Іс-шара шеберлігі шыңдала бастаған шымыр жігіттердің қоян-қолтық ұрыс әдістерін паш етуімен басталды. Кәсіби машығы жоғары мамандар жас ұландардың өнерін бағалауда физикалық мүмкіндіктерімен қатар интеллектуалдық әлеуетіне де айрықша маңыз берді. Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының кеңесшісі отставкадағы подполковник Кабир Наурушев: «Жас десантшылар өз елін сүйетін және оның тәуелсіздігін қорғай алатын нағыз патриоттар деп білеміз. Айбары мықты азаматтар – ел тірегі. Оларға жүктелетін жауапкершілік жоғары. Болашақ әскери адамға батырлықпен қатар асқан сезімталдық, ұшқыр қиял, ақыл-парасат қажет», деп жарысқа қатысушыларға жігер берді.
Сайыста әрбір команда мүшесі клуб басшылары мен нұсқаушылар үйреткен дағдылардың бәрін мүлтіксіз орындауға күш салды. Пневматикалық мылтық ату, автоматты бөлшектеу және құрастыру, жалпы әскери қорғаныс костюмін кию нормативін пысықтау бойынша өнерлерін ортаға салды. Жігіттер кермеге тартылып, нәзік жанды патриоттар жеңіл жаттығулар бойынша өзара бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қонаев гарнизоны әскери бөлімінің «Жас десантшы» командасы, екінші орынды Алматы десанттық-шабуылдау құрамасының «Түрксіб» командасы, үшінші орынды материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкінің «Барыс» командасы иеленді.
Барлық пән бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен Талдықорған гарнизонының 18404 әскери бөлімінің командасы жанкүйерлер ықыласына бөленіп, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.
Айрықша өнерімен дараланған «Түрксіб» клубының тәрбиеленушісі Амина Заурова өткен жылдың желтоқсан айында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысына қабылданған. Сабақтардың арқасында ол салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ату мен спортта керемет нәтижелерге қол жеткізгенін айтады.
– Біз Райымбек батыр атындағы десанттық-шабуылдау құрамасына күн сайын сабаққа келеміз. Нұсқаушылар бізге атыс қаруын бөлшектеуге және құрастыруға, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздеріне, жер бедерін бағдарлауға, парашютті жинауға және басқа да пәндерге үйретеді. Біздің жетістіктерімізді өзіміз білім алатын №78 мектеп-гимназия мақтан тұтады, – дейді Амина.
«Түрксіб» әскери-патриоттық клубы 61993 әскери бөлімінің базасында үш жылдан бері жұмыс істейді. Атыс дайындығы жөніндегі нұсқаушы сержант Рамазан Сүлеймановтың пікірінше, әскери-қолданбалы пәндерге деген қызығушылық, біріншіден, балаларды смартфоннан алшақтатады, екіншіден, олардың бойындағы сенімділігін арттырып төзім мен тәртіпке тәрбиелейді. Жылдан-жылға жарысқа қатысушы өрендердің шеберлігі шыңдала түскен. Жоғары сынып талапкерлері қатардағы әскери қызметшілердей өздерін сенімді ұстайды дейді ұйымдастырушылар.
Атап өтсек, «Айбын» жастардың жыл сайынғы әскери-патриоттық жиынына 14 пен 18 жас аралығындағы Қазақстанның әскери-патриоттық клубтарының, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың және «Жас ұлан» республикалық мектептерінің тәрбиеленушілері қатысады. Жобаға қатыса отырып, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери-патриоттық клубтарының өкілдері үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып келеді. Олардың арасында халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген талантты жастар да бар.
АЛМАТЫ