор табылғанша ісік өсіп, обырдың асқынған кезеңіне өтпеуіне күш салады. Ал енді бауыр трансплантациясында да халықаралық талаптар бар. Науқастың ахуалы сол критерийлерге сай келсе ғана трансплантация жасалады. Бүгінде елде мәйіттік донор аз болса, туыстық донор табу – қиынның-қиыны. Көпшілік бауырдың ағзада өзідігінен өсетінін білгенімен, оны донордан қалай кесіп алып, науқасқа қалай салатынын біле бермейді. Орайы келгенде уақытпен санаспай, кез келген уақытта операция үстелінен табылатын дәрігерлердің жұмысына тереңірек бойлағанымыз дұрыс шығар. Медицинасы қарқынды дамыған елдерде дәрігерлер бауырдың оң немесе сол жақ бөлігін де трансплантациялай алады. Ал бізде көбіне оң жақ бауыр алынады екен. Себебі бауырдың сол жағы көлемі жағынан науқасқа сай келмеуі мүмкін. Сондықтан бауырдың оң жақ бөлігінен жалпы бауырдың 60 немесе 65 пайызы алынады. Демек донордың өзінде 35 немесе 40 пайызы қалады. Бұл, әрине, донор табылғаннан кейінгі дәрігерлердің жұмысы. Ал көпшілікті ең әуелі туыстық донор табу неге қиын деген сұрақ алаңдатады. Айталық, донорлардың шамамен 40 пайызында бауырдың көлемі науқасқа сай келмейді екен. Бауырға өтетін артерия, «воротный вена», одан шығатын өт жолы бар және басқа тамырлар науқасқа сай келуге тиіс. Сондай-ақ донордың қан тобы маңызды. Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері 2017 жылы және былтыр қан тобы донорға сай келмейтін науқастың да бауырын алмастырған. Бірақ бұл әдіс – өте күрделі оталардың тізімінде. Ендігі кезде орталық дәрігерлері бауыр трансплантациясында осы әдісті жетілдіруді көздеп отыр. Есесіне, осыған дейін жасалған екі күрделі операция сәтті шыққан. Тағы бір ескеретін жайт, бауыр обырының бірінші және екінші кезеңінде науқастардың бауыры бірыңғай трансплантацияға жасауға келеді деп шорт кесіп байлам жасауға болмайды. Яғни науқастың жағдайы жоғарыда атап өткендей әлемдік критерийлерге сай келуі қажет.
–Туыстық донорда ең бірінші донордың жағдайын қараймыз. Себебі донор ол – сау адам. Донордың денсаулығына нұқсан келсе, жауапқа тартыласың. Операциядан кейін донордың бауыры алты айға дейін қалпына келеді. Одан кейін донор дәрі-дәрмек те тұтынбайды, қалыпты өмір сүреді. Ал бауырдың бөлігі науқаста толыққанды өспейді. Туыстық донордан жасалатын операция мәйіттік донордан әлдеқайда күрделірек. Неге десеңіз, бауырдың оң жақ бөлігі алынған соң артерия кішірейеді. Оның диаметрі шамамен 1,5-2 мм болса, тігетін жіп көзге көрінбейді. Дәрігерлер оны тек арнайы үш есе үлкейтетін лупа тәрізді көзілдірік тағып тігеді. Операцияда донордан бауырдың бөлігін алғанның өзіне 5-6 сағат уақыт жұмсалады. Ал науқастың бауырын ауыстыру операциясына шамамен 8-10 сағат жұмсалады. Өйткені тіккен артерия тромбоз (қанның ұюы) болу қаупі бар. Мұндай жағдайда артерияны қайта тігеміз. Трансплантация басталғаннан аяқталғанға дейін деміңді ішке бүгесің. Зейінің тек сол операцияға ауады. Босаңсуға уақыт болмайды. Кейін, отаны неше жерден сәтті жасадық дегенмен жүз пайыз сенімді бола алмайсың, – дейді трансплантолог дәрігер А.Шарменов.
«Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» деген жақсы сөз бар. Туыстық донордан бауыр трансплантациясын жасатқан Алтынай тұрмыс құрып, бүгінде жұбайы екеуі көптен күткен перзентін бауырына басқан. Бұл медицинада сирек кездесетін жағдайлардың бірі деуге болады.
– Негізі бауырым ауыратынын 2013 жылы білдім. Содан Алматы қаласында дәрігерлерге қаралып, 2015 жылға дейін емделдім. Әр жарты жыл сайын дәрігерге қаралатынмын. Ол кезде маған «Вильсона-Коновалова» диагноз қойылды. Дәрігер ұсынған дәрі-дәрмекті уақтылы ішіп тұрдым. Бірақ денсаулығым жақсара қоймады. Керісінше, жағдайым нашарлай берді. Болмаған соң Кореяға барып қаралғанымда маған әуелде дұрыс диагноз қойылмағанын білдім. Содан олар 5 жылдың ішінде бауыр ауыстыру қажет екенін айтты. 2017 жылға дейін дәрі-дәрмек ішіп жүрдім. Сол жылы жағдайым күрт нашарлап, ауруханаға түстім. Яғни Ұлттық ғылыми онкология орталығына бардым. Хирург дәрігерлермен кеңесіп, операцияны елде жасататын болдым. Туыс ағам донор болды. Операция 14 сағатқа созылды. Екі айға жуық ауруханада жаттым. Оңалдым. Кейін тұрмысқа шықтым. Орталықтағы дәрігерлер қалай болар екен деп біраз бас қатырды. Гинеколог дәрігер баланы алдыру керек деп қарсы болды. Ал Ұлттық онкология орталығының хирургтері баланы қалдырамын деп шешім қабылдасам, тоғыз ай бойы жіті бақылайтынын, қандай да бір кері әсер байқалса, баланы шығарып алатынын айтты. Босанғаннан кейін тағы денсаулығым болмады. Былтыр қарашада тағы операция жасалды. Қазір шүкір, баламыз жастан асты. Әлі күнге дейін мазам қашып, ауырсынсам, дәрігерлеріме күн-түн демей, кез келген уақытта хабарласамын. Донор болған туысым ешқандай дәрі-дәрмек ішпейді. Ол алты ай күтініп, жұмысына шықты, – дейді Алтынай.
Айта кету керек, жас ананың жағдайын Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері ұдайы бақылап отырады.
Орталықта былтыр туыстық донордан 7 бауыр трансплантациясы жасалыпты. Ресми дерекке жүгінсек, жылына елде мыңға жуық науқаста мидың семуі тіркеледі (ми өлімі) екен. Мұндай өлім егде жаста инсульт алған кісілерде немесе ми жарақатында анықталады екен. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасының туысына ағзаға мұқтаж науқастардың бар екенін түсіндірудің өзі оңай емес. Дәрігерлер ерік-жігерін жиып, сұраған күннің өзінде басым көпшілігі үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Әрине, онколог дәрігерлер донор тапшылығының алдын алу жағын қарастырып-ақ жатыр. Енді трансплантацияда донор тапшылығы азайса, мұның өзі ел медицинасын жаңа бір сатыға көтеретін тәрізді.