Құқық • 16 Ақпан, 2023

Қорғаушының қызметі: Тегін көмектің тізіміне не кіреді?

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күнделікті өмірде күрмеуі көп күрделі мәселеге тап болатындар аз емес. Қандай да бір құқықтық кедергі туындай қалса адвокат көмегіне жүгіну тәуір қаржыны талап етеді. Мемлекеттік қолдау аясында азаматтардың кейбір санатына заңгер көмегі тегін көрсетілетінін көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Қорғаушының қызметі: Тегін көмектің тізіміне не кіреді?

Мәселен, өткен жылы 14 500 ал­маты­лық білікті мамандардың мем­лекет кепілдік берген ақысыз көме­гіне жүгін­ген. Мұндай қолдауға ие болуға кімдер құқылы? Бұл туралы Ал­ма­ты қалалық Әділет департаменті бас­шы­сы­ның орынбасары Берікбол Сәменов айтты.

– Конституция мен заңдарға сәй­кес азаматтардың әкiмшiлiк және қыл­мыстық сот iсiн жүргiзу кезiнде сапалы заң көмегiн алуға құқығы бар. Оған бюджет есебінен мемлекет кепілдік берген. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық кеңес беру, соттар мен қылмыстық қудалау органдарында жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру нысандары бойын­ша көрсетіледі. Азаматтар адвокаттар мен нотариустардың, сондай-ақ жеке сот орындаушылардың көмегін – али­мент, зейнетақы мен жәрдемақы өнді­ріп алу, оңалту, босқын немесе кандас мәртебесін алу, ата-анасының қам­­қорлығынсыз қалған кәмелетке тол­мағандар, жыныстық зорлық-зом­бы­лық құрбандары, адам саудасына, ең­бек­пен байланысты денсаулығына келті­рілген зиянның немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарынан келтірілген шығынды өтеу мәселелері бойынша тегін ала алады. Тиісті қол­дау Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тысушыларға, сондай-ақ соғысқа қаты­сушыларға теңестірілген адамдарға, басқа мемлекеттер аумағындағы со­ғыс қимылдарына қатысушыларға, әске­ри қызметшілерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, зейнет жасындағы азаматтарға, кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған тұлғаларға да көрсетіледі, – дейді Берікбол Сәменов.

Әділет органының өкілі атап өткен­дей, адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылар қызметін жоғарыдағы санатқа кі­ре­тін әрбір азамат тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан ел ау­мағында пайдалануға құқылы. Әр аймақта азаматтардың мұң-мұқтажына жауап беретін арнаулы орталықтар бар. Айталық алматылықтар құқықтық кеңес алу үшін қалалық адвокаттар алқасына келуі қажет. Қазіргі уақытта қалада 15 заң консультациясы жұмыс істеп тұр. Олардың мекенжайымен Алматы қаласы Әділет департаментінің ресми сайты арқылы немесе 119 және 1414 құқықтық-ақпараттық қызмет нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге болады. Сонымен қатар аталған қызмет бүкіл ел аумағы бойынша телефон байланысы арқылы да жүзеге асады.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімі жыл сайын мерзімді басылымдарда жарияланып отырады. Алматыда бұл іске 336 адвокат жұмылдырылған. Шаһарда халыққа кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегін көрсету үшін биыл 250 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. «Адвокаттар көрсеткен қызметі әкімшілік және азаматтық сипатта болса жұмысының бір сағаты үшін 0,56 АЕК көлемінде, ауыр қылмыстық іске араласса 0,76 АЕК дәрежесінде мемлекеттен ақы алады», дейді мамандар.

 

АЛМАТЫ