Қоғам • 17 Ақпан, 2023

Құлқын жұтқан жол

287 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміз жерге ғана емес, жолға да бай. Құс қанаты талатын, ат тұяғы тозатын арақашықтықты жалғап тұрған жолдың жа­йын сипаттағанда мақтаннан гөрі, мазасыздық сезімі билейді.

Құлқын жұтқан жол

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өйткені ауыл мен қаланың, өңір мен аймақтың арасындағы қатынас жолының жай-күйі жақсы емес. Өкінішке қарай, жол құрылысының төңірегі елдегі сыбайлас жемқорлыққа белшеден батқан сала болып отыр.

Дерекке қарасақ, Қазақ­стандағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды екен. Оның ішінде республикалық деңгейдегі жолдың ұзындығы 25 мың шақырым, ал ішкі қатынас жолының үлесі 71 мың шақырым шамасында екен. Бір қызығы, біз қанша жерден жол сапасына қатысты шағымданғанымыз­бен, дүниежүзілік өлшем талаптары бойынша еліміздегі жолдардың жай-күйі жаман емес сияқты. Мысалға, әлемнің 141 мемлекетімен салыстырып шығарған рейтингте Қазақстан 93-орыннан көрінген. Бұл елдегі жолдардың сапасы Латвия, Ресей, Украина, Қырғызстан сияқты елдерге қарағанда тәуір дегенді білдіреді. Ал отандық мамандардың зерделеуі бо­йынша республикалық иеліктегі жолдардағы сапа деңгейінің нормативті көрсеткіші 89 пайыз болса, ішкі жолдарда 75 пайызға жеткен.

Дегенмен жол азабын жүрген біледі. Дәл осы жол құрылысының уақытында аяқталмауы мен сапасыз жөнделуі аймақтағы жұрттың ашу-ызасын тудырып, оқыс әрекеттер жасауға дейін жеткізгені рас. Өзіміз куә болған оқиға Алматы облысының Райымбек, Кеген аудандары аумағындағы жолдарға қатысты болып еді. Қала мен ауыл арасындағы жолдың сапасына көңілі толмаған жұрт ереуілге шығып, көлік жолын жауып тастаған болатын.

Сол кезде ашулы жұртты «Қазав­то­жол» компаниясының басшылығы жұбатып, көл-көсір уәде беріп таратқан еді. Компания «Республикалық маңы­зы бар Кеген – Нарынқол автомобиль жолының жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды, сипаты бойынша III техникалық санатқа жатады. Жол 1970 жылы салынған, Алматы облысындағы Кеген және Райымбек аудандары арқылы өтеді. Жолды орташа жөндеу жұмысы 2016-2017-жылдары жүргізілді. Қазір тас жолдың 35 шақырымы бойынша іргелес елді мекен тұрғындарынан бірқатар шағым түсті. Жолды қайта жөндеу 2023 жылға жоспарланған. Орташа жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ресайлдеу әдісі қол­данылмақ. Жолды күтіп-ұстаумен «Қазақавтодор» мекемесінің мердігер ұйымы айналысады. Жолдағы 9 мың шаршы метр шұңқыр жөнделіп, жол белгілері, белгі бағаналарын ауыстыру сияқты жұмыс жүргізілді» деп ақпарат берген. Ауыл арасындағы жолдың құрылысы биыл да жалғасады, ал сапасы туралы қазір айтуға ерте.

Бір қызығы, Алматы облысы жо­лы нашар аймақтардың тізіміне кір­мейді екен. Бірер жыл бұрынғы дерек бойын­ша елдегі жолы жоқ немесе жол құрылысына қатысты дау-дамайы көп облыстардың бестігіне Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды және Ақтөбе облыстары еніп тұрған көрінеді. Мамандар осы аймақтардың ішінен Батыс Қазақстан облысын бөлек қарастырған, өйткені бұл өңірдегі жергілікті жолдың жалпы ұзындығы 5 140 шақырымды құраса, оның 71,3 пайызына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуге тиіс.

