Кино • 13 Ақпан, 2023

Авторлық кино көрерменнен озық жүреді

793 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Жуырда «режиссер Данияр Саламат Бейімбеттің шығармасы­ желісімен кино түсіріпті» дегенді естіп, елең еттік. Шынын айту керек, көпшілікке тәуір көрінген бірқатар авторлық фильм режиссерінің тарихи тақырыпқа барып, әдеби туындыны экрандап жатқанына ішіміз жылып қалды. Енді бір жағынан, бүгінгідей тарихи тұлғалар өміріне арналған телесериалдардың күрт көбейген тұсында кезекті кинокартина қалай шығар екен деп тосылып та отырмыз. Осы орайда Данияр Саламатпен ­жалпы кино туралы әңгіме өрбіткен едік.

Авторлық кино көрерменнен озық жүреді

– Әңгімеміздің әлқиссасын жақсы жаңалықтан бастасақ болатын шығар. Он жыл бойы толғатып, үлкен дайындықпен келген Бейімбеттің шығар­ма­сын түсіріп болдыңыз. Құттық­таймыз. Бұл жазушының қай әңгімесі?

– Шынымен де, бұл сцена­рий он жыл бойы тартпада жатып қал­ды. Негізі бәрі мені әу бастан ка­мералық қалыптағы авторлық туын­дылар түсіріп жүрген режиссер ретінде таныды. Сол се­беп­ті тарихи туындыларға, кең по­лотнолар­ға бара қоймайды деген түсінік болды. Бірақ көптен бері тарихи фильм жасасам деген бір арман ішімде бүлкілдеп жүрді. Әсіресе Бейімбеттің шығарма­сы арқылы жиырмасыншы-оты­зыншы жылдар – өліара кезең­дегі қазақтың мінезін, табиға­тын, тұрмысын көрсеткім келді. Қазіргі түсіріліп жатқан тарихи картиналардың біразына көңілім толмайды. Біз көбінесе байырғы қазақты экран арқылы бейнелегенде, алқақотан отырғызып, домбыра тартқызып, қымыз ішкізіп, атқа қондыра саламыз да, сонымен шектелеміз. Жан дүниесіне, болмысына, тұрмысына үңіле бермейміз. Ал ұлттың іші де, сырт сипаты да тең болсын, шынайы болсын десек, әдебиетке жүгінген абзал. Би-ағаң – қазақ классиктерінің ішіндегі киноға ең жақын жазушы. Өткен дәуірді, сол жиырмасыншы жылдардағы адамдарды танысақ, осы Бейімбет арқылы танимыз. Егер оны экранға жаңғыртып шығаратын болсақ, міндетті түрде Би-ағаңа соқпай өтпейміз. Жазушыны киноға өте жақын адам деп айтатыным, онда типтік образдар көп. Мәселен, орыс әдебиетінде Чеховты сан түр­лі типтің галереясын жасаған автор ретінде бағалайтын болса, бізде дәл сондай бағаға Би-ағаңның өлмейтін бейнелері лайық. Тіпті олардың прототиптері қазір де бар. Одан бөлек жазушы кіш­кен­тай адамдардың өмірін көрсе­теді. Зерттейді, зерделейді. Мен де кішкентай адамдардың жа­ны­ның ұңғыл-шұңғылын зерттеуге ықыластымын. Бейімбеттің ки­но­­ға лайық тамаша шығармасы – «Күлпаш». Осы әңгімені экрандауым керек еді. Алайда 2007 жы­лы «Алтын аюды» жеңіп алған қы­­тай­лық Ван Цюаньань деген режис­­сердің «Туидің тойы» де­ген филь­мінен Би-ағаңның шы­ғар­­масының ізін көрдім. Онда да мер­­тіккен күйеуін асырау үшін әйел басқа күйеу іздейді. Яғни ұясын сақтау үшін өзін құр­бандық­қа шалады – сюжеті өте ұқсас. Егер «Күлпашты» түсірсем, осы фильм­ді қайталағандай болатын едім. Бір жағынан қатты қуан­дым – әлемдік деңгейдегі бедел­ді сыйлықты алып жатқан туын­дының тақырыбын Би-ағаң бая­ғыда-ақ жазып тастаған.

