Электронды кезек жүйесін «CarGoRuqsat» онлайн броньдау сервисін ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ мамандары жасап шығарған.
Төрт өткізу бекетінің екеуі − Қытай шекарасындағы «Бақты» (Абай облысы) және «Майқапшағай» (ШҚО) бекеттері. «Бақты» бекетіндегі «CarGoRuqsat» сервисі 15 ақпаннан бастап, ал «Майқапшағай» бекетінде 20 ақпаннан бастап іске қосылады. Бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық», «Нұр-Жолы» өткізу бекеттерінде электронды бекет енгізілген. Ал қалған екі бекет еліміздің оңтүстік-батысында орналасқан. «Темір-Баба» бекетінде кезек 22 ақпанда, ал «Тәжен» бекетінде 27 ақпанда енгізілмек. Екі өткізу бекеті де Маңғыстауда орналасқан. Біріншісі Түрікменстанмен, ал екіншісі Өзбекстанмен шекарада.
Бүгінде жүйеде шамамен кезекті броньдау бойынша 84 мың операция орындаған шамамен 7,5 мың пайдаланушы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, сервис ұдайы жетілдіріліп отырады. Жуық арада ол «Face ID», яғни адамның келбетін сканерлеу арқылы тексерумен толығып, шетелдік азаматтар үшін тұлғаны банк картасы арқылы растау қызметі іске қосылады.
«Мемлекеттік деректер базасы арқылы тексерістен қазақстандық тасымалдаушылар өтетіндіктен, бізде шетелдік тасымалдаушылар бойынша басқа базалармен интеграция жасалмаған. Тиісінше, айла-шарғы жасау деректері орын алған. Мәселен, бірнеше шетелдік компаниялардың өкілдері мемлекеттік нөмірлерді өзгерту, яғни бірінші жағдайда «сызықша» қойып, екінші рет «бос орын» қалдыру секілді бір нөмерді түрлендіру арқылы кезек алған. Осылайша олар жаппай орын алып, осы арқылы өз клиенттерінің көлігін жылжыту мүмкіндігіне ие болған.
Талдаулар көрсеткендей, сервис іске қосылғалы екі ай ішінде «Достық» бекеті арқылы шекарадан 1759 көлік құралы өткен, оның ішінде 1108-і немесе 63 пайызы осы пайдаланушылардың көліктері.
Пайдаланушы келісімшартын бұзғаны үшін бұл пайдаланушылардың аккаунтты бұғатталған. Егер броньда көрсетілген нөмірлі фуралар шекараға келсе, олар өте алады, бірақ аталған пайдаланушы кезекті өзгерту немесе қандай да бір броньды жылжыту құқығынан айырылады.
Еске салсақ, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қазақстан-Қытай шекарасының бірнеше бекетінде «CarGoRuqsat» электронды кезек сервисі іске қосылған. Сервисті мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен, ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ жасап шығарған. «CarGoRuqsat» электронды сервисті енгізу бастамасы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне тиесілі. Сервис Qoldau.kz цифрлық платформасында іске қосылған және пайдаланушылар үшін тегін.