Жол сапасына қатысты сыннан Жетісу облысы да ада емес. Бұл өңір­дегі жолдың жайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен жолыққанда да сөз етті. «Біріншіден, жолдардың сапасы маңызды, бірақ құрылысты да кейінге қалдыруға болмайды, себебі бұл жергілікті халықтың өмір сүру сапасына және қоғамдық көлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.Облыста жол апаты салдарынан 61 адам қаза тапты. тоғыз айда жол-көлік оқиғаларының салдарынан болған апаттар. Бұл қорқынышты көрсеткіш. Елде жол-көлік оқиғалары, соның ішінде қаза тапқандар саны артып келеді. Біз бұған нүкте қоюымыз керек», деген Президент өз сөзінде.

Биыл ел бойынша 11 мың шақырым жол жөнделуге тиіс. Бұған 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Өкі­нішке қарай, бұл міндет орындалмай қалуы мүмкін. Өйткені бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуы мен құ­ры­лыс жұмысын жүргізетін компа­ния­лардың қызметіне қатысты мәселе туындап отыр. Жол саласына қатысты мұндай заңсыздықтың бірер мысалын Бас прокуратура жария етті. «Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде прокуратура органдары көлік жолдары саласының жай-күйін тексерудің қорытындысын шығарды. Бұған дейін баспасөзде көлік жолдарын салу және жөндеу кезінде жымқыру және сыбайлас жемқорлықтың көптеген фактілері анықталғандығы туралы хабарланды. Құқық бұзушылықтар бюджет қаражатын заңсыз шығару схемаларында көбінесе бір мердігер ұйымдары болған» дейді құзырлы орган таратқан мәліметте.

Мысалға, осындай жауапсыз фир­малар­дың бірінің өкілдері Ақмола облысына қарасты Қоянды кентінде жасалуға тиісті күрделі жөндеу және жергілікті жол құрылысын аяқтамай, 907 млн теңгені жымқырып қалуға тырысқан екен. Тек прокуратураның араласуынан кейін ғана мердігермен жасалған келісімшарт бұзылып, іс сотқа дейінгі тергеп-тексеруге жіберілген.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген 423 млн теңгені жымқырды деген айыппен Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің және жергілікті мердігер мекеменің басшылары қамауға алынып, жауапқа тартылды. Ымыраласқан топ жөндеу жұмыстарын қабылдау туралы жалған актілер жасап, мердігердің шотына миллиондаған теңге қаржы аударып отырыпты.

«Мемлекеттік сатып алу бойынша өнім жеткізушілерді таңдау кезеңі деген талап бар. Осы талаптың автожолдар құрылысына қатысты тұсы жемқорлықпен байланысты болатыны анықталды. Мәселен, Ақмола облысы, Аршалы ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Екатеринбург – Алматы авто­банынан Берсуат ауылына дейінгі учас­кені күрделі жөндеу бойынша 1,1 млрд теңгеге заңсыз шарт жасасқан. Прокурорлық қадағалаудан кейін ол жұмыстан босатылды», дейді Бас прокуратура өкілдері.

Жалпы, прокурорлар жол жөндеу мен салуға бөлінген бюджеттің негізсіз шығындарын анықтап, жемқорлықтың жолын кесуге ерекше назар аударып отыр. Сондай бір істе Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында жөнделген учаскеге 148 млн теңгеден астам бюджет қаражатын артық жұмсау фактісі анықталып, шығынның алды алынған. Ал бұған жол берген лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жазаға тартылыпты.

«Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 300-ден астам заң бұзушылық анықталды, 30 млрд теңге сомасына бюджет шығындары үнемделді, мем­лекет кірісіне 2,5 млрд теңге өтел­ді, 29 қылмыстық іс қозғалды, 305 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды» дейді прокурорлар есебінде.

Айтпақшы, ел ішіндегі үлкен, кіші жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына жөндеу мен құрылыс жұмысын орынсыз жоспарлау, талапқа инновациялық әдістердің енгізілмеуі және қолданылатын құрылыс материал­дарының сапасының төмендігі тікелей әсер етеді екен. Осыған байланысты Бас прокуратура Үкіметке қадағалау актісін енгізіп, жол құрылысын жоспарлауға қатысты шетелдік озық тәжірибеге негізделген бастамаларды қарауды ұсынып отыр.

Тоқетерін айтқанда, елдегі жолдың сапасы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпе тәрізді» деген қатаң сынынан кейін салада оң өзгеріс байқала бастаған сияқты. Қазір жол сапасы мен құрылысына қатысты қоғамдық бақылауды күшейту үшін «Әділдікті талап ет» акциясы басталды. Бұл бастаманы «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тікелей қадағалауға алған.