Жас бишілер қалалық «Мирас» мәдениет үйінде өнер көрсетсе, мектеп театрларының сахналық қойылымдары М.Горький атындағы гимназияның мәжілісханасында өтті. Оқушылар қойған сахналық туындылардың тақырыбы сан алуан, ал бишілер «Халық биі» және «Заманауи стильдегі би» аталымдары бойынша өнер көрсетті. Байқауға Амангелді ауданынан келген «Гүлдер-ай» бишілер тобы ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгісімен көзге түсті. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлына арналған күрделі қойылымды сәтті сахналап шыққан Тобыл қаласындағы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының театры да көпшілік көңілінен шықты. Аталған мектепте осыдан екі жыл бұрын «Қара шаңырақ» театры құрылған. Оның құрамында отызға жуық оқушы бар.
Жас өнерпаздардың өнерін облысқа танымал мәдениет және өнер қайраткерлері бағалады. Нәтижесінде, қазылар алқасы «Үздік хореографиялық қойылым» аталымы бойынша Өңірлік психологиялық қолдау және қосымша білім беру орталығының «Хамелеон» би тобын жеңімпаз деп тауып, болашақ ақпараттық технология мамандарын оқытатын «Озат» мектеп-лицей-интернатының «Blossom» би тобына сахналық шеберлігі үшін арнайы сыйлық беру керек деп ұйғарды. Ал Федоров аудандық балалар шығармашылық үйінің «Жаным» би тобы «Би қойылымының ерекшелігі үшін» деген номинация жеңімпазы атанды.
Байқау қорытындысы бойынша би өнері мен театр өнеріне тағайындалған қос бірдей бас жүлдені Амангелді ауданының өнерлі өрендері жеңіп алды. Бишілер арасынан Гран-При сыйлығын Амангелді орта мектебінің «Гүлдер-ай» ансамблі, ал оқушылар театрларының бас жүлдесін осы ауданға қарасты Құмкешу орта мектебінің «Бәйшешек» театры жеңіп алды. Үздік өнер топтары облыстық білім басқармасының мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бас жүлде иегерлері енді байқаудың республикалық кезеңінде өнер көрсететін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс оқушылары бұған дейін де республикалық байқауларда жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр. «Мысалы, былтыр Жанкелдин ауданындағы өнер мектебінің театр ұжымы республика бойынша бас жүлдені жеңіп алса, хореография ұжымы үшінші орын алды. Бұл өнер фестиваліне балалардың қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Биылғы байқауға алғаш рет өңірдегі мамандандырылған мекемелердің өнерпаздары да қатысып отыр, – дейді психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығы директорының орынбасары Жанна Есмұрзинова.
Қостанай облысы