Жәдігер • 15 Ақпан, 2023

Сәкеннің алғы сөзі

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітап­ханадағы «Кітап музейін­де» тарих пен әдебиетке қатысты бірқатар көне қолжазбалар мен кітаптар жинақталған. Сондай құн­ды дүниенің бірі – Ал­тын­сарыұлы Ыбырай «Өлең­дер жинағы» деп атал­ған кітап. 1935 жылы Қазақ­стан көркем әдебиет бас­пасынан 5000 таралыммен жарық көрген жинақ латын қарпінде басылған.

Сәкеннің алғы сөзі

Кітапқа ұлы ағартушының 25 туындысы кірген, соның ішінде «Кел, балалар, оқылық!», «Балқожа бидің оқудағы баласына жазған хаты», «Өнер-білім бар жұрттар», «Ей, достарым», «Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен», «Жаз», «Өзен», «Сейдахметтің сөзі», «Хан­ға бидің айтқаны» секілді бала күнімізден жаттап өскен өлеңдері бар.

Жинақты құрастырып, алғы сөз жазған дауылпаз ақын,  мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин.  Ардақты азамат алғы сөзінде Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректерді келтіріп,  айтулы тұлғаның  білімге талпынған қазақ жастарына айрықша қадірлі болғанын айтады. Бір сәт Сәкеннің  сөзіне зер салыңыз.

«Ыбырай Алтынсарыұлы Қос­танай маңында 1841 жылы туып 1889 жылы өмірден өткен.  Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған адам. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және ана тілінде қазақ баласын оқытқан тұңғыш оқытушысы болған. Ыбырай шығармаларының мәні, санасы негізінде билер (феодалдар) табынікі, сол замандағы орыс елінің, өнерге, өнеркәсіп­теріне аяқ басу арқасындағы орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылардың әсерімен, қазақ даласына сауда капиталының отаршылықтың мықтап шеңгел салуының әсерімен Ыбырай жас­тарды оқуға, өнерге шақырды. Елде одан басқа жолдың жоқ екенін біледі. Ыбырай Қазақ елі­не білімнің тез игерілуіне араб әліппесінің бөгет болатынын сол заманда-ақ білген. Араб қар­піне қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған өзі­нің оқу құралын орыс қарпімен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болып, Ыбыраймен жақындасқан, Ыбырай олардан қашпай оларды өзі пайдаланып жүрген, сондықтан қазақ ескішілдері оны шоқынды деп шығарған талай өсек таратқан.

Осы күнде кейбіреулер Ыбы­­райдың істерімен таныс бол­мағандықтан, сол бұрынғы ес­кі­шілерде таратқан өсектерінің қалдық сарынымен «Ыбырайдың заманында қазақ көпшілігіне қадірсыз болған еді» деген сияқты теріс сөздерді қолданатын сияқты. Талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық» өлеңін жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал «жас буын қадірлеген Ыбырайдың қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді»  деушілік тек қазақтың кешегі күнінен ештеңе білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызда керек болсын деп, әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік».