Аймақтар • 13 Ақпан, 2023

Қар барысының қарғыбауы

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда да қар барысының ізі бар. Қызыл кітапқа енген қырағы жануарды мамандар қызғыштай қорғайды. Анда-санда көзге түсетін түз тағысының тағдыры – бүгінде адамның қолында. Осы мақсатта «Алтынемел» табиғи саябағының мамандары қар барысы мекендейтін аумақты картаға түсірді.

Қар барысының қарғыбауы

Саябақ мамандары аңдарға арнайы GPS орна­тылған қарғыбау таққан. Жобаны «Алтынемел» табиғи саябағының қызметкерлері мен зоология институтының ғалымдары іске асырды.

Қар барысына қарғыбау таққанның бірі – Нұрлан Молдахметов. 20 жылдық тәжірбиесі бар білікті маман ғалымдармен бірлесе ерекше жобаны жүзеге асырды. Жазыққа түскен аңды ұйықтатқан соң ол теңбілін санап, ат қойып, құжат бойынша жұмысын жүргізген.

«Қар барысының жасын анықтадық. Шама­мен ол – 3 жасар. Биіктігі мен аяқтары, құйрығы, тісінің жуандығына дейін есептеп, өлшедік. Содан оның оянатын уақыты болған кезде қайтадан доза салып, инемен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағының аумағына жібердік. 15 минуттан кейін тұрып, жан-жағына қарап, тауға қарай кетті», дейді «Алтынемел» мемле­кеттік ұлттық табиғи саябағы жедел топ басшысы Н.Молдахметов.

GPS қарғыбау екі таутан және бір аталық барысқа тағылды. Мамандар құрылғы кө­мегімен аңдардың күніне қанша шақырым жүретінін есептеген. Әрі миграциясы мен мекен ететін аума­ғын анықтап, картаға тү­сірген. Жоба жер беті­нен жойылуға шақ қал­ған жыртқыш жайлы тол­қыққанды зерттеу жүр­гізуге мүмкіндік береді.

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи сая­бағы ғылым бөлімінің басшысы Марғұ­лан Мұса­бековтің айтуынша, үш қар барысы «Алтын­емел» ұлттық саябағы аумағынан шық­паған. Қазіргі таңда қыстап жатқаны – Жүзасу шатқалы. Бұл – тауешкілер өретін жер. Қар барысы бір күнде 18-21 шақырымды шарлап шығады. Оның азығы да – осы жолда.

 

Жетісу облысы