Бейімбеттің шығармалары әлі күнге дейін толықметрлі фильм түсірілмепті. Көрші қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың барлық туындысын киноға айналдырды. Бір ғана «Ақ кемесі» өзбек елінде бір, өз елінде екі қайтара түсірілді. Біздің басты қасіретіміз өзіміздің классиктерді бағаламау, өзімізге мән бермеу болып тұр. Соның ішінен сүзіп, жауһарды іздеп табу кемшін. Өйткені қазір режиссерлердің көбі Батысқа, орыс әдебиетіне қарайды, өзінің туған табиғатына, туған әдебиетіне үңіле бермейді. Сонымен, Бейімбеттің басқа шығармаларын үңгіп қазып, ақтарып отырып, «Әже» және «Талақ» деген екі әңгімесіне ерекше қызықтым. Осы екі туындының басын қосып, сценарий жаздым. Қазір фильмді түсіріп болдық. Тек құрастыру, монтаж жұмыстары қалды. Қаржысы түссе, көктемде фильмді толық аяқтаймыз.

– Әрине, авторға өз туындысына әділін айтып, баға беру қиын. Дегенмен ішкі таразы, ішкі сын не дейді? Фильм қалай шығыпты? Өзіңіз күткен нәтиже бар ма? Жалпы, түсірілім жұмысы қашан басталды, қайда өтті, кімдер ойнайды, сол туралы айтайықшы.

– Кино деген бір қиын дүние ғой. Оны түсіргенге дейінгі сенің жинағаның іске асады да, түсіріп болғаннан кейінгі ойларың қажет болмай қалады. Таспаға түскеннен кейін оны өзгерту өте қиын. Адам өмір бойы даму үстінде жүреді, белгілі бір деңгейге жеткен кезде кері кетесің. Бұл киноны түсіріп бітсем де әлі күнге дейін қол жуып тұрсам да, ұйықтап бара жатып, шай ішіп отырып та ойлап отырамын – ана жерін былай жасауым керек еді, мына эпизодты басқа­ша істесем, образы ашылар ма еді... Бірақ таспаны түзету мүмкін емес. Бір жағынан, киноның осы жағдайы ұнайды. Бар кезіңде, толып тұрған кезіңде ақтарып тастап, одан кейін оған қайтып оралмау. Ал егер кино туралы ойлай беретін болсаң, ой деген өмір бойы дамып отырады, шегіне жете алмайсың. Енді бар кезінде ақтардық, көрерменнің бағасын күтеміз.

Түсірілім жұмысы қара­ша-желтоқсан айларында Жаркент өңірін­де­гі Әулиеағаш деген жерде өтті. Ар­найы декорация, шағын ауыл жасалды. Актерлік құрамда, негі­зінен, типтік ерекшеліктерінде, түс­терінде архаикалық тек, бұ­рын­ғы заманның түрін беретін ерек­ше бейнелер, ерекше образдар таңдалды. Басты рөлдерді Ер­болат Әлқожа, Әмира Омар орын­дады. Құрымбайдың образын Айбек Иманқұлов ойнады. Не­гізі, Бейімбеттің мен таңдаған шы­ғармаларында Құрымбай деген кейіпкер жоқ. «Құрымбайдың жігітшілігі» деген әңгімедегі Құ­рым­байдың образын алдым, өйт­кені сол кездегі ұрдажықтық, асы­расілтеушілік, ештеңенің байы­бына бармауды көрсету керек бол­ды. Ауылнайдың рөлін Бейнұр Баймұхамбет алып шықты.

– Жаңа бұл сценарийді біраз жыл бұрын тартпаға салдым деп қалдыңыз. Одан бері кон­курс­тарға қатыстыңыз ғой. Не­ге өтпеді?

