19 Маусым, 2014

Жер жаратусыз жатпауы керек

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_9148Бүгінде ауылшаруашылық айналымына тартылған алқаптарды түгендеу бойынша жер телімдерін пайдалана алмауды және тиімсіз пайдалануды шектеу шаралары жүргізіліп жатқаны мәлім. Жер қатынастарын жаңа талаптарға сәйкес реттеу істері жөнінде Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық инспекциясы» ММ басшысы С.АХМЕТОВКЕ жолығып, ой бөлісуін өтінген едік. – Саяш Шаухатұлы, жер иелерін бұл мәселе айрықша көңіл аудартумен бірге алаңдатып отырғаны да анық. Ерекшелігі неде деп айтар едіңіз? – Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауында алға қойылған мін­деттерге сәйкес жерді тиімді пайдалануға ұмтылысты кү­шейту, береке көзімен жұмыс істейтіндер жауапкершілігін арттыру мақсаты жолындағы іс-шара дегеніміз жөн мұны. Расын айтқанда, ауылшаруашылық маңызы бар жерлерге инвентаризация жүргізілудегі соңғы үш жылда қандай жер телімдері мүдделі түрде, қайсысы тиімсіз қолданыстағыны анықтау барысында бірқатар мәселелер ашылды. Жалпы алғанда, түгендеу жұмыстарының басты мақсаты ауылшаруашылық алқаптарының нақты көлемін көрсету және есептік деректерді салыстыру, сон­дай-ақ, егіс­тіктің, көпжылдық екпе шөп­тердің, тыңайтылған та­нап­­тардың, шабындықтардың, жа­йылымдардың жіктелуіне бай­­ланысты жердің пайдалану құ­рамын айқындау болып табылады. – Ал осы ретте қандай жайлар белгілі болды? – Өкінішке қарай, жер иеленушілер мен жалға алушы­лардың біразы мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті барынша іске асыра алмай отыруы қынжылтуын ашып айтпасқа болмайды. Әсіресе, ұсақ шаруа қожалықтары еншісіндегі ұзақ жылдар бойында қол тигізілмеген, арам шөп қаулаған алқаптар жетіп артылады демеске лаж жоқ. Мәселен, облыс бойынша пайдаланылмай жатқан және тиімсіз пайдаланылудағы 1 миллион 162 мың гектар жерді қамтушы 1668 шаруашылық субъектінің болуы соны көрсетеді. Соның ішінде айталық, инфрақұрылымы ең тәуір деген Нұра ауданының өзінде ауылшаруашылық айналымына берілген жер телімдерін мүлдем кәдеге жаратпай немесе құнттылықпен қолдануға құлықсыз 300 субъект бар болса, олардың қарауындағы жер көлемі 103,8 мың гектарды құрауы, яғни осынша алқаптың бостан-босқа құлазып жатуы, әрине, жағымды жай емес, есте ұстайтын мәселе. Басқа да аудандарда, айталық, Ақтоғай, Жаңаарқа, Ұлытау, Бұқар жырау, Осакаров аймақтарында да жаратусыз жер көлемі жыртылып айырылады. Рас, азын-аулақ қиындықтар, әртүрлі кедергілер кездеседі. Бірақ ырыс басын ұсынықты пайдалана білуге талпынысты таудай етуге жергілікті атқарушы билік те , Үкімет те мүдделі болып, бұл үшін оңтайлы жағдайды жасап отырған шақта оған мойынсыну лайықсыз ғой. Сондықтан, дым істемей, жерім бар деп құр мәз болудың уақыты өтті дер едік. Жасыратыны жоқ, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер бөлу мәселесінде заң бұзу­шы­лықтар бар. Жеке және заңды тұлғалардың жер телімдерін беру туралы өтініштерін қарау­сыз қалдыру, орынсыз орындамау, мерзімін сақтамау, арнаулы комиссияның тиісті қоры­­тындысы еленбей жекедара шешім қабылдау сияқты келең­­сіздіктер әлі де азаймай жүр. Мәселен, Шет ауданындағы Шет ауылдық округінің әкімі Беркімбаев осындай кемшіліктерге орын берді. Тексеріс нәтижесінде анық­талған жер заңдарын өрес­кел бұзуы жауапкершіліксіз қалмады. Облыстық тәртіптік кеңес шешімімен қызметіне сәйкессіздік түрінде шара қолданылды. – Жерді иігілікке асы­руға құлшынысты серпіл­ту­ге арналған шаралар қанша­лықты нәтижесін беріп жатыр? – Жоғарыда аталғандай, бүгінде жер пайдаланысына талап биік. Жер телімдерін иелікке, жалға беру туралы заң ережелері сақталмаған және бұзылған жағдайда жасалған шарттар­ды бір жақты үзу арқылы олар­ды қайтадан мемлекет мен­ші­гіне қайтару шаралары қарас­тырылғанын ескерте кеткен жөн. Оны қолданудамыз да. Соған сәйкес 109 жер телімі мемлекетке қайтарылса, мұндай әрекет басқаларды да айналып өтпеуі ойлантуда екені байқалуда. Қазіргі уақытта не егін, не шөп, не көкөніс егілмей, өздеріне де, өзгеге де пайдасы жоқ жерлер инс­пек­цияда бақылауда тұр. Таяу арада іс көзіне айналмаса айы­рылып қалуы мүмкін. Бұдан сақтандыру үшін жер иелерімен құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесі білініп келеді. Ауыл шаруашылығымен шұғылданушылардың жерді пайдалануға деген белсенділігі арта түсіп отыр. Мұның өзі жұрттың талапты түсіністікпен қабылдауын танытады. Бағымызға орай, ұлан-байтақ жеріміз бар. Не өсірсең де жеткі­лікті. Жаратусыз жатпауы керек. Байлық пен береке көзіне бөленуі қажеттігі күннен-күнге артып барады. Ел келешегі, мемлекет мүддесі осыны талап етеді. Әңгімелескен  Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.