Аймақтар • 12 Ақпан, 2023

«Маралды» аудан атына лайық

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың әйгілі жырына арқау болған «Маралды» атауы келешекте Павлодар ауданына берілуі мүмкін. Бұл – аудан халқының ерік-жігерінен туған, тарихи дерек­терге негізделіп жасалған ұсыныс. Жергілікті өлке­тану­шылар кеңес өкіметіне дейін өлкеде Маралды болысы бол­ған. Қазіргі ауданға қарасты аумақ­тың 60 пайызы сол тұста болыс­тықтың құрамына енген дейді.

«Маралды» аудан атына лайық

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Павлодар – облыс орталығының дәл іргесінде орын тепкен аудан. Биыл құрылғанына 95 жыл толады. Суармалы жерлерінің молдығымен, күзде тұтас аймақтың халқын асырауға жететіндей аста-төк картоп беруімен ерекшеленетін берекелі өңір. Кейінгі уақытта жергілікті белсенді азаматтар мен өлкетанушы­лар аудан­ның атауын өзгертуге қатысты ұсы­ныс­тарын жиі білдіре бастады. Ста­тис­ти­ка­лық деректер мұнда кейінгі жылдары қазақтың үлесі артқанын дәлелдеп отыр. Өзге ұлттың көңіліне қарап, қаба­ғын бағатын заман әлдеқашан өткен. Қоғам өкілдері өз ұсыныстарын аудан бас­­­шысына жеткізіп, көпшіліктің қол­дауы­­­мен Павлодарға тарихи атауын қай­­­т­ару­­ды биік мақсат етіп ұс­­тап отыр. Негізі Павлодар ауданы­ның атауын өзгерту туралы мәсе­ле­ні ал­ғаш­қы­­лар­­дың болып қозғаған осы өңір­дің бел­­сенді азаматы, қазіргі уақыт­та аудан­­­дық қо­ғамдық кеңестің және жер­гі­лікті «Қазақ тілі» қоғамының төраға­сы Бақыт­бек Бат­кеев еді. Ол осы­дан 5 жыл бұрын сол кез­дегі аудан әкімі А.Ба­бен­­коға ресми хат жол­­дап, ұсы­ны­сын нақ­ты дерек­тер­ге сүйе­не отырып жет­кіз­ген-тұғын. Алай­да мем­лекеттік орган­дар­дағы жауап­ты азаматтардың өзге ме­­ке­­ме­лерге ауысып кетуіне орай, бұл іс аяқ­­­сыз қал­ды. Енді, міне, ауданның 95 жыл­­д­ық ме­рей­тойы қарсаңында тарихи тұрғы­­дан жа­ңарудың оңтайлы сәті келіп тұрғандай.

– Павлодар ауданының атауын өзгер­­туге толық негіз бар. Өзіңіз ойлап қа­­ра­­ңызшы, өңірде Павлодар облысы, Пав­­лодар қаласы, Павлодар ауданы, Па­в­­лодар ауылы деген атаулар бар. Бұ­лар идеологиялық тұрғыдан ескірумен қатар, бір әкімшілік аумақта орна­лас­қан. Аудандағы халықтың денін өзіміздің қазақтар құрап отыр. Кезінде Мұзағаң жырлаған «Маралды» көлінің жартысы біздің ауданның еншісінде. Әрі ол аумақ бұрын Маралды округі аталып, бертін Шақат округі құрамына енген. Бірақ Маралды ауылы сақталып қалды. Ол кезінде Маралды болысының орталығы болғанын тарихи деректер растайды. 1870 жылы өлкеде Маралды болысы құрылғанда оның 60 пайызы қазіргі біздің ауданның аумағында орналасыпты. Бұл мәліметтер 1893-1897 жылдары осы өлкені зерттеген Ф.Щербина бастаған экспедиция құ­жат­тарынан және сол кездегі карталар­дан алынған. Әлгіндей деректерге сүйе­не отырып, тарихшы, өлкетанушы, ақса­қа­лдармен ақылдаса келе, осындай ұсы­ныс жасадым. Жер-су атауларын жақсы білетін өлкетанушылар Хабзат Бау­жанов пен Дәурен Аяшинов бұл ұсы­ныс­ты толық қолдайтындарын айтып, мақұлдады. Ұсынысымызды аудан басшысы Н.Дычко да жылы қабылдайды деген ойдамын, – дейді Б.Баткеев.

