Баламызды спорт секциясына бергенде қымбат спорт түрлерінен ат-тонымызды ала қашатынымыз бар. Әсіресе, қысқы спорт түрлерінің маңына жоламаймыз. Баланың болашағын әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың «мысы» басып кетеді. Сөйтіп, тоғызқұмалақ, күрес сияқты қалтаға салмақ түсірмейтін спортқа жаздырамыз. Кейін «үлкен теннис, хоккейде неге қазақтың балалары жоқ» деп спортқа жауапты органдарды сынап әлекпіз. Бүгінде хоккей секциясындағы 4-5 жастағы баланың бір жабдық киім-кешегінің бағасы 300 мың теңгенің әр жақ бер жағы. Бала өскен сайын оның да бағасы қымбаттай түсетін көрінеді. Жыл сайын азық-түліктің ғана емес, спорттық құралдардың да бағасы аспандап жататыны белгілі. Мұны қаперіне алған ата-ана «біздің тұқымымызда хоккей ойнаған ешкім жоқ» деп өзін ақтап алуға тырысып, жұрттың балаларынан қалмасын деп күрес секциясына береді.
Әрине, секцияға жазылған баланың бәрі бірдей кәсіпқой спортшы болып кетпейді. Бірақ, үлкен спортқа деген жол сол жақтан басталатынын естен шығармаған жөн. Баланың болашағы үшін қаражатты үнемдемегенде мүмкін сол баладан Олимпиада, әлем чемпионы шығар ма еді? Хоккей демекші, бос уақытта әріптестерімізбен бірге «Барыс-Арена» мұз айдынына барып, «Барыс» хоккей клубының ойынын тамашалауды әдетке айналдырғанбыз. Аңғарғанымыз, кездесуді тамашалауға келген жанкүйерлердің көбі өзге ұлт өкілдері. Айтпағымыз ол емес. Олар жалғыз келмей, кішкентай балаларын бірге ертіп жүреді. Бұл да баланы спортқа баулудың, саламатты өмірге тәрбиелеудің жолы емей, немене?!
Дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деп бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.
Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Спорт кешенін ашып, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істегісі келген азамат арнайы порталы арқылы өтініш береді. Жергілікті уәкілетті органдар қызмет көрсетушінің талапқа сәйкестігін тексеріп, порталға енгізеді. Өз кезегінде ата-аналар да баласын тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғысы келсе, аталған портал арқылы өтініш беруіне болады. Порталға тіркеліп, өз шағын ауданындағы спорт секциясын және ондағы спорт түрін өзі таңдап алады. Бұл жаңашылдық бұқаралық спорттың дамуына жаңа дүмпу әкелгені рас. Қазір спорттық инфрақұрылым дамымаған ауылдық жерлердің өзінде бокс, қазақ күресі, үстел теннисі, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ сияқты спорттың бірнеше түрі бойынша секциялар жұмысы жандана түскен.
Әттеген-айы сол, ауылдық жерде мектептің спорт залынан басқа жаттығатын спорт нысаны жоқтың қасы. Спорттық білім мен тәжірибесі бар талай азамат ауылда түрлі секциялар ашқысы келеді. Спорттық нысандардың жоқтығы арман отын сөндіріп, талай чемпиондар тасада қалып жатыр. Ауылдың шағын футбол алаңын шаңдатып жүрген бала үлкен футболдың жарық жұлдызына айналмасына кім кепіл?