– Тартпада сүрленіп жатып қалған тек бұл емес. Тіпті «Талақ­тан» бұрын жазылған «Аштық» деген сценарийім бар. Осыдан он бес жылдай уақыт бұрын бұл тақырыпқа үрке қарайтын. Сол себептен ол да тартпаға түс­ті. Одан кейін жазғаным осы «Та­лақ». Бұның да тағдыры қиын екен, «Талақ» деген атының өзі біраз адамды шошытты. Мә­­селен, Ұлттық киноны қол­дау ор­талығының кейінгі өт­кен сарапшылық кеңесінде де «фильм­нің атауы ауыр соғып жатса, өз­гертеді» деп арнайы хаттама жа­сады. Байыбына бармайтын адам­дар үшін бұл сөз оғаштау есті­летін болса керек. Дегенмен кино саласындағы бұдан он жыл бұрынғы жүйемен салыстырғанда қазір бір жылымық бар. Мәселен, бұрын мемлекеттің қаржысы бір­ден «Қазақфильмге» берілетін болса, қазір ақшаны бөлетін жал­ғыз оператор Ұлт­тық киноны қол­дау мемлекеттік ор­талығы бол­ды. Был­тыр сондағы сарапшылық кеңес кіл жастардан, кәсіби мамандардан құрылып, «Талақтың» жолы болды деп ойлаймын. Дегенмен киноөндірісте­гі қазіргі жүйе әлі де шикі екенін байқатады. Мәсе­лен, киноорталық негізінен шығармашылықтан гөрі, қаржылық жағ­дайларға көп мән береді. «Та­лақты» түсіру барысында біз осы қиын­дықпен бетпе-бет келдік. Орта­лықтың сенің кино түсіріп жатқаныңмен ешқандай шаруасы болмайды, оларға тек қаржылық есепті уақытында өт­кізу керек. Ол да ештеңе емес-ау, сол есебіңді сан өзгертіп, қабыл­дамайды ғой! Сонда киноны қалай түсіремін деп емес, әр кезең са­йын жасалатын қаржылық есепті қа­лай өт­кіземін деп бас қатырасың. Тіп­ті мен бұны түсірілім кезін­де бас­­шылығына барып та айттым. Олар қаржылық есепке ғана жа­уап беретінін, ал киноны сарапшы­лық кеңес қарайтынын алға тартты. Шынында, сарапшылық ке­ңес арба­ның бесінші дөңгелегі сияқ­­ты беделге ие, онымен кейде сана­сады, кейде санаспайды. Сарап­шылық кеңес картина да­йын бол­ғанға дейін сценарий кү­­йінде қарайды және түсіріліп болған соң ғана көріп, араласа алады. Ал фильмді жасау үдерісіне қатыспайды.

– Режиссерлерге сарапшы­лық кеңестің қадағалап отыр­ғаны керек пе өзі?

– Әрине, сырт көздің болғаны жақсы. Ол кеңесте киноға жа­ны ашитын адамдар болады. Олар өнді­рістегі көптеген сырт жұ­мыс­тан азат етуге тырысады. Мы­салы, мен түсірген фильмімнің шикі материалын апарып, басшы­лардың біріне көрдіңіз бе десем, «оны сарапшылық кеңес қарай­ды» деп қолын бір сілтейді. Сосын көретін адам іздеп, бізге тікелей жауап беретін қыздан сұраймын. Енді бір пікірлес адам іздейсің ғой. Ол да: «Ну, так посмотрела. Но это не мой фильм», дей салады. Сонда әлгіндей көркем дүние жасалатын жерде көркемдікке қуана алатын, көркемдікті бөлісе алатын, сол туралы ойын айтып, сөйлесетін адамды таба алмайсың. Режиссерге жанашырлық танытып, есеп беру, оны жансебілге түсіп өткізу сынды бір оңбаған жұмыстардан арашалайтын жан қайда дейсің. Тек есеп, есеп. Шыны керек, «Талақ» шығармашылық тобының жанкештілігінің арқа­сында ғана ғана түсірілді, болмаса ор­талықтың есеп-талабының астында көміліп қалар ма едік...

– Енді сол есептің бәрін беріп, «аман» шығыпсыз. Жалпы, қан­ша қаржы бөлінді?

