Әскер спортшысы Надежда Дубовицкая әйелдер арасындағы биіктікке секіру жарыстарында чемпион атанды. Жеңіл атлетіміз 1,89 метр биіктікті еңсерді.
Дәл осы сайыс түрінен барлық жүлделі орындарды қазақстандық спортшылар иеленді. Кристина Овчинникова аталған биіктікті бірнеше талпыныстан соң бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Қола жүлде де ел еншісінде қалып, қазақстандық Елизавета Матвееваға бұйырды. Көрсеткен нәтижесі – 1,84 метр.
Ерлер арасындағы эстафеталық жарыста біздің жеңіл атлеттеріміз Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс және Михаил Литвин 3:09.15 есебімен Азия чемпиондары атанды. Күміс жүлде Катар командасына (3:09.26), ал қола – Тәжікстан құрамасына (3:34.45) бұйырды. Алтын олжалап, чемпион атанған Михаил Литвин – ҚР Қарулы күштерінің қызметкері.
Кедергілермен 60 метрге жүгіруде ерлер арасында жоғары наградаға ие болған мерзімді қызметтегі сарбаз Давид Ефремовке тең келер ешкім болмады. Ол қашықтықты 7,65 секундта жүгіріп өтті. Тұғырдың екінші сатысын қытайлық спринтер Чен Куэй-ру (7,68), үшіншісін жапондық Шукей Исикава (7,70) иеленді.
Сонымен қатар ерлер арасында 400 метр қашықтықты бағындыруда Орталық спорт клубының спортшысы Михаил Литвин соңғы жарыста катарлық желаяқ Аммар Исмаил Яхия Ибрахимге (46,25) ғана есе жіберіп, 46,39 ұпаймен күміс жүлде иеленді. Қола Қытай спортшысы Фан Тианруиге (47.30) бұйырды.