Аймақтар • 14 Ақпан, 2023

Аймақтарды зерттеу – маңызды іс

480 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Ақтөбе облысы бойын­ша өңірлік өкілі тағайындалды. Өкіл ретінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Асхат Кеңесов бекітілді. Бұл туралы ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өткен жиында институт директоры Еркін Тұқымов мәлімдеді.

Аймақтарды зерттеу – маңызды іс

Кездесуді аша отырып, институт директоры еліміздің өңірлерінде білікті мамандар жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті сарапшы өңірдегі ахуалды толық сипаттауға мүмкіндік беретін мәселелерді біледі. ҚСЗИ әлеуметтік көңіл күйді бақылау үшін тұрақты негізде зерттеулер жүргізіп отырады. Алайда Институттың өңірдегі тұрақты өкілінің болуы шұғыл ақпарат алуға және талдауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда аймақтарды зерттеу маңызды. Сапалы талдау дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстанда өзекті мәселелер бар. Олардың шешу жолдарын табу керек. Дұрыс идеялар халық арасында туады. Халықтың жағдайын білетін сарапшылар керек. Заманауи зерттеулерді кабинетте емес, аймақтарда жүргізу қажет», деді институт директоры.

Оның айтуынша, ҚСЗИ өңірлерде әлеуметтік көңіл күйді бақылау үшін үнемі мониторинг жүргізіп отырады.

«Біз шиеленіс нүктелерінің қай жерде пайда болатынын көріп, проблема­лардың алдын алу бойынша талдау жасап, туындаған мәселелерді шешу үшін өз ұсыныстарымызды береміз. Қызмет­керлеріміз зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін түрлі аймақтарға барып тұрады. Әлеуметтанулық экспедициялардың қорытындысы бойынша облыстардың жағдайы туралы есептер мен жазбалар дайындайды. Бұл жұмыстың тиімді екенін көріп, әдістемемізді республикалық деңгейде кеңейтуді жөн көрдік. Бұл ҚСЗИ-ға «ұдайы дайындықта» болу­ға және ел басшы­лығына жергілікті деңгейдегі мәселе­лердің шешімдерін уақтылы ұсыну­ға мүмкіндік береді», деді Е.Тұқымов.

Жалпы, мұндай зерттеулерді жүргізу үшін өңірлерде ҚСЗИ өкілдері болуы қажет. Мәселен, жергілікті сарап­шы жағдай туралы хабардар және мем­лекеттік органдардың іс-шаралары­на тіке­лей қатыса алады. Жағдайға қа­нық сарапшының талдауы Батыс Қазақстанда болып жатқан үдерістерді егжей-тегжейлі зерделеуге  мүмкіндік береді.

Жұбанов университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл шара ҚСЗИ-дың алғашқы тәжірибесі. 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚСЗИ ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілуде. ҚСЗИ мен Жұбанов университетінің кадрлық әлеуеті мен ресурстарын біріктіру аймақтық зерттеулерге серпін береді. Ақтөбеге жұмыс сапар аясында, сонымен қатар «ҚСЗИ GPS. Gylym. Pikir. Sayasat» сараптама алаңының «Аймақтық зерттеу: ҚСЗИ және университет ынтымақтастығы» тақырыбында кезекті отырысы өтті.