Қазақстан • 17 Ақпан, 2023

Табиғат пен тағдыр сынағы түркі елдері бауырластығын арттыра түсті

237 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мыңдаған адамның өмірін жалмаған Түркиядағы жойқын зілзала көптеген елді бейжай қалдырмай, қауіпсіздік әрі сақтық шараларын күшейту қажет екенін аңғартқаны белгілі. Мұның астарынан саяси сипат іздеп, түрлі пікір білдіргендер де бар. Алайда адамгершілік тұрғысынан алғанда әр нәр­сенің нәтижелі боларын білгенімізбен, болашағына бо­йлай бермейтініміз бар. Мәселен, Түркияның басына түскен қасірет түркі елдерінің бір-біріне бауырластығын арттырып, байланысын бекіте түсе ме?

Табиғат пен тағдыр сынағы түркі елдері бауырластығын арттыра түсті

Өткен жылы Түркия прези­ден­ті Режеп Тайип Ердоған Қа­зақ­­с­танға жасаған ресми сапа­ры кезінде бірқатар депутат БАҚ-қа пікір білдіріп, екі ел бай­ла­нысының маңызын атап өткен еді. Экс-сенатор Нұржан Нұрсипатов «Түркия – түркі ел­де­рінің ішіндегі тұрғындар саны жағынан ең үлкен мемлекет. Қазақстанның егемендігін ең алғаш мойындаған ел. Оның үстіне Түркияда бірнеше мың қазақ қоныс тепкен. Сондықтан бұл елмен байланысымызды арт­тыруымыз аса қажет. Түрік­тер­ден үйренетін дүние көп», деді.

Сондай-ақ медиа-волонтер, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Әлия Әбсеметова «Түбі бір түркі халықтары ретінде екі ел бір-бірін жақын тартуы түсінікті. Осы жағынан алғанда Түркия билігі де Қазақстанды қолдап, үнемі қамқорлық танытып, кез келген жағдайда кө­мек қолын созуға даяр екенін көр­сетіп жүр. Тіліміз де, дініміз де, сенім-нанымымыз да бір-бірі­нен ажырамайтын деңгейдегі мем­лекеттердің бірі. Сондықтан Қа­зақстан үшін Түркиямен қарым-қатынасты нығайта түсу­дің мәні зор», деп ойын ортаға салды.

Түркияда табиғи апат болған кезден бастап ел белсенділері халықты қамқорлыққа шақырып, көмекке ұмтылды. Жиған-тер­ген көмегін Газиантеп, Қахар­манмараш қалаларына жөнелтті. Мұның барлығы саяси, эко­но­­микалық қарым-қатынас­ты ысы­рып тастап, алдымен адам­гер­шілік, қамқорлық танытуға ұмтылыс емес пе?

Қазір елімізден аттанған ерік­ті топ Түркияның оңтүстік-шы­ғы­сындағы Адана, Хатай, Қа­хар­манмараш, Газиантеп қала­ла­рында жүр.

– Қахарманмараш қаласын­да­ғы ғимараттардың 70 па­йызы құлаған. Барлығы жер­мен-жексен болған. Кейбір аман қалған үйлер бар. Бірақ оларға адамдар кірмейді. Себебі құлап кете ме деп қорқады. Өйткені әлсін-әлсін жер сілкінісі қайталанып тұр. Мысалы, кеше түнде тағы жер сілкінді. Аздап сезілді. Кіші­гірім жер қозғалысының өзі қа­быр­ғалары сөгіліп, құлауға шақ тұрған ғимараттарға өте қа­уіпті болып тұр. Хатай қаласы да түгелге жуық қирады. Ал Га­зиан­­тепте аман қалған үйлер, ғи­­мараттар бар, – дейді түрік бауырлардың жағдайынан күн сайын хабар таратып жүрген жур­налист Нұрбек Бекбау.

Сондай-ақ қазір 3 провинция­да құтқару-іздеу жұмыстары аяқ­талды. Мәселен, Адана қала­сын­да 10-ға жуық ғимарат құлап, 34 адам қиранды арасынан шығарылып, 438 адамның денесі табылған. Жер-жерден барған құтқарушылар қираған ғимараттарды аршып үлгермей жатыр, аршылмаған үйінділер әлі де көп. Тіпті кейбір елді мекендерге құтқарушылар әлі барып үлгермеген. Ғалымдар қиранды астында 80 мың адам жатыр деп болжап отыр.

– Қазақстаннан киіз үй тіге алатын 10 шақты жігіт келдік. Сондай-ақ 70-ке жуық ерікті бар, олар – осы елде оқитын және жұмыс істейтін жастар. Бір киіз үйге шамамен 20 адам сияды. Осылайша, 1 мың­дай адам­ды қамти аламыз. Азық-түлік жеткілікті. Себебі әлем­нің көптеген елінен гу­ма­нитарлық көмек келіп жатыр. Біз киіз үй тігіп, ас-ауқат дайын­дап, көмек­те­суге келген топпыз. Түр­кия – адам ресурсы көп мемлекет. Сондықтан шетелден ешқандай ерікті топты кіргізіп жатқан жоқ. Киіз үй құрып бере­тін бол­ғандықтан ғана шекарадан өткіз­ді, – деді еріктілер қызметін сөз еткен журналист.

Елімізден барған құтқару­шы­лар болса зардап шеккен қа­ла­лардың барлығында іздес­ті­ру-құтқару жұ­мыстары толық аяқ­талғанша ат салысады.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Түркияға тағы 55 тон­на гуманитарлық көмек жіберілді. Бұдан бөлек облыс­тар да өз беттерінше қолдау көр­сетіп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірден Түркия жеріне 11 тоннаға жуық алғашқы гуманитарлық көмек жіберілген. Жүктің жалпы құны 30 миллион теңгені құрайды. Жүк Ақтөбе халықаралық әуежайынан тікелей Түркияның «MNG» әуе ком­паниясының ұшағымен Ыс­танбұлға жеткізілген. Онда аса қа­­жетті жылы киім-кешектер, азық-түлік, балаларға арнал­ған тағамдар, төсек-орын жаб­дық­­тары, тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар бар. Қа­йы­рымдылық іс-шарасына Ақ­тө­бе облысының тұрғындары мен волонтерлері, бірнеше ірі кәсіп­керлік мекеме үлес қосқан. Алдағы аптада Түркия­ға Түркістан, Маңғыстау облыс­тары мен Шымкент қала­сы­нан гуманитарлық көмек көр­се­тіл­мек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел өңірлері ба­уыр­лас елге қолдау көрсетуді жал­­ғастырады.

Осылайша, Қазақ елі түрік аға­йын­дарға қамқорлық көр­се­тіп, алдымен адамгершілік ниеттерін танытып жатыр. Жал­пы, Түркия барлық түркі ел­деріне қамқор болатын ел десек, артық болмас. Өйткені әлемдік аренада орны ерекше. Дәстүр, мәдениетіміз ұқсас, дініміз бір. Жоғарыда айтып өткен сарапшылар пікірі де Түрік елімен бір болып, онсыз да бауырлас елге жақындай түсуімізді айғақтайды. 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024