Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Парламентте қаралған Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жай-күйі жөнінде ақпарат журналистер назарына ұсынылды. Бұл жөнінде аталған кодекстерді дайындаудағы жұмыс тобының жетекшілері – Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Рамазан Сәрпеков және Арман Қожахметов айтып берді.
Осыдан біраз бұрын Парламенттегі Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық, Әкімшілік құқық бұзушылық және Қылмыстық атқару кодексі бойынша жасалып жатқан жұмыстың барысы туралы айтылған болатын. Енді сол жұмыстар ойдағыдай жүзеге асып, бүгінде Қылмыстық кодекс, Қылмыстық процессуалдық кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және Қылмыстық атқару кодекстері Парламентте қабылданып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілу дайындығында көрінеді.
Мәжілістен кейін тәртіп бойынша бұл кодекстер Сенаттың қарауына жіберілген. Онда Сенат депутаттары конституциялық төрт заңнамаға өзгерістер, ұсыныстар енгізген. Олардың барлығы да Үкіметтен келген нормаларды жақсартуға, ішінара кездесетін бірқатар қайшылықтарды жоюға бағытталған. Бұл өзгерістермен Мәжіліс те келіскен көрінеді. Жалпы, еліміздің Парламенті үлкен жұмыс тындырды, төрт ірі негізгі Кодекс дайын болды. Жаңа Қылмыстық кодекс тақыр жерден пайда болмағаны анық.
Қолданыстағы Кодекс 1998 жылы күшіне енген болатын. Содан бері оған елу мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілген көрінеді. Демек, жыл сайын оның уақыт талабына сәйкес келуі үшін толықтыру әрекеті жасалған. Осы уақыт арқылы шыңдалған, сынақтан өткен бірқатар өзгерістер негізінен сақталған. Бірақ бұл өзгерістердің бәрі белгілі бір заң нормаларының аясында ғана шектелгені анық. Оның үстіне осы кезге дейін біздің еліміз көптеген халықаралық конвенциялардың, келісімдер мен шарттардың қатысушысы атанды. Ендеше, осылардың бәрі құқықтық нормалармен реттелуі қажет. Міне, осы орайда жаңа Қылмыстық кодекс пайда болды. Ал Қылмыстық-атқару кодексі туралы айтсақ, ол ұлттық басымды тетіктерді, қоғамдық бақылау комиссиясы мен камералық шартпен бас бостандығынан айырылу түріндегі жазасын алу ерекшеліктерін қарастыратын жаңа баптармен толыққан.
Қылмыстық процессуалдық кодексте 400-дің үстінде қылмыстық санатқа жататын істер, оның сыртында басқа да қылмыстарды қалай ашу, қайтіп тіркеу, қалай дәлелдеу, деректерді қалай жинау, алдын алу, кінәлілерді қалай жауапқа тарту, әділетті сот төрелігін қайткенде жүзеге асыруға болады, сараптамалар қалай жүргізілуі керек және соттың шешімін орындау тәртібі бойынша көптеген мәселелер қамтылған.
Жалпы, аталған кодекстерді қабылдауға негіз болған себептің бірі, қазіргі қолданыстағы Кодекс 1997 жылы қабылданған еді. Содан бері барлық мәселелер бойынша түрлі реформалар өтті. Сондықтан Елбасының Жолдауларында айтылғандай, құқықтық жүйеде, сот жүйесінде ұлттық құқықтық заң нормаларын реттейтін жаңа реформалар қажет еді. Соған орай бұл мәселелерді реттейтін, жоғарыда айтылғандай, төрт Кодекс Парламент қарауына түсіп, талқылаудан өтті.
Мұндағы негізгі мақсат осы кодекстердің кейбір баптары бүгінгі талап деңгейінен табылмайтындықтан, яғни кейбір түйткілдерді шеше алмайтындықтан, соған орай қазіргі таңдағы қылмыстарды тез аша алатындай, сөзбұйдаға салмай, істі созбай сот шешімін әділ де тез шығару мүмкіндігін қарастыру көзделген болатын. Бұл талап орындалды. Бір ғана Қылмыстық процессуалдық кодекстің өзі екі бөліктен, 674 баптан тұрады екен. Ендеше, өмірге жолдама алған жаңа кодекстер ел игілігі үшін төрелік етуде іске асады деген үміт бар.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».