Партия • 16 Ақпан, 2023

«Respublika» кандидаттары нақтыланды

545 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының он үшінші отырысында «Respublika» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін тіркеп, барлық талапқа сай келеді деп мәлімдеді. Осымен құзырлы мекеме сайлауға түскелі отырған 7 саяси партияның үміткерлерін тіркеуді аяқтады.

«Respublika» кандидаттары нақтыланды

Жалпы, «Respublica» партиясы ал­да­ғы Мәжіліс сайлауына 29 адам­ның кандидатурасын ұсынған еді. Алайда тізімнен 6 адам шығарылды. ОСК сайлауға аталған партияның 23 кандидатын тіркеді. Оның 8-і – әйелдер, жастар және мүмкіндігі шек­теулі жандар. Осылайша, пар­тиялық тізімге міндеттелген топтың талаптарын «Respublica» 34,8 пайыз көрсеткішпен орындап отыр.  

– Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясында екі кандидаттың партиялық тізімінен өз еркімен шығару туралы өтініші ресми түрде тіркелді. Дархан Серікұлы Иманашевтың 2023 жылы 10 ақпандағы өтініші 14 ақпанда келіп түсті. Сондай-ақ Олжас Абазұлы Сұлтановтың 11 ақпандағы өтініші Орталық сайлау комиссиясына 14 ақпанда түсті. «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 90-бабының 1-тармағына сәйкес «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінен олардың өтінішімен Дархан Серікұлы Иманашевты, Олжас Абазұлы Сұлтановты шығару бо­йынша ОСК өз құзыреті шеңберін­де тиісті шешімдер жобасын да­йын­дады. Осыны ескере отырып пар­тия­лық тізімге 23 адам тіркелді», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.

Еске салсақ, осыған дейін «Respublica» партиясы тізімнен 4 адам­ды алып тастаған еді. Олар­дың арасында бір мандатты жүйе бо­йынша ұсынылған канди­дат, пар­тияның тең төрағалары­ның бірі Сырымбек Тау бар. Кандидат­тар­дың сайлауға қатысудан бас тарту­лары ешқандай да саяси жағ­дай емес, олардың жеке басы­ның мәселелеріне байланысты екенін атап өтті «Respublica» партия­сының төрағасы Айдарбек Хожаназаров. Ал партия мүшесі, кәсіпкер Сырымбек Тау «Ағайын, барлық жылы лебіз бен қолдауға алғыс айтамын. Маған кездескен әр­бір қолайсыздық мені келесі қадам­ға қамшылайды! Мен сайлау­дан шет­тетілсем де, «Respublica» пар­тия­сынан кетпеймін», деп мәлімдеді.

Сондай-ақ «Respublica» пар­тия­сы әрбір кандидаты үшін сайлау жарнасын төлеуге міндеттелді.

– «Respublica» партиясы осы­ған дейін өткен Мәжіліс сайлауына қатыс­пады, осыған орай «Сайлау тура­лы» Конституциялық заңның 89-ба­бына сәйкес партия тізімін тір­кеу үшін ОСК шотына сайлау жар­­на­­сын енгізуге тиіс. Жарна сома­сы т­ізім­­дегі әрбір азамат үшін ең тө­мен­гі жалақының 15 еселе­ген мөл­­шерін құрайды. Қазір «Respub­lica» пар­­тиясы сайлау жарнасын то­лық көлем­де төледі, – деді Шавкат Өтемісов.