Тұлға • 16 Ақпан, 2023

Мағжанның мұңын кешкен...

386 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясы – әдебиетіміздің алтын діңгегі. Осы бір жаһұт діңгектің жарқырап көрініп, талайды қызықтырғанымен өзіне кім көрінгенді жақындата қоймас қиқар мінезі бар. Ол маңайына тек таңдаулыларды ғана, тамырынан талантының дүбірлі дүрсілі анық естілетін саңлақтарды ғана жібереді. Сүзгісі қатал, таңдауы таза, іріктеуі әділ. Міне, осынау сүзгі-іріктеуден іркіліссіз өткен сөз зергерлерінің бірі – Қорғанбек Ғалымтайұлы Аманжол. Өйткені, қазақ әдебиетінің берекесін кіргізген, рухани әлемімізде құбылыс тудырған Абай, Мағжан сынды алыптардың ұлы жорығына ілесіп, қазаққа пайдасын тигізуден өңге тілегі жоқ ақын өлеңдерінің өзегінде өшпес рух, ұлттық аңсар, тұңғиық сыр, ізгілік, адам болмысының қыр-сырын мәністеген мәнер, бәрінен де қазақтың арын оятып, намысын жаныр жанайқай, тіліміз бен ділімізге оралуға шақырған азаматтық адал үн бар.

Мағжанның мұңын кешкен...

Ұлтымыздың рухын көтеру – үлкен әрі қасиетті міндет. Мұның үдебарасынан шығу жолындағы күрес толассыз жүргізіле бермек. Бұл орайда жеңісте жету, желкенді оңтайлы керіп әлемдік кертартпа ағысқа қарсы жүзу үшін бірінші кезекте қалғып-мүлгіген тарихи сананы оятудың қаншалықты маңызды екенін ақын жан-жүрегімен терең түсінеді. Осы түсінік зерделілер мекені – Зерендінің өрені Қорғанбек Ғалымтайұлының жастайынан тынышын алып, қамшылап келеді. Бұл оның тарихи санасының тазалығын, кір шалдырмағанын білдірсе керек. Сондықтан да болар, қазақты жолынан тайдырып, тексіздіктің, парықсыздықтың иіріміне тастаған озбыр күштердің, рухани экспансиялардың ұлтымызға салған жарасын өз шығармалары арқылы емдеуді, халқымыздың жүрегін шайлықтырып, болмысын жайлаған санғасырлық үрейдің үнін өшіріп, кешегі бабалардың өжеттігін бүгінгі ұрпақтың бойында қайта тірілтуді ол азаматтық парыз санайды. Осы қасиетті парызды өтеуде ақын өзіне сан сұрақтар қойып, оның жауаптарын іздеп азаптанады, арпалысады...

Ақынның «Мінез» деген өлеңі бар. Осы бір өлеңінен-ақ автордың жүрек қалауы мен ақындық ұстанымын, өзіне іштей берген сертін жазбай тануға болады.

«...Әлмисақтан "мінез – адам сауыты",

Мінез – кейде кесір,

Кейде мақпал, мауыты.

Мінезділер мінсіз емес десек те,

Монтаны көз мінезсіздер қауіпті.

 

Жайып салған сақараның ғажабын,

Сайып салған Сарыарқаның саз әнін,

Көтермейтін көрінгеннің мазағын –

Қайда менің жылқы мінез қазағым?..» дейді ақын. Иә, мінез туралы көп айтуға болады. «Мінез – кейде кесір, Кейде мақпал, мауыты» деп ақын айтқандай, біз көбіне қайырымды, мейірімді, ұстамды, иі жұмсақ, дауыс көтермейтін, ашуланбайтын жанды көркем мінезді, ал кекшіл, өзімшіл, өркөкіректерді жаман мінезді адам деп бағалап жатамыз. Дұрыс-ақ. Бірақ ақын жоқтап тұрған «мінездің» табиғаты, тамыры басқа, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», деген атақты нақыл сөзіндегі «мінезбен» төркіндес.

«Көтермейтін көрінгеннің мазағын – Қайда менің жылқы мінез қазағым?..» деп толғанған ақынның бұл сауалы бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу кез келген қазақ баласын ойландыратыны сөзсіз. Суреткердің осы сауалының астарында қазақтың қоңыр мұңы, өкініші, күйініші, әттеген-айы жатыр әрі ұлттың жоғын түгелдеу, қазақы болмысқа оралу, рухты көтеру арманы айқайлап тұр. Осы өлеңдегі «Мінезділер мінсіз емес десек те, Монтаны көз мінезсіздер қауіпті» деген жолдардың да көтеріп тұрған жүгі оңай емес. Монтаны, ләппайшыл, көнбіс, жуас «жабылар» дұшпанның қолындағы шоқпарға оңай айналатынын, өршіл мінезімен ұлтқа адал қызмет еткен тұлғалардың олардан аз таяқ жемегенін ақын шеберлікпен ұқтыра отырып, қазақ тарихының қасіретті беттерін алдыңа жайып салғандай болады.

Ақын қазағының қадір-қасиетін бәрінен жоғары қояды. Ол өз ұлтының басты ұраны – қазақ болып қалу, бабалар сүрлеуінен адаспау екенін терең түсінеді. Сондықтан да Қ.Аманжол ғажап күйлеріміздің, кесіп айтар қазақтың ер жігітінің мәрттігін, кесік айтқан билеріміздің өр мінезін іздейді. Қасқыр мінез ірілік болмаса, күйбең тіршіліктен аса алмау алысқа ұзатпайтынын айтады.

«...Тексіз емес.

Түп тамырдан текті едім.

Кексіз емес.

Махамбеттей кекті едім.

Бетсіз емес.

Жер қорғаған Жұмабек,

Ел қорғаған Баукеңдердей бетті едім...

...Уа, налыман!

Күдерімді үзбеймін.

Тек-қасиет маржандарын тіз деймін.

Кендебайша Кер Құламды жебелеп,

Қазағымның қақ мінезін іздеймін», деген ақынның осы мінезді жолдары оқыған адамның қанын қыздырып, аруақтандырып қана қоймайды, бүгінгі қазақтың бойындағы тереңнен тамыр тартқан тектілігі өзегімізге жегі құрттай түскен ездік пен ләппайшылдықты, жеңілтектік пен майдалықты күндер өте ысырып шығатынына сеніміңді оятады.

Қорғанбек Аманжолдың шығармашылық кеңістігін тамашалап жүріп керемет кестеленген, саумал жырларының ішіндегі өз алдына оқшау тұрған «Мағжан мұңы» деген өлеңге «айналсоқтап қалдық». Өлеңнің мазмұнындағы психологиялық тебіреніс жүрекке оңай тимейді. Ал ондағы ұтымды философиялық толғаныстың санаңды езгілегенімен соңында жаныңа өзіндік сәулесін түсіріп, ішкі сарайың таңғы жұпар ауа жұтқандай тынысыңды ашып, жеңілдетіп тастайды.

«...Жүз емес-ау, болса, сірә, он Мағжан,

Алаш ұлы асып қия жолдардан,

Азаттықпен әлдеқашан табысып,

Рухтанбас па Абылай-ұран арманнан?!

 

Мағжан-намыс бастырар ма кеудесін,

Мағжан болу болашақта ерге сын.

Мағжандайын ұраншысы болмаса,

Ұрпағына айтар еді ел несін?