Павлодар ауданында тарихы 150-200 жылдан ары кететін ауылдар бар. Заря, Ямышев секілді кеңшарлар тың игеру жылдарынан кейін құрылғанымен, ол жерлерде оған дейін де ел қоныстанған. Мысал үшін Заря ауылдық округінің Жертұмсық елді мекені былтыр 175 жыл­дығын атап өтті. 1955 жылы Ғы­лым академиясының археологтері аумақта қазба жұмыстарын жүргізіп, Подс­тепка мен Долгое ауылдарының арасындағы ескі қорымнан Сақ дәуіріне тиесілі батырдың мүрдесін тапқан. Археологтердің зерттеуіне сүйенсек, батырдың сауыт-сайманы, киім-кешегі және ер-тұрмандарынан зергерлік өнердің сол кездің өзінде жоғары деңгейде дамығанын байқауға болады. Көнекөз қариялар бұл аймақ кезінде Зергер елі аталғанын да айтады. Одан бөлек 250 жылдық тарихы бар Қаратоғайда ертеректе 200 үйден тұратын ауыл және 200 бала оқитын медресе болған. Ал Ольгинка ауылының тарихи атауы Басқұдық.

Өлкетанушы Дәурен Аяшиновке хабарласқанымызда, ол ХІХ ғасырда бұл өлкеге сәмек руларының жиі қоныстана бастауымен 1820 жылы Бәсентиін-Сәмек болысы құрылғанын жеткізді. Ал арада 50 жыл өткенде ол Маралды болысы деп аталады. Кейінірек Бәсентиіннің біраз ауылдары мен қыпшақтың Қосайдар болысы басын құрап, Ұрық болысы құрылады. Басқұдық болысы да 1898 жылға дейін Маралды болысының құрамында болғаны мәлім. Қазіргі Кеңес, Заря, Кемеңгер, Шақат, Ефремовка, Ольгинка ауылдық округтерінің жерлері Маралды құрамында болыпты. Ол архивтен алынған, 1893 жылы жасалған картада көрсетілген. Сондықтан тарихи деректер мен жер атаулары бұл ұсыныстың толық негізді екенін айғақтап тұр.

Айтыскер ақын, өлкетанушы Бейбіт Бөжен де бұл ұсыныс жерде қалмауы керек деп есептейді. «Әдемі де көңілге қонымды атау. Маралды бұрынғы Сәмек-Бәсентиін болысы, кейін Маралды болысы аталды. Бұл жерді ежелден қазақтар жайлаған. Кейін қарашекпенділер, переселендер келген. Өзге ұлт өкілдерінің салмағы басқан соң, тарихи атаулар да ұмытылған. Енді ол атаулар қайтарылуы керек», дейді ол.

Маралды ауылына кезінде директор болған, ауданның Құрметті азаматы Төлеген Иманалиев ақсақал мен Маралды ауылының байырғы тұрғыны Қази Шегебаев та бұл ұсынысты толық қолдап отыр. Ел-жұрт үшін тұтас ауданның Маралды аталуы үлкен мәр­тебе ғана емес, ұрпағымыз үшін үлгі-өнеге деп санайды. Өңірдің мерейтойы қарсаңында бұл өрелі бастама оңымен жүзеге асып кетсе, халық үшін зор қуаныш болатынын жеткізді.

Осылайша, жергілікті жұрт пен қо­ғам өкілдері тарихи және мәдени-ру­ха­ни тұр­ғыдан Маралды атауы әбден лайық­­ты де­ген түйінге келіп отыр. Пав­ло­дар – идео­логиялық тұрғыдан ескір­ген, отар­­лық жүйені еске салатын атау, жер-су атау­­ларын ауыстыру әуелгі кезек­те мем­ле­­кеттік саясат, ұлттық идеоло­гия аясын­да жүргізілуге тиіс деп есептейді көпшілік.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы