Әлем • 13 Ақпан, 2023

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатыр

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайлар министрлігі Түркиядағы Қазақстан ТЖМ бөлімшелерінің жүргізіп жатқан жұмысы туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатыр

Іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіле бастаған күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 67  адамның, оның ішінде 6 баланың денесі үйінді астынан шығарылды.

Қазір Қазақстан ТЖМ құтқарушылары іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Газиантеп қаласы бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жұмыс істеп жүр.

Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасады. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 14 қаза тапқан адамның денесі шығарылды.  

Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Объект толығымен демонтаждалды. Инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, қарапайым аспаптарды қолдана отырып, 10 000-нан астам текше метр үйінді арасы ашылды. Демонтаждауға жұмылдырылған бөлімше жұмыс жүргізіліп жатқан 1 және 3 учаскелерге бөлінді. Қайтыс болған 19 адамның денесі шығарылды.

Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, қайтыс болған 22 адамның денесі шығарылды.

Қазақстан ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді. Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап,  жедел және сауатты іс - қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық көмек алды. Қайтыс болған 8 адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланылып жатыр. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары әлі де жалғасады.