Спорт мектебінде бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, футбол, шаңғы жарысы және самбо секциялары бойынша 1140 бала спортпен шұғылданады. Сабақты 30 жаттықтырушы-оқытушы жүргізеді.
Президентке балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі тәрбиеленушілерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін ауыр атлетика залы мен үлкен ойын залы таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушыларымен кездесті.
Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға алғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды.
Шара соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада чемпионы биатлонист Бекентай Тұрлыбековке Алғыс хатын табыс етті.