Жас қыз 19 жасынан уролитиямен ауырған. Аурудың осы түрі бүйректе, қуықта немесе уретрада (зәр шығару жолында) тастар пайда болу процесімен байланысты. Содан пациент бірнеше рет операция жасатқанымен, өкінішке қарай, ауру саябырламаған. Пациент хирургиялық әдіспен емделуді ойлап, бірнеше урологиялық клиникаға барғанымен клиникалық жағдайдың күрделі болғанына байланысты кері қайтқан. Амалы қалмаған науқас көпбейінді қалалық ауруханаға барады. Содан клиникада пациентке перкутанды нефролитотрипсия операциясы ұсынылған. Бұл операцияның ерекшелігі, науқаста жарақат көп болмайды. Яғни науқастың бел аймағын 1 см кесу арқылы жасалады. Онда бүйрек тастары лазердің көмегімен жойылады.
Қалалық урология орталығының жетекшісі Асқар Жашеновтің айтуынша, пациенттің бүйрек тастары эндоскопиялық әдіспен алынған. Операциядан кейін-ақ пациенттің беті бері қарап, жағдайы жақсара бастаған. Абырой болғанда қанның барлық көрсеткіші жақсы шығып, бүйрек қызметі қалпына келген.
– Нефролитиаздың күрделі формалары қиын. Егер науқас уақтылы емделмесе, бүйректің функционалды күйінің жоғалуына әкеледі. Нәтижесінде, терминалды бүйрек жеткіліксіздігі пайда болады. Мұндай жағдайда науқас жасанды бүйрек аппаратын қажет еді, – дейді директордың хирургиялық көмек жөніндегі орынбасары Юрий Пак.
Қазір пациенттің ахуалы жақсы екенін жоғарыда айттық. Оның жағдайын дәрігерлер жіті бақылап, амбулаториялық ем алып жатыр.