Аймақтар • 12 Ақпан, 2023

Екібастұз әлі бүрсең қағып тұр

293 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Екібастұздың халқы мұздаған пәтерлердің салдарынан жиі науқастанып, медицина ұйымдарына үзбей баратын болған. Жылуға жарымай қойған отты шаһардың жұрты төзімі әбден таусылғанын айтады. Жылу дұрыс берілмеген соң үйлердің басым бөлігінде күні-түні электр жылытқыштар қосылып, ай сайын жарық үшін пәтер басы 25-30 мың теңгеден шығындануға мәжбүр. Ал «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС электр қуаты үшін кезекті рет өтемақы төлеуге қауқарымыз жетпейді деп жалтарып отыр.

Екібастұз әлі бүрсең қағып тұр

Осы аптаның басында Екі­бас­тұз­дағы ахуалға Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет алаң­дау­шылық танытып, суық пәтерлерде бүрсеңдеп отырған халықтың жағдайымен санасуды тапсырды. Тұрғын үйлердегі және қаланың әлеуметтік нысан­да­рындағы температуралық ре­жімді тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды қабылдау үшін сейсенбі күні Үкімет бас­шы­сының бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Сол күні Екі­бас­тұзға Энергетика, Индус­­тр­ия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трл­іктерінің, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілдері же­тіп, жөн­деу барысымен танысты.

Өкінішке қарай, министрлер кабинеті тарапынан жергілікті халықтың әлеу­мет­тік жағдайын қолдауға, денсау­лы­ғын оңалтуға қатысты шешімді істер бай­қай алмадық. Үкімет мүшелері, одан қал­ды облыс билігі пәрмен берді екен деп Екібастұздағы жылу параметрлері де кө­те­ріле қойған жоқ.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ын­да қа­зіргі күні жүйелі проб­лемалар қа­­лып­тасып отыр­ғаны байқалады. Кәсіп­­орын­ның өкілдері жылу маусымы аяқ­тал­ма­йынша жағдай осы қалпында жалғаса беретінін ашық айтып отыр. Бүгінде 10 қазандық агрегатының небәрі төртеуі ғана – жұмыс қалпында. Оның екеуі – энергетикалық, тағы екеуі – су ысы­татын қазандықтар. Бұған дейін 6 қазандықтың өзі­мен жылу параметрлерін әрең ұстап отырған стансада қазір жағ­дай тіпті күрделеніп кеткен. Кә­сіпорын бас­шы­лығы жылу беру үдерісіндегі мәселе­лер қа­ра­шаның соңғы күндеріндегі төтенше жағдайдың салдарынан қалып­та­сып отыр деген сылтау айтады. Дей тұрғанмен саланы жақсы білетіндер ор­та­лықта жүйелі проблемалар оған дейін де тіркелгенін, соның ішінде агрегаттар әу бастан-ақ қысқа да дайын болмаса да жылуға қосыла бергенін айтады. Стансаның негізгі қожайыны – «ОАЭК» ак­цио­нерлік қоғамы тарапынан да бүгінде шешімді қа­дамдар байқалмайды. Корпорация қаңтар айында 48 мыңнан аса тұтыну­шы­ның әрқайсысының шотына электр жарығы үшін 5 мың теңгеден өтемақы төлеп, бүлінген пәтерлерді жөн­­деу­ге қаражат бөлгені мәлім. Алай­да стан­саның жұмысын қалыпқа кел­ті­ру, темпе­ратуралық режімді нор­ма­лық дең­гейге кө­теру бағытында ешбір стра­тегия ұс­танбай отырғаны көп­­ші­лік­тің нара­зы­лығын тудырып жатыр. Пәтер­лер­дің көбінде бүгінде небәрі 6-8 градус ара­лы­ғын­да жылу сақталып отыр. Оның өзінде көбі электр жылыт­қыш­тарын қолданады.

Екібастұз қалалық «Отарқа» га­зе­тінің­ журналисі Дария Ерғазина сүйектен өтетін суық­тың салдарынан бүгінде қала хал­­қының басым бөлігі денсау­лы­ғынан айырылғанын ашына жеткізді.

– Менімен бірге қызмет іс­тейтін әріптестерімнің барлығы дерлік осы суықтан ауырып, ем-дом алып жатыр. Былтыр Қара­ғандыдан журналистік оқу­­ды бітіріп келген жас маман да суық тиіп жатып қалды. Үйде де, жұ­мыс­та да суық. Айналаның барлығын қыс­тың ызғары дендеген, үйлерде ауру-сырқау жандар әрең жан сақтап отыр. Науқастанған жандардың саны күн са­йын көбейіп келе жатқаны байқалады. Туған үш бауырымның пәтерлері де ит байласа тұрғысыз, азынап тұр. Мектептер толық кестемен жұмыс істемейді, балаларды үйлеріне ерте қайтарады. Тех­нология дамыған заманда ЖЭО 145 мың халық тұратын қаланы жылыта алмай отыр. Қыс бойы денемді суық алып, қалған ғұмырымды дәрі-дәрмекке байлап бергім келмейді. Міне, қыс басынан бері пәтерлерімізде электр жылытқыштарды өшірген жоқпыз. Ай сайын адамдар жарық үшін кемі 25-26 мың теңгенің түбіртегі келеді деп зар илеп отыр. 70-100 мың теңге жалақы алатын жандар электр қуатына осыншама төлесе, әрі қарай қалай күн көрмек? Екібастұздықтар да – мемлекеттің бір бөлшегі. Біздің мәселемізге мемлекеттік деңгейде маңыз берілуі керек деп санаймыз. Министрлер екібастұздықтардың жағдайын қалай жеңілдетеміз деп бас ауыртудың орнына, наурызда жылу тарифін өсіреміз деп құлшынады. Мұны қиын жағдайда отырған қара халықтың жағдайымен санаспау деп қабыл­дай­мыз. Жапонияда бір оқушы қыз үшін электр пойызын тоқ­тат­паған. Ал бізде 145 мың адам­ның тағдырына немқұрайды қарап отыр. Президентіміз айтқан Әділетті Қазақстанды мұндай жағ­дайда қайтіп құрмақпыз, – деп қамығады ол.