 

Елдің жұлын-тұтасына жалғанған,

Қорқыт баба қобызындай зарланған,

Қазақ мұңы мүсін болып құйылса,

Қалар еді-ау аумай тегі Мағжаннан...», дейді ақын. Өлеңнің ішкі иіріміне зер салайықшы... Мағжан сынды ірілер көп емес. Мағжанша ойлайтын, елінің еркіндігін аңсаудан туындаған идеясы жолында басын құрбандыққа шалуға саналы түрде дайын дарабоздардың аздығынан Алаш ұлы «Абылай-ұран арманмен» рухын көтере алмай отырғаны ақынды шын толғандырады. Қ.Аманжол үшін Мағжан от-жалын намыстың дәл өзі, елдің ұраншысы. Мағжанның ұраны – мұқалмас алмас қылыш. Ақынның осы төгіліп түскен өлеңін оқығанда ұлт ұраншысының үнінен Қорқыт баба қобызының зарын естисің. Кеудеңді қоңыр мұң торлайды. «Қазақ мұңы мүсін болып құйылса, Қалар еді-ау аумай тегі Мағжаннан» деген жолдардың өн бойында тылсым күш тұрғандай. Қазақтың таудай мұңын Мағжанға ұқсату, сол арқылы ұлт пен ұлы ақынды біртұтас әлем ретінде қарастыру Қорғанбек Аманжол сынды суреткер талғамының биіктігін көрсетсе керек. Бұл жерде Мағжанның мүсінінен қазақтың мұңын тануға да болады. Өлеңді әрі қарай оқиық.

«...Алданбаған жалғанына жалғанның,

Көкірегі толған жалын, толған мұң.

Мені бір сәт аялайды, дем беріп,

Мөлдіреген мұхит мұңы Мағжанның.

 

Ақын шері – таңның күміс шығында,

Балмен қосып жұтты өмірдің уын да.

Бір тамшы жас кәусәрдайын мөлдіреп,

Қатып қалған Мағжан ақын мұңында...», деген шумақтардан Қорғанбек Аманжолдың өз кейіпкері кеңістігін еркін шарлап, өзіне рухани тірек, жұбаныш іздейді, Мағжан мұңының сиқырлы да тұңғиық тылсымынан шынайы, мағыналы өмірдің өзін көреді. «Мені бір сәт аялайды, дем беріп, Мөлдіреген мұхит мұңы Мағжанның», деген ақын өзіне Мағжан-ғұмырды үлгі етеді әрі Мағжан мұңын шалқыған мұхитқа теңейді, шексіздікке ұштастырады.

...Мағжан мұңы –шамырқанған сергек мұң,

Мағжан мұңы – өршеленген өргек мұң.

Кер заманның керез сөзін айтқызған,

Кеудесінде шүпілдеген кермек мұң...

 

...Әулие Мағжан, сенген Алаш жасына,

Мұхит мұңға бата берме, жасыма.

Тұнығыңды лайлатпаған Ер едің,

Тұран Елің көтереді басына». Автор қазақтың бай тілін шебер қолдана отырып, күйініш пен өкінішін асқақ арман мен үкілі үмітінің көлеңкесінде қалдырып, болашаққа деген сенімін Мағжанның жастарға деген пейіл-сенімімен нығайтып өзінің де, оқырманның да көңілін демдейді.

Әдебиеттің басты міндеттерінің бірі – таңғалдыру, тамсандыру. Сұлу жырларын меруерттей жарқырата ұсынып, ана тілінің құдіретін сөз саптауымен, көркем кестелі, өрнекті өлеңдерімен көрсете алған ақынның шығармалары айтылған міндеттің үдесінен шығады. Дала философиясының дара пайымдарынан сусындаған ақынның өлеңдерінде адам мен тағдыр, өткен мен бүгін, үміт пен сенім, махаббат пен асықтық, жақсы мен жаман, қайғы мен қуаныш қатар өріліп жатады. Бұл деген – санаңды сауықтырар, сезіміңді билер сұлу, сырбаз да маңғаз, сан құбылған суреттердің көркем көрмесі, сондай-ақ терең ойға жетелер, замана запырандарынан сабақ алдырар, эстетикалық тәлім-тәрбие берер шынайы поэзия.

