Әлем • 13 Ақпан, 2023

Жер астындағы өмір: «Ұлым мықты болмағанда, мен де тірі қалмас едім»

672 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркияда үйінді астында қалғандарды іздеу-құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Бірақ күн өткен сайын адамдардың аман табылуы екіталай. Болжам бойынша, қаза тапқандардың саны 50 мыңға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жер астындағы өмір: «Ұлым мықты болмағанда, мен де тірі қалмас едім»

Алайда осы қайғылы оқиғадан 4 күн өткен соң, ана мен бала үйінді астынан аман-есен табылған. Жұрт таңғалысқан оқиға туралы Емре Булуттың репортажында 33 жастағы әйел жер астында өткен күндері туралы айтып берген.

- Жер сілкінісі күшейген сайын бөлме дірілдеп, қабырғалар сетіней бастады. Күйеуім басқа бөлмеде болатын. Оған барғым келген еді ғимарат қозғалып кетті. Жер сілкінісі тоқтаған кезде мен төмендегі қабатқа құлап түскенімді білмедім. Айқайлап едім ешкім жауап бермеді, - деді ол.

Содан кейін Некла баласы қолында екенін біледі. Ол Яғыздың әлі де дем алып жатқанын бірден байқайды. Олардың жанына құлаған шкаф өмірін сақтап қалған.

- Шаңның әсерінен бастапқыда тыныс алу қиынға соқты. Бірақ көп ұзамай ол басылды. Қоқыстардың астында жылы болды. Тоңа қоймадық. Бірақ еркін қозғалу, қимылдау мүмкін болмады, - деді әйел.

Ол дауыстарды алыстан естіп, адамдарды көмекке шақырмақ болып айқайлаған. Бірақ ешкім келмеген. Некла ешкім келмеуі мүмкін екенін түсініп, сол ойдан қорқып кеткенін айтады.

- Сіз енді балалы болған кезде көп нәрсені жоспарлайсыз, содан кейін кенет бір-ақ сәтте үйіндінің астында қаласыз. Жер астындағы өмір... Соған қарамастан Яғызға қарауым керек екенін сезіндім. Қозғала алмағандықтан, оны емізу қиын болды, - деді Некла. Ол ешқандай тамақ жоқ болғандықтан, шарасыздан өзінің емшек сүтімен жүрек жалғаған.

- Сәт сайын отбасымды, жақындарымды ойладым. Олар аман қалды ма екен деп уайымдадым. Мен өзімнің тірі қалатыныма сенген жоқпын. Бірақ құшағымдағы балам үмітімді үздірмеді. Ол көбіне ұйықтап жатты. Ал жылап оянған кезде емізіп отырдым, - деді келіншек. 

Жер астында 90 сағаттан астам уақыт өткізгеннен кейін Некла иттердің үргенін естиді. Одан кейін «Бәрі жақсы ма? Егер солай болса, белгі беріңіз», деген құтқарушылардың дауысын естіген. Содан оларды тауып, құтқарып алған.

Бір қызығы, Некла мен Яғыз ауыр физикалық жарақат алған жоқ. Некла менің өмірімді сақтап қалған Яғыз дейді.

«Менің ойымша, егер ұлым мықты болмағанда, мен де тірі қалмас едім», деді ол.