Әскер • 16 Ақпан, 2023

Жауынгердің тәрбие әліппесі

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде әскери борышын өтеуден жалтаратын жастардың көбейгені белгілі. Оқушылардың бойына отаншылдық рухы сіңсе, ел мен жердің қадір-қасиетін біліп өссе, әскери тәрбиенің әліппесін мектептен меңгерсе, мұндай олқылықтар азаятыны анық.

Жауынгердің тәрбие әліппесі

Өскелең ұрпақты әскери тәрбиеге бала кезден баулудың маңызы зор. Әсі­ресе қолынан гаджет түспейтін техно­кра­тия дәуірінің жеткіншектеріне пат­риоттық тәрбие ауадай қажет. Осы ба­ғыт­та құрылған «Қаһарман ұрпақ» қоғам­дық қоры білім басқармаларымен өз­ара меморандум негізінде мектеп оқу­­­шыларын елжандылыққа тәрбиелеп жүр.

Ұрпақ рухын оятатын әскери-пат­риоттық әндер әуелеп, қилы кезең­де қыршын кеткен батырлардың жауын­герлік жолын үлгі еткен осындай игі жоба­ның бірі Алматы қаласындағы №61 жал­пы білім беретін орта мектепте жал­ғасын тапты. Мектеп ішінен құрылған патриоттық клуб өкілдері саптық жүріс, қару-жарақты шапшаң түрде құрастыру, қоян-қолтық жекпе-жек сынды алғашқы әскери даярлық сабағында меңгерген машықтарын ортаға салды. Іс-шараға арнайы шақырылған Тәжік-Ауған ше­ка­расындағы ұрыс қимылдардың қаты­сушылары мен Ауған соғысының ардагерлері оқушыларға патриоттық тәрбиенің негіздері, бейбіт күннің қадірі, әскери тәрбиенің артықшылықтары төңірегінде дәріс оқыды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұрт­шылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек» деген болатын. Ал жас ұрпақты елдік мұратқа баулу аға буынның бо­рышы. Біздің патриоттық клубы­мыз бұл ба­ғыт­та жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мем­лекетіміздің негізгі құнды­лықтарын, әскери тарихын, жүріп өткен жолын кез­десу барысында жастарға ұдайы айтып отырамыз. Мұндайда оқушылар­­дың көзінде ұшқын пайда болып, жігері арта түсетінін байқаймыз. Олар болашақ­та қандай салада қызмет етсе де мектеп қа­бырғасында меңгерген патриоттық тәрбиенің пайдасын көреді, – дейді Қазақстан Қарулы Күштері және Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдар ардагері, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Арман Арынханов.

Әскери-патриоттық клуб мүшелері 1985 жылы өздері оқитын мектептен қанат қағып, Тәжік-Ауған шекара­сында ерлікпен қаза тапқан Михаил Май­бораданы ілтипатпен еске алды. Мектеп директоры Гүлмира Мырзахметованың айтуынша, әскери өмірдің айнасына айналып, ерлігі үшін халық батыры атанған жауынгердің есімін кейінгі буын мақтан тұтады. Ол 1993 жылы жиырма беске енді толған шағында өзі басқаратын заставадағы 25 серігімен бірге оққа ұшқан. Бүгінгі таңда Алматы­ның Түрксіб ауданында оның есімімен аталатын көше бар.

 

АЛМАТЫ