Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, «Теңізден» босатылғандардың арасында тек Қазақстанда ғана емес, шетелдердегі компанияларда жұмыс істеуге ниет білдіргендер бар. Мәселен, 10 адам Ресей Федерациясындағы «Татнефть» компаниясына жұмысқа орналасқан. Ал «Велесстрой» компаниясы білікті мамандарды Ресейге, «Шлюмберже Лоджелко» жұмысшыларды Өзбекстан Республикасына жұмыс істеуге жіберген.
Әрине шетелге барып, мамандығына сәйкес жұмыс табу оңай емес. Десек те, іргедегі көршілес елдерге емес, ұшқан құстың қанаты талатын алыстағы Уругвайға кәсібінен нәсіп табуға барған атыраулықтар аз емес. Солардың бірі – Аймұрат Алдоңғарұлы.
Оның мамандығы – оқшаулаушы. Бір қарағанда, бұл қатардағы көп мамандықтың бірі саналады. Бірақ ірі жобаларға осы кәсіпті меңгергендер ауадай қажет-ақ. Дәл осы мамандықты жетік меңгерген Аймұрат Алдоңғарұлы бұрын бірнеше жыл «Теңіз» кен орнында жұмыс істеген. Алайда жобаның аяқталуына байланысты жұмыстан босатылған. Бірақ өз ісінің қыр-сырын білетін маман қол қусырып отырмай, жан-жақтан жұмыс іздей бастаған. Тіпті шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқан.
– Уругвай еліндегі Дурасно қаласының маңында жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Сол зауыттың құрылысында оқшаулаушы мамандығымен жұмыс істеп жүрген таныстарым бар. Солар арқылы жаңа зауыт құрылысын жүргізіп жатқан компанияға түйіндеме жіберген едім. Көп уақыт өтпей, компаниядан жұмысқа шақырту келді. Мұны өзіме берілген мүмкіндік ретінде қарастырып, көп ойланбастан, Уругвайға баруға жиналдым. Өйткені компания маған сенім артып отыр. Бұған «Теңіз» кен орнында жинаған тәжірибемнің септігі тигенін жасырмаймын. Жол билеті мен құжаттарды реттеуге жұмсалған шығынды компания көтеріп алды, – дейді Аймұрат Алдоңғарұлы.
Қазір онымен бірге литвалықтар, шведтер жұмыс істейді. Шетелдегі жұмысының «Теңіз» кенішіндегі жобадан айырмашылығы көп. Бұрын «Теңізде» түскі үзіліске берілетін уақыт ұзақтау болған. Тіпті арасында шай ішуге рұқсат берілетін. Ал Дурасно қаласындағы зауыт құрылысында талап дәл мұндай емес. Мұнда түскі ас ішу жарты сағатқа ғана созылады.
– Қазақстан мен Уругвайдың климатын салыстыру мүмкін емес. Қазір Дурасно қаласында күн ыстық болып тұр. Соған қарамастан, мұнда күніне 10 сағат жұмыс істеуге тура келеді. Шетелде жұмыс істегендіктен, жалақыда да айырмашылық бар. «Теңіз» кен орнындағы жобада жинаған тәжірибемнің пайдасын, әсіресе еңбек қауіпсіздігі жөнінде алған білімнің жемісін көріп жүрмін, дейді ол.
Үнемі алға ұмтылып, мақсатына жетуді көздеген Аймұрат Алдоңғарұлы алдағы жоспарымен бөлісті. Қазақстанға наурызда, не мамырда келуді жоспарлап отырған көрінеді.
– Бізде қарапайым мамандықты игерген қыз-жігіттер өте көп. Бірақ сондай мамандық иелерінің көбінде тек өз елімізде, мүмкіндік болса, «Теңіз», «Қашаған» секілді жобаларда жұмыс істеу қажет деген түсінік қалыптасқан. Шет тілін білсең, таңдаған мамандығыңды жетік меңгерсең, өзге елде де жұмыс істеуге болады. Тегінде, ізденген адам алға қойған мақсат-мұратына жетеді. Таңдаған мамандығымен жұмыс табады. Сол себептен, шетелге барудан, жұмысқа орналасудан тартынбау керек. Өйткені ел, жер көресің. Сол елдің мәдениетіне, тарихына қанық боласың. Шетелдегі компанияларда жұмыс істесең, тәжірибең де толыға түседі. Осының бәрі адамның бір орында тұрақтап қалмай, дүниетанымын кеңейтуіне, алға жылжуына ықпал етеді, – дейді А.Алдоңғарұлы.
Атырау облысы