Қ.Аманжол мағжаншыл жан. Сондықтан "...Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар!" деп Мағжан жырлаған ғұндар туралы Қорғанбек Аманжол да жырламауы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Ақынның «Былғары табыт» деген көлемдірек өлеңі бар. Соның бірқатар шумағына көңіл көзін жіберейік.

«Бермей жүр тыным ғұндарда болған бір ғадет,

Ғұндардың жайын айтпайтын болса жыр нәлет.

Мазасызданып,     

Маңайыма жиі қараймын

Аруағы ғұнның айналып ұшып жүр ме деп.

 

Айналып ұшқан аруағы ғұнның қолдай ма,

Қолдай ма, әлде, аруақтың жолы болмай ма?

Қайыстырған жерді самсаған сансыз қол қайда,

Тұлпар тұяқтың ізі бар еді-ау, сол қайда?»

Қазақтың терең тамырларына үңілу, бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесін мақтаныш ету, осылайша бүгінгі ұрпақтың түсіңкі еңсесін тіктеуге талпыну ақынның басты ұстанымдарының бірі. Бір жағынан алып қарағанда, өткенді аңсауға ақынды қазіргі қазақтың рухани болмысына, болашағына көлеңкесін түсіріп отырған қауіп-қатерлерге, ықтимал жағымсыз жағдаяттарға қатты алаңдайтыны итермелейтіндей.

Өлеңге келейік. Қазақ аруақ сыйлаған халық. Бабалар аруағын қозғау, тірілту амалы – еске алу, олардың өмірін ұлт жадында жаңғырту. «Маңайыма жиі қараймын, Аруағы ғұнның айналып ұшып жүр ме деп», деген сөзден қазақы таным-түсініктің иісі аңқиды. «Қайыстырған жерді самсаған сансыз қол қайда, Тұлпар тұяқтың ізі бар еді-ау, сол қайда?» дейді ақын. Рухты селт еткізер сөз. Ойлаңызшы, Ғұндардың ту көтерген, қаз-қатар тізілген салтанатты қалың қолы кетіп барады: төбесінде күні күлген көк аспан, табанының астында жазиралы Ұлы дала, астында ауыздықпен алысқан тұлпар. Әлемге иелік сезіммен, өктемдікпен, өршілдікпен менменси қарайды. Ғұн – жеңімпаз. Ғұн өркениеті жаһанда жалт-жұлт етеді. Дәурен-ай, десеңізші. Ал осынау дариға дәуренді әлемдік тарихтан сызып тастағысы келіп тасыраңдағандардың зымияндығына ақын шыдай ма? Жоқ. Сондықтан суреткер жан дүниесімен озбыр пікірлерге қарсы атой салады. Бір кездері Ғұндардың құзіретінде иіліп-бүгілген әлемге ой салады. Тарихқа әділетті қарауға шақырады.

«Былғары киген,

Былғары күйлі ғұндарым,

Қобыз қияғын,

Тұлпар тұяғын шыңдадың.

Керімсал самал кермек бір татып кеткендей,

Мазалайды мені бағзы да бақи сырларың.

Былғары киген,

Былғары күймен балқыған,

Жабайы жуа...

Жұпарлы жусан аңқыған,

Қойнына жердің арулап қойып мәйітті,

Былғарыға бөлеп қоштасады екен артынан...

...Бабалар солай былғары табытқа бөленіп,

Кетеді екен бақи сапарына жөнеліп.

Өмірінде де,

Өлімінде де – былғары,

Талайына жазған тағдыр сыйына кенеліп...»

Ақын Ғұндар өркениетінің бір элементі ретінде «былғары» бұйымын сәтті қолданған. Осы арқылы ол ғұндардың бақуатты, сән-салтанатты өмірін сипаттай келіп тарихи шындық – бабаларымыздың адамзат дамуындағы зор үлесін зерделейді. Былғары – байлықтың, барлықтың белгісі. Мұндай байлықты емін-еркін қалағанынша тұтыну мықтылардың ғана қолынан келеді. Қойнына жердің арулап қойып мәйітті, Былғарыға бөлеп қоштасады екен артынан», деген сөздерден басқасын айтпағанда, табытына дейін былғарыдан жасаған бабалар өмірінің салтанатын түйсінесің.

