20 Маусым, 2014

Жақсылық

650 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кешегі Олимпиада чемпионы, бүгінгі бизнесмен  Ж.Үшкемпіров туралы бір үзік сыр Жаксылык 003 Адамгершіліктің ақ туын желбіретіп, қашанда бір қалыптан таймау екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт. Сол бақытқа бас­тайтын еңбекқорлық, төзімділік, шыдамдылық деп тізбеленетін адами асыл қасиетке тұла бойы тұнып тұрған кешегі Олимпиада чем­­пионы, бүгінгі бизнесмен Жақсылық Үшкемпіровпен жоспарлы мақаламызды жазу үшін кездесудің сәті Талдықорғанда түсті. Ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымына деген ілтипатын, құрметін өз аузынан естіп, көргенде сүйсінбеске лаж қалмады. Биязы мінезі, мейірімге толы қос жанары, жарқын жүзінен нұр төгіліп тұр. Құдды сом алтын іспетті жан  – Жақсылық аға  ашылып сөйлеген сайын көңіл толтырар деректердің қазақы құндылығы аршып алып қажетіңе жарата ғой дегендей, бірінен екіншісі асып  тұр. Әуелі Жақсылық Үшкемпіровтің кісілік келбетін  ашуға талпындық. «Қажымұқанды білмейтін қазақ бар ма?! Даңқты балуан туралы жазылған кітапты 5-сыныпта жүргенде жастанып жатып оқыдым. 1965 жылы Аманжол Бұғыбаев пен Әбілсейіт Айханов газет бетінен түспейтін еді ғой. Кітап пен газетке шұқшия қалсам әжем Бәтима ба­сымнан сипап мейірімін төге отырып, тұ­ла бойы­ма қазақы құндылықты сіңіре бергендіктен ерінуді білмейтін еңбекқор болып өстім. Ауыл жастары сынға түсер бәсеке – жоңышқа шабуда алдыма жан салмай, бір өзім 4-5 жігіттің жабыла істегенін тындырып тастайтынмын. 1968 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, зоо­техник мамандығын алып шықтым. Бір күні Ертіс өзенінің жағасына бардық. Біз құралпылас жігіттердің ең мықтысымен суға жүзуден  жарысып озып едім, ересектеу бір жігіт менімен жақын танысып, бұл жарысты бизнеске айналдырып алдық. Сол жарыстың пайдасын әскер қатарында жүргенімде көріп, сындарлы сәтте су астында 3 минут 58 секунд тұрып рекордты жаңаладым. Еңбекқорлықтың пайдасын үлкен спортта жаттықтырушылардың айтқанын бұлжытпай орындауда көрдім», деді Жақсылық аға. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, «Жақсылық» шаруа қожалығы 2006 жылы Балқаш ауданы, Ақжар ауылы  аумағында құрылған. 6000 бастан астам ет бағытындағы  қазақтың ақбас, «Санта-гертруда», «Әулиекөл» атты асыл тұқымды ірі қара малын, сондай-ақ, 1500 бастан астам қазақтың асыл тұқымды «жабы» жылқысын өсіреді. Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылында 1000 басқа арналған мал бордақылау кешені, мал сою цехы жұмыс істеп тұр. «Беларусь МТЗ-82», «ЖВП-4,9» жаткасы, «СЗ 3,6Л» тұқымсепкіш, әртүрлі маркадағы 5 дана жүк машиналары, 8 трактор, комбайн және тағы басқа ауылшаруашылық техникалары бар. Арпа, бидай сеуіп өсіріп жинап алады. Бұл жұмыстарды уақытпен санаспай атқарып, әмәнда басшыға деген құрметін көрсететін 45 адамның орташа айлық жалақысы 100 000 теңге. Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі  шетелдерден қыруар қаржыға сатылып әкелініп жатқан малдың жерсінуі болып отыр. Рас, әзірге  асыл тұқымды бұқалар  талапқа сай күтімде бағылып, селекциялық жолмен ұрығы алынып аналықтарға құйылуда. Сонымен қатар, асыл тұқымды малдардың мұздатылған ұрығы да мұхиттың арғы жағынан әкелініп пайдаланылуда. Енді сол малдың екінші, үшінші  тұқымы табиғи жолмен өсе ала ма? Негізі асыл тұқымды малды ғылыми және табиғи жолмен тең ұрықтандырып Жетісу жерінде жақсы жетістікке жетіп жүрген кейіпкеріміз туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбековтің сөзге тартқан едік. Жақсылық Үшкемпіров қазақтың біртуар перзенттерінің бірі. Спорттағы жетістіктері әлемге әйгілі. Бүгінде ол ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде жаңа бір қырын ашып, уақыт талабына сай бизнесті өркендетіп отыр. Әсіресе, мал тұқымын асылдандыруда ерекше еңбек сіңіріп жүрген азамат десек қателеспейміз. Негізі ол көпсалалы  шаруашылықтың тізгінін ұстап отыр. Жіктеп айтсақ, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы деп бөлінеді. Ірі қара, жылқы, түйе, қой өсіріп Мыңбаев ауылының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуде. Спорт кешенін салғаны өз алдына. Жақсылық Үшкемпіров бағып өсіріп отырған қазақтың ақбас асыл тұқымды сиыры 1960 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті қазақы сиыр мен америкалық «герефорд» тұқымды бұқаларын шағылыстырып ортасынан алынған асыл тұқымды ет бағытын­дағы ірі қара болып табылады. Бұл малдың ерекшелігі сол, шөлейтті жерде де, су жағасын­дағы қамыс құрақтың арасында да өмір сүру­ге бейім. Осы асыл тұқымды мал басын сақтап, өсіруге Жақсылық Үшкемпіров зор үлес қосты. Олай дейтінім, кеңестік дәуірден соң қолда бар малдың талан-таражға түскені, әркімнің мүмкіндігіне қарай бағылып, асылдығын жоғалта бастағаны мәлім. Міне, сол кезде Жақсылық Үшкемпіров қазақтың ақбас тұқымды малын жер-жерден жинап, өз бағымына алған-тын. Бүгінгі таңда табынымен жайылып жүрген сиырын айтпағанда, жылына 1000 бас ірі қараны бордақылап, сойып сатуға арнап жасалған кешені бар. Малдың басын сақтаумен бірге сапасына да жіті көңіл бөлетін ол бағымындағы сиырлардың әр жүзінен 90 бас бұзаудан алып отыр. Сөйтіп, мал шаруашылығының маманы ретінде де танылып, жоғары жетістіктерге жетуде. Сондықтан, «Жақсылық» шаруа қожалығы асыл тұқымды шаруашылық ретінде тіркелген. Жетісу жеріндегі шаруашылықтардың басым бөлігін асыл тұқымды бұқамен қамтамасыз етіп отыр. Бұқа және тайынша сату жұмысын да заңнама шеңберінде реттей білген. «Жабы» асыл тұқымды жылқысын да Жақсылық Үшкемпіров жақсы бағуда. Түптеп келгенде, қазақ баласы әу баста жабы тұқымды жылқыны үйретіп, пайдаланып, әспеттеп келе жатқаны тарихтан мәлім. Қазақ даласына жерсінген мал десек те, соңғы уақытта асылдығын жоғалтып бара жатқан еді. Сол олқылықты ұлтжанды азамат толтыруға талпынып отыр. Бұл қуанарлық жайт. Жабы жылқысы суыққа шыдамды, ыстыққа төзімді, тіпті, аштықты да көтере алатын ерекше жылқы. Екінші, бір қыры көлік ретінде пайдаланғанда көнтерлі. Жақсылық Үшкемпіровті ұлтжанды азамат дейтінім, қазақтың ұлттық сусыны – қымызды молынан саудаға шығарып, халық қажетін өтеуге жақсы еңбек сіңіруде. Жабы жылқысы тізесіне дейін қар жауса да тебіндеп жайыла береді. Жабы жылқысымен қазақы бір тәсілді байланыстырсақ, кезінде қалың жауған қарлы далаға әуелі жабы жылқысын жіберіп, оның артынан қой малын баққан. Сонда жылқы тебіндеп аршыған жайылымда ұсақ мал жайылған. Осынау қазақы тәсілді Жақсылық Үшкемпіров те кей жылдары пайдаланғанын білеміз. Жақсылық Үшкемпіров мал бақтым екен деп, табынымен сиырды алдына салып айдап жүрген жоқ. Мемлекеттік талапқа сай 2014 жылы 55 тонна ірі қара етін экспортқа шығаруға ниет етіп, міндеттеме алып отыр, деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков. «1990 жылы Елбасы «Жақсылық сен біріншісің, сен барлық жерде болуың керек» деп төрткүл дүниені аралауыма мүмкіндік жасады. Мақсат – қазақтың балаларының арасынан іріктеп, әлемдік доданы жарып шығып, дүниежүзілік аренада көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқататын балуандарды іздеп табу болды. Шыны керек, Моңғолияны аралап таппадым. Тек, Қытай жеріндегі қазақтардың арасынан бір-екі бала кездестірдім. Оның нәтижесін уақыт көрсетеді», деді ол. Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң адам ағзасы да  қажып, сырқаттанатыны ақиқат. Денсаулығына байланысты дәрігерлердің ұйғарымымен Жақсылық Үшкемпіровке ешкі сүтін ішіп емделу керек болады. Сонда Балқаш ауданының бұрынғы әкімі болған досы Әмір қасынан табылып, өзі басқарып отырған аудан аумағынан 1998 жылы 1000 гектар жер телімін заңдастырып алуына көмектеседі. Ешқашан ешкіммен ұрсысу түгілі дауыс көтеріп сөйлемейтін жанды құдай қолдап алдына 50 ешкі салады. Содан не керек, қанына сіңген қасиетімен еңбек етіп, табандылығынан танбайды. Денсаулығы да түзеледі. Адал еңбек өтеліп, Шекшеката тұқымын 500 басқа жеткізгені өз алдына, атакәсіпті жалғап жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрген кезінде құрдастары орталарына алып, «сен енді ірі қара бағуға көш, әйтпесе, ешкілі бай деген лақап ат қоямыз» деп қыспаққа алады ғой. Қазақтың «30 тістен шыққан сөз 30 рулы елге тарайды» деген сөзі ойына сарт ете түсіп, орынды ұсынысты бірден қабылдағанымен, ешкілі бай деген аты ел ішінде әлі айтылады. Оған ренжитін Жақсылық аға ма?! Байырғы әдетіне басып жұмсақ жымиып қойып жүре береді. Бұл әдет те палуанның бір қырын ашып, байсалдылығын бағамдатады. Сөйтіп намысқой, шыдамды, еңбекқор, табанды, ең бастысы, алдына ұмтылу, жаздай жадырап жүріп көздеген мақсатына жету қанында бар қасиет болғандықтан, уақыт талабына сай 2012 жылдан бері бизнесмен атанып шыға келді. Нәтижесін ел біледі. Бұл ретте Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің Жақсылық Үшкемпіровті қазақтың біртуар перзенті ретінде бағалап, әрдайым қолдап, көрсеткен көмегін айта кеткен жөн. Өйткені, біздің кейіпкеріміз қазақтың «жабы» тұқымды жылқысы мен ақбас  сиырын өсіруге ниет еткенін естігенде өте разы болып, барлық мүмкіндікті жасағанын ел айтуда. Малдың жерсінуі дегенде айтатын ой қазақтың ақбас сиырын табынымен, «жабы» тұқымды жылқысын үйірімен бағып отырған Жақсылық Үшкемпіровті үлгі тұтып, әрдайым қолдай білсек, нұр үстіне нұр болары анық. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.