Айта кетейік, гала-балетке Ағылшын ұлттық театры, «Астана Опера», Үлкен театр, Кремль сарайы, Михайловский театры, Нидерланд ұлттық балеті, Берлин мемлекеттік балеті секілді әлемнің жеті театрынан 12 прима-балерина мен этуальдер қатысты. Концерттің бірінші күнінде Лимассолдағы (Кипр) «Паттихио» театрында көрермендерге классикалық және заманауи балеттен үздік нөмірлер ұсынылды. Бұл бағдарламаны Галаның көркемдік жетекшісі, Үлкен театрдың премьері Игорь Цвирко жасаған. Ал 15 ақпанда отандасымыз ел астанасындағы Никосия муниципалдық театрында өнер көрсетті.
– Celebrity ballet gala ұйымдастырушыларымен бұрыннан таныспын. Олар менің өнерімді бағалап, осы балет кешінің қонағы болуға шақырды. Мұнда дүние жүзінен үздік бишілер жиналды, оларды заманауи балет өнерінің қаймағы десек болады. Осынау керемет мәдени кешке қатысып, «Астана Опера» театрын таныстырып жатқаныма қуаныштымын, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан.
Кипрліктер оның орындауындағы Сенкингтің музыкасына «In the wake» заманауи нөмірі мен Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін жылы қабылдады. «In the wake» нөмірін Бақтияр Адамжанға осыдан бірнеше жыл бұрын атақты заманауи қытайлық хореограф Исян Чжан арнаған болатын. Ал нөмірдің басы мен соңын Бақтияр Адамжан өзі ойлап тапқан.
Жалпы, шетелдік сахналарда жиі өнер көрсететін Бақтияр Адамжан үнемі мамандардың жоғары бағасын алып жүр. Танымал балетмейстерлер оның техникасы мол екенін, шеберлігін бірден байқайды. Көбісін бишінің биік секірулерінен бірде-бір дыбыс шықпайтыны таңғалдырады. Осылай дыбыссыз секіретін қабілеті үшін Бақтияр Адамжан бірнеше Үлкен театрда «Мысық» деген лақап атқа ие болды.
«Астана Операның» жетекші солисі қай шығарманы орындаса да, әрдайым ерлер биінің мәдениетін сақтайды. Жыл басынан бері балет жұлдызы бірқатар халықаралық жобаға қатысып үлгерді. 28 қаңтар мен 4 ақпан аралығында ол сахнадағы жұбы – «Астана Опера» театрының солисі Шұғыла Әдепханмен Сидней, Брисбен және Мельбурнде (Аустралия) өткен Ballet International Gala әлемдік шоуында өнер көрсетті. Балеттік жұп жасыл құрлық тұрғындарын осымен үшінші рет таңғалдырып отыр.
Сондай-ақ Ballet International Gala-дағы өнері аясында Бақтияр Адамжан осы саладағы жас әртістерге шеберлік сағатын өткізді. Әңгіме барысында биші тамызда Аустралияға төртінші рет өнер көрсетуге шақыру алғанын айтты. Бұдан бөлек оны алдағы 1-2 сәуірде Италияның Болонья қаласында өтетін «Этуальдер» гала-концертінде күтеді.
– Алда көп жоспар бар. Түрлі халықаралық жобаларға қатысуға шақыру түсіп жатыр. Қазанда Женевада Иоганн Себастьян Бахтың музыкасына «Жасөспірім және өлім» балетінің премьерасы өтеді, ол жақта да өнер көрсетуге ұсыныс алдым. Айтайын дегенім, жобалардың арасынан беделдісін таңдауға мүмкіншілік бар. Оларға «Астана Опера» театрынан әріптестерімді қатыстыруға тырысып жатырмын, – дейді ол.
Әлемнің әр түкпірінде өтетін спектакльдер мен гала-концерттерден бөлек балет жұлдызы театр репертуарындағы қойылымдарға да қатысады. Бақтияр Адамжан көрерменге наурызда ұсынылатын хореография жауһары – М.Жаррдың музыкасына Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетінде сахнаға шығады.