Осы өлеңдегі құйылып түскен, төрт аяғын тең басқан шумақтар оқыған жанды сөзсіз арқаландырып жібереді. Өлең былай аяқталады:

«Ғұндардан қалған нұрланып тұрған бұл ғалам,

Былғары киген,

Былғары күймен жырлаған.

Бабамның сыры былғары табыт ішінде

Науыт болғандай,

Қалып қойғандай мұңданам...». Шынында, ғаламда ғұндардан қалған өшпес із, құнарлы құндылық қаншама? Тек соны саралап, зерделеп, әлемге танытып, осынау баға жетпес байлыққа иелік ету қажет. Рас, ақын айтқандай, бабаларымыздың талай сыры «былғары табыт ішінде» жатыр. Бұл жерде айтылған «былғары табыт» сөзін тура мағынада да, тарихтың терең қойнауы деп те, еуроцентристік күштердің қияңқы іс-әрекеттерінен бүркемеленіп жатқан шежіреміз деп те қарастыруға болатындай. Қалай дегенде де ақын айтарын білімділікпен, зейінділікпен поэзия тілімен тіліп, сезімін селдетіп айтқан.

Жалпы, Қорғанбек Ғалымтайұлының шығармашылық кеңістігі өте кең. Оның алымды журналист, аудармашы ретіндегі еңбектері өз алдына бір төбе. Бүгін біз кейіпкеріміздің қазақ поэзиясындағы қолтаңбасына ғана тоқталып отырмыз.

Туған ел мен жер, ұлттық құндылықтар, отаншылдық, қоғам, табиғат, махаббат, жастық, т.б. да көптеген тақырыпта қалам тербеген ақынның әр жылдары "Зеренді қарағайлары", "Сабат", "Мешітті ғалам", "Жырлаймын Көкшетауымды", "Алапа" сынды жыр жинақтары жарық көрді. Ұлт тарихындағы аласапыранды кезеңдер, тарихи ірі тұлғалар туралы жазған поэмалары төрт аяғын тең басқан шығармалар. Бұлардың қайсысын алсаңыз да ұрпақ тәрбиелеу ісінде таптырмас дүниелер. Мәселен, "Қанай-Абылай", "Олжас", "Шер кешу", " Мұсақұл балуан", «Хан Кене. Арлан-шамай» поэмалары тұнған тарих, шежіре. Жүрегің атқақтап, маңдайыңнан терің сорғалап отырып оқисың әрі қазақ тілінің құдіретін шын түсінесің.

Ақын туралы, оның поэзиясы жөнінде айтқанда соқпай өту мүмкін емес бір тақырып бар. Ол – Зеренді тақырыбы. Ұлы даланың бойтұмары іспеттес зерлі Зерендіге жаратқан иеміз бар сұлулықты, бар байлықты аста-төк бере салыпты. Зеренді ақынның кіндік қаны тамған жер. Зерендісін жырға қосу арқылы ақын бүкіл қазақ жеріне, барша қазақ жұртына деген шексіз махаббатын білдіреді. Мәселен, «Зеренді қарағайлары» (әні бар) өлеңінде:

«Шашақты найза секілді

Желкілдеп алтын айдары,

Түсірген ойға не түрлі

Зеренді қарағайлары», дейді ақын. Өлкесін сүйген өренге шабыт берген Зерендінің байырғы және балғын қарағайлары – жердің сәні, ел байлығы. Ал ақынның өлеңдері – Зеренді қарағайларындай қайыспас қайсарлықтың да, сұлулықтың да, мейірімділіктің де үлгісі тұнып тұрған поэзия.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024