Министр өзі басқарып отырған ведомство алдында тұрған білім берудің қолжетімділігі, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы, инклюзивті білім беру, цифрландыру секілді негізгі тақырыптарға тоқталды.
– Министрліктің басты бағыттарының бірі – жоғары білімге деген қолжетімділікті сақтау. Бұл мәселе неге өзекті? Өйткені еліміздегі демографиялық өсімнің қарқыны жоғары. Мәселен, студенттер саны 2025 жылға қарай 626 мыңнан 800 мыңға дейін өссе, 2030 жылы олардың саны 1 млн-нан асады. Грант саны жыл сайын 10 мыңға артып келеді. 2030 жылға қарай шәкіртақы мөлшері 100 пайызға ұлғаяды. Сондай-ақ демографиялық өсімге байланысты қосымша қолдау тетіктерін қарастыру көзделіп отыр. Бүгінде студенттік жатақханалардың жетіспеушілігі де өзекті мәселенің бірі. Жоғары оқу орындарында 87 мың төсектік орын тапшылығы байқалады. Былтыр біз бұл көрсеткішті 75 мыңға дейін төмендете алдық. Қазір құрылыс салушылар үшін мемлекеттік тапсырыс шарттарын қайта қарадық. Енді білім берудегі үлкен құрылыс дәуірі басталады, – деді С.Нұрбек.
Сонымен қатар министр инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі тұжырымдама мен жол картасын дайындау туралы айта келіп, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында инклюзивті білім берудің қолжетімділігі төмен екенін айтты.
– Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын кеңейту қажет. Осы бағытта шетелдік университеттер, елдегі кампус филиалдарын салу үшін инвесторлар тартылуда. Мұндай жоғары оқу орындарының өңірлердегі филиалдары еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, сонымен бірге Ресейдің жақын аймақтарынан да студенттер тартады. Алдағы жеті жыл ішінде Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 12-13 филиалы ашылады, – деді министр.
Ведомство басшысы өңірлерде жаңа кәсіптер атласын енгізу туралы да сөз қозғады. «Біз қазір атластарды өңірлік етіп жатырмыз, өйткені өңірлік экономиканың өзіндік ерекшеліктері бар. Бес облыста мұндай атластар іске қосылды. Біз аймақтық университеттердің қызметкерлерін сертификаттауға үйретеміз», деп нақтылады ол.
Министрлік ғылымның дамуына ерекше назар аударып отыр. С.Нұрбектің айтуынша, алдағы үш жылда ғылымды қаржыландыру 3,5 есе артпақ.
Форум аясында Ғылым және жоғары білім министрінің инклюзивті білім беру мәселелері жөніндегі кеңесшісі Таңсәуле Серіков инклюзивті білім берудің ерекшеліктеріне тоқталса, Батырхан Бейсембеков, Олег Шишацкий секілді студенттер өздерін толғандырған ой-пікірлерін ортаға салды. Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Айгүлім Әбетова студенттердің психикалық денсаулығын сақтау және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова студенттердің дарындылығын басқарудың ұлттық моделі тақырыбында баяндама жасады. Іс-шарада студенттік стартаптар, жоғары оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында саламатты өмір салтын дамыту секілді мәселелер де сөз болды.