Экономика • 14 Ақпан, 2023

Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өсті

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өсті

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың хабарлауынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім – 2,3%, ал қызмет көрсету саласында – 7,6%. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда (+19,4%), ақпарат және байланыс (+18,1%), сондай-ақ құрылыс (+12,5%, 1 млн шаршы м астам тұрғын үй пайдалануға берілді) ең жоғарғы өсуді көрсетті. 

Вице-министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ға, көлікте және қоймалауда – 31,8%-ға өсті.

Алдын ала қорытынды бойынша 2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32,1%-ға өсіп, $134,4 млрд-ты құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 39,9%-ға өсіп, $84,4 млрд-қа дейін жетті. Тауарлар импорты $50 млрд-қа тең. Жалпы, оң сауда балансы $34,4 млрд-ты құрады.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың хабарлауынша, есептік кезеңде мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті (жоспар 144,0%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге, жергілікті бюджеттерге 394 млрд теңге кірістер түсті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ға атқарылды. 

Премьер-министр нақты сектор тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз еткенін атап өтті. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ға, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ға өскенін көрсетіп отыр. Фармацевтика (+51%), жеңіл өнеркәсіп (+11%), тоқыма бұйымдары өндірісі (25%+), мұнай өңдеу (+11%), химия өнеркәсібі (+11%), сусындар өндірісі (+33%), тамақ өнімдерінің өндірісі (+10%), машина жасау (+12%) салаларында өсім байқалады.

Үкімет басшысының айтуынша, тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарту жедел экономикалық өсудің негізгі факторы болып саналады.

Қаңтар айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Қостанай облысы мен Алматы қаласында тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер – Абай және Қарағанды облыстарында.

«Биылғы жылдың басы ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық салаларында қамтамасыз ету керек», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға басымдық берілуі тиіс.

«Шағын және орта бизнестің әлеуетін кеңейтіп, дамуға жағдай жасауымыз керек. Тартымды инвестициялық климат құрып, инвесторлармен белсенді диалог жүргізу қажет», деді Премьер-министр.

олхэ

Үкімет басшысының пікірінше, инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту керек, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерде де. Сонымен қатар «Инвестиция орнына тариф» саясатын сапалы енгізуді қамтамасыз ету маңызды.

«Әрбір министр, өңір әкімдері және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары азаматтардың табысын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құру үшін жүйелі шаралар қабылдауы тиіс. Қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша тиімді шешімдер табу қажет», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Алда тұрған басты міндет – жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 2 есеге – яғни, 9,5% дейін төмендету. Оның айтуынша, бұл үшін барлық күш-жігерді Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жұмылдыру керек.