– Иә, бірақ басқа да мәселелер бар. Бізге 340 млн теңге бөлінді. Бұл тарихи фильм үшін аз. Түсі­рілім кезінде оның 30 миллионын қиып тастады. Өйткені күн­тізбелік жоспардан қарды күт­кенімізге байланысты ауытқып кетіппіз. Сол үшін айыппұл да сал­ды, ақшамызды да қиды. Ал олар­ға қысты көрсету үшін қарды күттік деп түсіндіре алмайсың. Жалпы, бұл киноорталық «Кино туралы» заңның аясында жасалды ғой. Ол заң шыққанда қуанып едік, қазір көптеген кем­шілігі білініп жатыр. Бұрын «Қа­зақ­фильмде» ұлт­тық реңк бар еді. Мен өзім сонда көркемдік ке­ңесте жұмыс істедім. Онда кө­бінесе ұлттық, дәстүр жа­­­ғынан, редакторлық жағынан сауат­тылыққа мән беретін. Ал мына Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығы тек қана өн­діріске мән беретіндіктен, оның ре­дакторлық, көркемдік, ұлт­тық бояуы солғын ба, қанық па, шы­нымен де ұлттық дүниеге жата ма, оған бас қатырмайды. Мәселен, сол жерде алдыңғы жы­лы сарапшылық кеңестің мүшесі бол­дым. Сонда қаншама фильм­ келіп жатыр, қателерден көз сүрі­неді: қазақ сөздерін дұрыс айт­пайды, дәстүрге қайшы элемент­тер жүреді, жай ғана титрдің өзі бір қазақша, бір орысша. Көптеген фильмнің сценарийі орысша жазылады да, кейін диалогтерін қа­зақша аудара салады. Өттері жа­­рылып кетсе де айтайын, ол – көз­бояушылық. Оған ешкім жауап бермейді. Яғни бұл Ұлттық киноны қолдау орталығы болғаны­­мен, киноның ұлтқа қызмет етуіне аса мән бермейді. Орталық тек бө­лінген қаржыны игерумен айналысады. Бүгінде киноның мүш­кіл халге түсуінің бір себебі осы. Киноға ұлттық дүние деп, көркем дүние деп қарамайынша, оны жасайтын адамға суреткер-тұл­ға деп қарамайынша, бұл ахуал түзелмейді. Ол орталықта көбінесе орыстілді мамандар жұмыс істеген соң да, ұлттық дүниенің байыбы­на бара бермейді.

– Сонда Ұлттық киноны қолдау орталығының құры­луы­ның бір пайдасы қаржы бө­ліп отырғаны ғана ма?

– Оның бір пайдасы, қазір кез келген жеке продакшндер өзінің шығармасын ұсына алады. Ал бұрын мемлекеттік бюджеттің қар­жысы «Қазақфильмге» түскен соң, олар кімге беремін десе де өздері білетін, яғни оған жеке студиялар қатыса алмайтын. Мұнда бәрі өз жұмысын ұсына алатындықтан, бәсеке жоғары. Бірақ сол көптің арасынан асылды тауып, өткізу жағы қиын болып тұр.

– Кейінгі жылдары тарихи тұлғалар өміріне арналған теле­сериалдар көп түсірілді: «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ах­мет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенов. Тайталас», «Қа­ныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ға­сырдан емеспін», «Мір­жа­қып. Оян, қазақ!» Яғни тари­хи киноларды телеарна­лар түсіретін үрдіс белең ал­ды. Зерттеп қарасақ, кинофильм мен телефильмнің көр­кем­дік жағынан да, сапалық тұрғы­сынан да айырмашылығы көп, екеуі екі түрлі туынды. Теле­визиялық форматқа лайық­талған кез келген кино тек сол шеңберге сыяды. Сол деңгейде түсіріледі. Ал бұл сападағы фильм­дерді көркем туындыға жата ма?

– Әрине, көркем туынды. Ес­туімше, тарихи сериалдарға қар­жы өте аз бөлінеді. Ал бұрнағы заманды тірілтуге керекті образдарды жасауға қажет дүниелерді жаңғыртуға бұл ақша жетпейді. Сондықтан тарихи фильмнің бар қажетін өтейтін қаржы болмаса, бұл тақырыпқа бармаған дұрыс. Кейінгі уақытта тарихи телесериалдардың неге оқтын-оқтын түсіріліп жатқанын өзім де түсінбей жүрмін. Тарихи фильм,  ең алдымен, тарихи образ жасау, ол – біздің жауһарларымыз, кесек-кесек тұлғалар, қайраткер­лер. Олар әркім тақымына салып, яки қолына ұстап кете беретін жеңіл дүние емес. Сіз айтқан тарихи сериалдардың бәрі (байопик) биографиялық фильмдер. Оған ең бірінші қойылатын талап – портреттік ұқсастық. Бір жылдары Англияда чаплиниада деген өнерден жарыс өткен. Яғни Чарли Чаплиннің жүріс-тұрысын, мимикаларын салу. Сол байқауға Чаплиннің өзі қатысып, төртінші орын алыпты-мыс. Сонда талантты біреу тұлғаның өзінен асырып орындаған болып тұр ғой. Ал біздің сериалдарда керісінше – тұлға­ның кескін-келбеті болсын, мінезі, әдеті, әрекеті болсын, асып кет­кені қайда, жақындамайды. Бұл өте қауіпті. Біріншіден, жас ұр­пақ­тың санасынан тұлғаның шын бей­несін өшіріп жібереді. Қазір жастардың көбі кітап оқымай­ды, визуалды өнер алға шыққан­нан кейін тұлғаларымыз туралы дү­ниелерді экраннан ала қояды. Сөйтіп, қайраткердің шын бей­не­сі көмескіленіп, сүртіліп кетеді. Сондықтан да егер режиссер­дің қолынан келмесе, шығармашы­­лық әлеуеті жетпесе, тарихи фильм­ге барудың қажеті жоқ. Одан бөлек қазір телевизиялық фор­мат­тағы туындыларды кино деп ұға беретін болды. Сериал мен киноның аражігін ешкім ажыратпайды, бәрі кино. Ахмет, Қаныш, Міржақып туралы кино деп, одан сол тұлғалардың бейнесін іздейді. Ал оларды шын мәнінде сомдап беруге хал-қадеріміз әзірге жетпей жатыр.

– Кино, ең алдымен өнер. Өнерге өнер тұрғысынан қара­ғанда, ол әрқашан биік һәм таза. Содан болар, көркем фильм­ге қойылар талап та жоғары, жұм­салар қуат та, еңбек те, уақыт та, қаржы да орасан. Десек те қа­зір эстетикалық ләззат ала­­тын сапалы фильмдердің тү­сі­­ріл­мей жатқанына қан­дай фак­торлар әсер етуі мүм­кін? Нау­қаншылдық, уақыт, қаражат, талғам, білім, шеберлік?

–Ең алдымен, сапалы дүние дегеніміз не? Егер көркемдігі жо­ғары фильмдерді айтсақ, ондай картиналар түсіріліп жатыр. Мә­селен, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Фархат Шарипов жақ­сы фильмдер жасап жүр. Қазір сапа­лы кинолардан гөрі, ұлттық дүние­лер түсіріліп жатыр ма деген сұрақ ­басым. Мен үшін сапалы фильм – ұлттық фильм. Егер біз оның көркемдік жағына ғана үңіліп, ұлттық табиғаты сырт қалатын болса, бұның соңы трагедияға әкеліп соғуы әб­ден мүмкін. Осы орайда киноорта­лықтың, ондағы сарапшылық кеңес­тің құлағына алтын сырға, ұлттық фильмді ұлттық бағытта түсіре алатын, ұлтты түсіне алатын, әдебиеттен толық хабары бар адам ғана кино түсіруге жіберілуі керек. Немесе сондай азаматтарға басымдық берген жөн. Мәселен, былтыр жас режиссер Бекзат Сма­диярдың жақсы картинасы ұсынылды. «Ақжелең». Фильмнің осы атауына бола кеңестен өткі­зуге болады. Бірақ белгілі бір се­бептерге байланысты өте алған жоқ. Соған қатты жүрегім ауырды. Жаңа айтқанымдай, қазіргі ұрпақтың ұлттың тарихын кітап арқылы емес, экранға үңіліп танитынын ескермеуге болмайды. Сол үшін де экранымыз ұлттық қалыпқа түсуі керек. Көрсетіп жатқан рухани дүниелер ұлттық бояумен қанықпаса, дүбәралық осыдан шығады. Кейде жап-жақ­сы фильмдерді қарап отырып таң­ғаламын. Айдалада бір үй тұрады, жанында жылқылар, соның жанына «Жайлау» деп жазылады. Яғни иен далада мал бағып отырса, ол жайлау екен. Міне, масқара. Айналайындар-ау, егер ол жерде қыстап шығатын шатырлы үй тұрса, жайлау емес, ол – қыстау. Ал әлгіні көрген жастар шатасып, дүбәралана түспей ме. Өз қолымыздан өскелең ұр­пақ­тың сана­сына ұлттық түсінікті теріс енгізіп отырмыз. Дәл сол фильм­де «Жылқыларды өріске қо­сып келейін» дейді бір кейіпкер. Ойбай-ай, «өріске қоспайды, айдай­ды» деп айқай салғың келеді. Егер сиыр болса, табынға қосуға болады. Қайсыбірін айтасың, қаптаған қате. Өткенде кинотеатрдан жас режиссер Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» деген фильмін көрдім. Онда да киноның тілі – ХХ ғасырдың басындағы қазақтың құнарлы тілі емес, қазіргі өзіміздің сұйық тіл. Қазақтың ашаршылық атты қасіретті де қасиетті тақырыбы хоррордың қолтығында кеткен... Мен үшін сапалы көркем фильм­нің бар-жоғы уайым емес, ұлттық дүниелердің бар-жоғы уайым. Ұлт жойылса, біз кім үшін жұмыс істейміз...

– Киноның басты мақсаты не – адамдарға мораль оқу ма, жақ­сылыққа үйрету ме, әлде жай ғана өмірдің өзін көрсету ме?

– Киноның жалғыз мақсаты – ізгілікке қызмет ету.

– Авторлық кино тек бір адамның көзқарасына, ұста­нымына құрыла ма? Жалпы, қа­зір­гі қоғам осы жанрдың та­би­ғатын түсінді ме?

– Негізі, авторлық фильмдер­дің бағасын көбінесе мамандар береді. Өнер – авангардтық дү­ние. Ол әрқашан халықтың алдында жүреді. Қазір кинотеатрлар­­да ұсынылып жатқан комедия­лық туындылар көрерменнің соңын­да жүр. Яғни халыққа не ұнай­ды, соны дайындап беретін фильм­дер. Ал авторлық фильмдер кө­рерменнің алдында жүреді. Олар­ды көріп отырып, ізгілікке, көркемдікке, адам жанын зерделеуге ұмтылады. Яғни өседі. Авторлық фильм­нің идеясына жетуге тырысады. Сол себепті авторлық фильмдердің бәрін жаппай түсіну мүмкін емес. Ол, тіпті, жеткізбейді, адамзат дамыған сайын ілгері кетеді. Бірақ автор­лық фильмдердің көп көрілме­уіне комедиялық туындылар­дың соңынан кеткен көрермен­нің талғамы да себеп. Сондық­тан авторлық фильмдерге қоғамның бет бұруы онша көрінбей тұр. Бірақ мына «Талақ» – авторлық фильм, десек те халықты еліте алады деп үміттенемін.

– Өзіңізге тәуір көрінген, бірақ тасада қалған, бағасын алма­ған фильміңіз бар ма?

– Соңғы рет мемлекеттің қар­жысына 2011 жылы «Кішкен­тай» деген фильм түсірдім. Одан кейін маған фильм берілген жоқ. Бірақ киносыз бәрібір өмір сүре алмайсың. Өзім қаражат тауып, 2015 жылы «Сағынтайдың бірінші әйелі» деген әлеуметтік фильм түсірдім. Сапасы өте төмен, жалғыз өзім фотоаппаратқа түсірген дүние ғой. Ал 2018 жылы «Біздің үй» деген кино түсірдім. Ол елдегі саяси ахуалдың шиеленіскен тұсы болатын. Бұл да әлеуметтік фильм, бірақ бағыты – карикатуралық сарын. Бұған дейін тек реалис­тік бағыттағы фильмдер жасасам, мұн­да карикатуралық әдістерге бардым. Осы «Біздің үйге» жаным қатты ашиды. Өйткені қанша­ма уақыттағы ішімде жиналған тірес­кен ойлар шамырқанып, ішкі жан дүниемдегі бұлқыныс, ашу, бас­қа да көркемдік мүмкіндіктерім лықсып келіп ақтарылған фильм секілді көрінеді. Бірақ бұның да сапасы нашар, бес-ақ жүз мың теңгеге түсірдім. Бұл туралы ешкім естіген жоқ, ұмыт қалды. Әлі де болса осы кино халыққа жетсе екен деп ойлаймын. Фильмде карикатуралық ­элементтермен қоса саяси тақы­рып қозғалғандықтан, дәл сол кезең­де әлеуметтік желіге жүктеме­дім, қоғам дайын емес еді. Бірақ бұны қайта түсіруім қажет деп, қазір тұншықтырып ұстап отырмын. Ондағы сюжет, шиеленіс, көркемдік идеялар, көркемдік әдіс­терім өзіме қымбат, көміліп қал­мауы керек. Бір қызық айта­йын, «Біздің үй» Италияда екін­ші деңгейдегі бір фестивальға қатысты. Сонда қазылар мына фильм­нің дыбысы неге нашар, ұйым­дастырушылар дыбысын дұрыс қоймаған ба деп ойлапты. Ал пульт­те отырғандар материал осы­лай келген дейді. Ақша жетпесе де киноға деген құмарлықтың шыдатпауынан кейде осындай аз қаржыға шығармалар түсіріп, бір жеңілдеп қалатын кездерім болған.

– Әңгімеңізге рахмет. «Та­лақ­­ты» асыға күтеміз.

 

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»