Жылу параметрлерінің төмен­де­уіне байланысты 6 ақпан­нан қаладағы мек­теп­тердің көбі оқу­шы­ларды қашықтан оқуға көшір­ді. Облыс әкімдігінің ақпа­рын­­ша, қала бойынша көпқабатты 28 үйде жылу талапқа сай емес. Бұл үйлердің тұрғындары «Екібас­тұз­жылуэнерго» жылу төлемімен қатар, электр қуаты үшін де өтемақы қарастыру керек деген пі­кірде. Себебі мұндағы әр пәтер басы ке­йінгі екі айда 25-30 мың теңгеден шы­ғын­дануға мәжбүр.

Көмірлі шаһар тұрғыны, мүлік иеле­рінің республикалық бір­лестігінің басқарушы директоры Александр Разумовский қазіргі күні «ОАЭК» АҚ бар салмақты жергілікті әкімдіктерге ар­тып қойып, өздері іргелерін аулақ са­луға әрекеттеніп отырғанын айтады. Компанияның құрыл­тай­шы­лары – Александр Клебанов пен Сергей Кан халыққа шын жаны ашыса, осындай қиын кезеңде көмек көрсетіп, шығындарын жауып беруге талпынуы керек еді.

«Екібастұз халқы осы уақытқа дейін төзіп келді. Шыдамның да шегі бар. Арқада қыс наурыз айының соңына дейін жалғасады. Демек әлі де бір жарым айдай уақыт тонуға тура келеді. Осы уақыт ішінде олигархтар мұздап отырған жұрттың көңіліне демеу болатын іс жасамаса, халықтың ашынатыны ақиқат. Ал оның соңы жақсылыққа ұластырмайтынын айтқым келеді. Мұның үстіне жергілікті тұрғын үй инспекциясы мамандарының жұ­мысына қатысты да шағымдарымыз бар. Олар әлеуметтік желілер мен мес­сенджерлердегі арнайы чат­тар­ға мониторинг жасап қана отырады. Неге олар әр шағымға орай әрекет етіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүр­­гізбеске? Кері байланыс бол­ма­ған соң көпшілікті ашу-ыза кер­нейді», дейді белсенді азамат.

Сәрсенбінің сәтінде ұйым­дас­­ты­рылған ар­найы брифингте «Павлодарэнерго» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Вадим Лесин өткен қаңтар айы үшін екі­бас­тұздық абоненттердің жылу төле­мі­не 70 пайыз жеңілдік жасалатынын жет­кізді. «Тұр­ғын­дардың электр жарығына жұм­са­ған шығындары белгілі бір көлемде өтеле ме?» деген сұраққа қала басшысы Аян Бейсекин «жоқ» деп жауап берді. Әкімнің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың желтоқсан айындағы өтем­­ақыны «Екібастұзжылуэнерго» ком­­паниясы өз мойнына алған. Қазіргі күні кәсіпорынның қаржылық жағдайы тұр­­ғындардың бұл талабын орындауға қауқарсыз.

Ал В.Лесиннің айтуына қарағанда, стансадағы қазандық агрегаттарының жиі-жиі тоқтай беруіне коммуналдық желілердегі жүйелі апат кезінде күл-қоқыстың жылу суына араласып кетуі себеп болып отырған көрінеді. Лас су құрал-жабдықты былғап, салдарынан қазандықтар сөніп қалады. «Стансада кідірулер алдағы күндері де жалғаса береді. Бір агрегатты қоссақ, екіншісі сыр беріп тұрып қалады. Қаңтар айында қалыпты температураны небәрі 6 күн ғана ұстап тұра алдық. Орталықтың құ­рал-жабдықтарын қыс уақытында толық тазарту мүлде мүмкін емес. Жылу мауы­сымы аяқталған соң ғана бұл іске кірі­семіз», дейді ол.

Қараша айынан бері жөндеу бригадалары жылу желілеріндегі зақымдалған 150 тұсты қалпына келтірген. Қазіргі күні қала бойынша магистралдық желілерде – 9, орамішілік құбырларда 10 зақымдану тіркелген. Шаһарда төтенше жағдайдан 346 пәтер бүлінсе, соның 150-ден астамы бүгінде жөндеу бригадаларымен бүтін­делген. Қалғаны алдағы уақытта жөн­­деледі.

Қазір қалада жылыту маусы­мы аяқ­тал­­ғаннан кейін бас­тала­тын кеңау­қым­­ды жөндеу нау­қа­нына дайындық қызу. Жылумен жабдықтау жүйелеріне техни­калық аудит жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша кешенді шараларға қажет қаражаттың сомасы белгілі болады. А.Бейсекин жал­пы ұзындығы 5 км болатын төрт жылу магистралын жаңартуға ЖСҚ әзір­ле­ніп болып қалғанын, бұған қоса 25 км желіде гидравликалық сынаулар жүргізуге стемалық құ­жат­тар әзір­лен­генін баяндады. Анықталған құбыр саңы­лаулары мердігер компаниялармен жамалады. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтпейінше, алдағы жөндеу жұмыстары қаладағы жылу желі­леріндегі тозу көрсеткішін қанша пайызға төмен­де­тетінін тап басып айту қиын.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы