Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Елде дәрі-дәрмектің сапасы дәрі әзірлеген сәттен бастап, халық пайдаланғанға дейінгі аралықта үздіксіз тексеріледі. Кез келген дәріні тіркеу кезінде әуелі сараптама өткізеді, одан әрі елге әкелер шақта да сапасын мамандар бақылайды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектің нарықтағы айналым үдерісіндегі қауіпсіздігі – жіті назарда. Бірер күн бұрын Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев баспасөз мәслихатында халықты сапалы дәрі-дәрмекпен қамту бағытында іске асқан шаруалар жайында тарқатып айтып берген еді.
– Елде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан аса медициналық бұйым тіркелген. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы жыл сайын дәрілік заттарға 6 мыңға жуық және медициналық бұйымдарға 5 мыңға жуық сараптама жүргізеді. Сәйкесінше, былтыр дәрілік заттардың 117 атауына және медициналық бұйымдардың 164 атауына теріс қорытынды берілді. Яғни оларды нарыққа шығуға рұқсат берілмеді. Көрші Өзбекстандағы жағдай дәрі-дәрмек сапасын қатаң бақылаудың маңызы жоғары екенін айқындады. Айта кету керек, 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттарды сараптау және тіркеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілер бекітілген. Әзірленген нормативтер халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Сонымен, 2021 жылы шілдеден ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер дәрілік заттарды тіркей бастады. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың пайда болуы, таралуы, сондай-ақ дәрі тапшылығы байқалған жағдайда ұлттық заңнама бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік береді. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық туралы кодекске стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік беретін өзгеріс енгізді. Ұлттық тіркеу талаптары Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына және халықаралық нормаларға сай, – дейді спикер.
Былтыр құзырлы орган 762 дәрі-дәрмекті бір рет әкелу үшін 403 рұқсат құжатын берген. Оның ішінде шектеулі контингенттің денсаулық көрсеткіштері бойынша 427 дәрі-дәрмек (мысалы, Золгензма, Спинраза), сараптама жүргізу үшін – 152, клиникалық зерттеуге – 64, гуманитарлық көмек үшін – 27, «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьютор сатып алу үшін 92 дәрі-дәрмек елге жеткен. Сондай-ақ актемра және сирек кездесетін орфандық ауруларды емдеуге басқа да препараттар келген. Дәрі-дәрмек бағасының орынсыз көтерілмеуі үшін жыл сайын екі мәрте дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленеді екен. Бүгінде денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 6 715 дәріге шекті баға бекітілген. Осы бұйрықта 4 296 позиция бойынша былтырдан бері шекті баға өзгермеген. 1 918 позиция бойынша өндіруші зауыттағы баға орта есеппен 30%-ға өссе, 501 позиция бойынша баға орта есеппен 7% төмендеген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС жүйесіндегі 2 672 дәрі-дәрмектің нақты бағасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Осы бұйрықта 1 384 позиция бойынша бағалар анау айтарлықтай өзгермеген. Ал 531 позиция бойынша керісінше, өндіруші зауыттағы бағаның өсуіне байланысты баға орта есеппен 24%-ға көтерілген. Сонымен қатар 295 позиция бойынша баға орта есеппен 12%-ға төмендеген екен.
– ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде дәрі-дәрмек бағасынан маркетинг шығыстары алынып тасталды және көлік шығыстарына шектеу белгіленді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша электрондық форматта өтінім беру іске қосылды. Дәрі-дәрмектің белгіленген нақты бағасын көтергендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. 2020-2022 жылдары дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бағасын бақылау барысында бас-аяғы 911 факті анықталып, жалпы сомасы 240 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бірыңғай дистрибьютор биыл жыл басынан бері 57 млрд теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды өңірлерге жеткізді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 4 млрд теңгеден аса сомаға дәрі-дәрмек берілді, – дейді Ж.Бүркітбаев.
Елде нақ қазір 97 фармацевтикалық өндіруші болса, оның 34-і дәрілік заттар шығарумен айналысса, 41-і медициналық мақсаттағы бұйымдар, 22-сі медициналық техника жасауға маманданған. Рош, Ново Нордикс, Пфайзер, АстраЗенека сияқты компаниялардың келісімшарт бойынша өндірісінің инвестициялық жобалары жасалып жатыр. Фармацевтика саласын ақшалай бағалайтын болсақ, жалпы құны 863 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде отандық тауар өндірушілердің үлесі – 162 млрд теңге. Былтыр жергілікті фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесі 19%, импорттық өнімнің үлесі 81%-ды құраған. Президент тапсырмасы бойынша келешекте отандық
тауар өндірушілердің фармацевтика саласындағы өнімнің үлесін 50%-ға жеткізу көзделген.
Дәрі-дәрмектің шекті бағасын қалыптастыру үшін референттік баға, келісімшарттарды және сапаны бағалауға арналған шығыстарды, кедендік шығыстарды, көлік шығыстарын есепке алу, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда үшін қарастырылған маркетинг шығындары секілді тетіктер ескеріледі. Осыдан кейін дәріхана мен қоймалардағы және медициналық ұйымдардағы дәрі-дәрмек пен медициналық заттардың сапасы да ұдайы тексеріледі.